Мұқағали балалар тақырыбына кездейсоқ қалам тартқан жоқ
...Жаратушы иесі тумысынан бөлекше дарынмен даралаған ақиық ақынсыз күн кешіп жатқанымызға, міне, биыл 36 жыл болды. Бірақ өзі кеткенімен, туған халқының жүрегінен оның асыл жырлары кеткен жоқ. Ол бақилық болғалы қаншама уақыт өтсе де, Мұқағали тілімен талай сырлар айтылды, адалдық пен адамгершілік, достық пен махаббат, торығу мен түңілу жөніндегі талай парасатты ойлар төгілді. Мұқағали жырынан әркім өзінің мұңын, мінін, үмітін тапты. Сөйтіп, ол әр буынның етене жақын сырласына, шын мәнісіндегі өз ақынына айналды. Басқаша айтқанда, Мұқағали данамен данаша, баламен балаша сөйлесе білді. Бірақ біз осы бір жайтты саралап, салмақтай алдық па? Әсіресе, ақынның балаларға, жалпы, жас жеткіншектерімізге патриоттық рух беретін, сондай-ақ елшілдік, ұлтшылдық санасын оятатын, намысын жанитын отты өлеңдері қаншалықты көзге ілініп жүр?
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Әдетте, көпшілік қауым Мұқағали Мақатаевты ересектерге арналған өлеңдері арқылы таниды, ал «балаларға арнайы жазбаған» деп есептейді. Содан да болар, ақынның Отан, туған ел, туған жер, тау, дала, тіл, діл, сан алуан адами асыл қасиеттер дәріптелетін бекзат болмысты жырлары назардан тыс қалып қояды. Яғни:
«Мектебің мынау, класың,
Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың»
немесе:
«Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған...» деген тәріздес бірен-саран өлеңдерінің бастауыш сыныптың «Әдебиеттік оқу» кітабына енгені болмаса, жалпы, Мұқағали Мақатаевтың бұл реттегі өлеңдері жан-жақты зерттеліп, арнайы топтастырылған емес. Мұқағалидың балалар үшін аса бағалы жырлары тіпті 2008 жылы «Балауса» баспасынан Оразақын Асқардың құрастыруымен жарық көрген «Күміс кебеже» (қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері) жинағынан да сырт қалған. Абай, Ыбырай, Жамбыл бабаларымыздан басталып, О.Асқар, Ә.Асылбеков, С.Қалиұлы, Б.Серікбайұлы сынды ақындарға жалғасатын осы тізімнің бел ортасында Мұқағалидың тұрмауына бірден-бір себеп – ақынның балаларға арналған өлеңдерінің маңызына жете мән берілмеуі.
Осындай жайттардың салдарынан жас жеткіншектеріміз Мұқағали поэзиясынан өздеріне нағыз керекті нәрсені ала алмай жүр. Мысалы, дәстүрлі түрде өтетін «Мұқағали оқуларында» ақынның «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Моцарт. «Жан азасы» секілді басқа да кесек туындыларынан, өздері түсінсін, түсінбесін, үзінді оқитын балалар да бар. Бұл ретте, Мұқағалидың сол балалардың өз жасына, танымына лайық жырларын бөлек топтастырып, тартымды жинақтар түрінде ұсына білсек, артық болмас еді.
Осы орайдағы тағы бір мәселе – Мұқағали шығармашылығын балалар поэзиясынан бөлек қарастыру, былайша айтқанда, ол балалар тақырыбына да қалам тартқан дегенді қомсыну, қораш көру әдетінен арылсақ. Рас, Мұқағали, Сұлтан Қалиев айтпақшы, әйтеуір, өлеңнің ұйқасын келтіру үшін өзгелер сияқты жоқты-барды теруге әуестенген ақын емес. «Оның әрбір сөзі, әрбір ойы маржандай күйінде өздігінен құйылып түсіп жатады. Сол үшін де ол үлкенге де, кішіге де бірдей түсінікті. Яғни Мұқағалида жұрт ұқпай қалатын сөз жоқ». Қалай дегенмен де, оның тақырыбы, айтар ойы тұрғысынан балаларға лайықты шығармалары жетіп-артылады және оларды кішкентай оқырмандардың білгені, көкейге түйіп өскені әлдеқайда маңызды. Сол сияқты, Мұқағалидың балаларға, жалпы тыңдарман қауымға арналған өлеңдерінің ән болып әуелеп, талай буынның құлағына сіңісті болғаны да қаншама! Осы орайда:
«Нұрын төккен маған,
Шуағымсың – сен!
Айналайын, мама,
Қуанышыңмен!
Шаттандырған мені,
Жұбанышым – сен!
Құттықтаймын сені
Туған күніңмен!..» – деп басталатын танымал жырын, «Саржайлау», «Сәби болғым келеді» тәрізді шығармаларын музыка пәнінде болса да оқушыларға үйретуге, айтқызуға не кедергі?
Мұқағали ағаның көптеген өлеңінде балалықты сағыну сезімі басым. Бал дәурен шағын аңсаған адам, әдетте, не істейді? Баламен балаша сырласады, оның өз тілінде сөйлеседі. Ол да сөйтті. Яғни ақынның балалар тақырыбына қалам тартуын кездейсоқ нәрсе деп бағалау қисынсыз.
«Ақ ұлпа жерді жапқанда, Ағаштар сырға таққанда...» Мұқағали ағаны біз осылай еске алдық. Және әрдайым еске ала да береміз. Себебі өзі болмағанымен, ақынның өлмес мұралары – әрдайым біздің жанымызда, жадымызда...