«Мұзбалақ» Дәулеттің бейнесін аша алды ма?
Жақында Семейдің Абай атындағы драма театрында еліміз театрлары үшін тың саналатын спорт тақырыбында жаңа қойылым сахналанды.
«Мұзбалақ» деп аталатын поэтикалық қойылымға белгілі балуан, жерлесіміз Дәулет Тұрлыхановтың спорттық ғұмырының тарихы арқау етіп алынған. Поэма авторы ақын Айбек Сапышев болса, қоюшы режиссер – Бауыржан Төлеков. Сахна шымылдығы жас Дәулеттің түсіне Ақтамберді, Қабанбайдай батыр бабаларының аян беруімен ашылады және осы сәттен көптің тілегі болған баталы ұлдың өміріне үлкен өзгеріс енеді. Қойылым авторының мақсаты да сол – елінің ұлы тілегіне бар өмірін, жүрегін арнаған Дәулет арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Айбек САПЫШЕВ, қойылым авторы:
– Бұл поэма еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған. Негізгі мақсатымыз – даңқты балуан Дәулет арқылы ұрпақтың шымыр болып өсуіне, елін сүйіп өсуіне тәрбиелеу. Дені сау ұрпақ – қазақ елінің ертеңі, қуат-жігері, намысы бар ұрпақ. Бұл шығарма арқылы Дәулеттің жүрген жолын, жеткен жеңісін, көрген әділетсіздігін көрсетуге ұмтылдық.
Қанат РАМАЗАНОВ, көрермен:
– Қойылымда Дәулет корей балуанымен жекпе-жекке шығады да, жеңіледі. Балуанды жақтап тұрған жастар: «Жарайсың, Дәулет! Қазақстан!» – деп айқайлайды. Екеуі бір-біріне қабыспайтын, кереғар дүниелер. Өз басым көзі тірісінде бір адамның ғұмыры туралы қойылым қойғанды бірінші рет көрдім. Қазақта Мұстафа Өзтүрік, Бекзат сынды қыршын кеткендер жетерлік.