«Менің басты мақсатым — елге ұнайтын фильм түсіру»

«Менің басты мақсатым — елге ұнайтын фильм түсіру»

Кино қоржынымыз әзірге ортан қол дүниелермен ғана толып тұр

Тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық рухты оятатын тиімді құрал көркем дүние десек, осы жолда, тарихи мәліметтерге тұнған деректі фильмдері мен жастарды адамгершілік пен мейірімділік сынды тәрбиеге баулитын кинотуындыларын халыққа ұсынып жүрген, көпшілікке белгілі режиссер Еркін Рақышевтің еңбегін елемеу қиянат болар еді. Әу баста «Жаралы сезім», «Жетімдер» фильмдері арқылы көпшілікті тәнті еткен режиссер, «Астанаға көктем кеш келеді», «Ұзақ өмір сүргің келсе»,  «М-Агент», көп сериалы «Айша» және басқа көптеген туындыларымен қатар, «Ашаршылық», «Т.Рысқұлов», «Темір нарком Темірбек», «Қажылық» сынды деректі фильмдерімен көпшілік алғысына бөленіп жүр. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді емес пе халық даналығы, «ұлтым» деп, еліне қызмет етіп жүрген осындай азаматтарымызды бағаламау — өзімізге сын.


— Еркін аға, жақында ғана елімізге белгілі бір басылымда «Алаш қайраткерлерінің астыртын ұйымы болған» деп, көпшілікті елеңдеттіңіз. Бірақ қолымда нақты құжат жоқ дейсіз… Өз сөзіңізді жоққа шығарғандай көріндіңіз.
— Иә, менің қолымда ұлтшыл қайрат-керлеріміздің 1930-жылдары астыртын ұйым құрғаны жөніндегі нақты құжат жоқ. Бірақ он мөр басылған дәл сондай астыртын ұйым туралы құжат табылса да, мен ол құжатқа сенбес едім. Себебі тарихымызды бұрмалап, теріс ақпар беруге құмар орыс билігінің жазып берген тарихи мәліметіне сене беруге болмайды. Мен астыртын ұйым болған деген шешімге, сол заманда орын алған оқиғалар мен қайраткерлеріміздің тергеу барысында берген жауаптарын негізге алып келіп отырмын. Түсінікті болу үшін айтайын. Мысалы, сізді айғақтайтын төлқұжатыныз болмаса да, түрлі фактілер арқылы ата-анаңыздан, туған-туыстан, мектеп, балабақша, перзентханадан сұрастырып, сіз екеніңізді дәлелдеуге болады. Астыртын ұйымның болғанын да түрлі фактілер арқылы мен осылай дәлелдеп шықтым.

 

— Сонда қандай нақты фактілерге сүйендіңіз?
— Соңғы жылдары деректі фильмдер түсірумен айналысып жүріп, мен сол қайраткерлерімізге қатысты көптеген мәліметтерге қанық болдым. Кезінде бәрімізді Кеңес үкіметінің жазып берген тарихымен оқытты. Солардың берген бағыт-бағдары бойынша жүрдік. Тәуелсіздік алғалы бері тарихшыларымыз Алаш қайраткерлерін зерттеп жүр. Бірақ сол қайраткерлеріміздің 1930 жылдары астыртын ұйым құрғаны туралы айтылмай жүр. Астыртын құрылған ұйымның негізгі мақсаты Қазақстанды Кеңес үкіметінен бөліп алып, тәуелсіз ел ету болды. Алайда «Кеңес үкіметіне қызмет ете жүріп, сол үкіметке қарсы қалай күрескен?» деген сұрақ еріксіз туындайды. Біз осы жерде мәселеге тереңнен үңілсек, мынадай фактілерге кездесеміз. О.Жандосав, С.Қожанов, С.Сейфуллин және басқа қайраткерлеріміздің Кеңес үкіметін қолдаған себебі, 1917 жылы билікке келген большевиктер партиясының бағдарламасында «патшаның отарында болған ұлттар енді дербес мемлекет болып бөлініп кетуге құқылы» деген бап болатын. Осыған сеніп қалған қайраткерлеріміз Кеңес үікметінің саясатын қолдап, соған қызмет етті. Өкініштісі, олар өздерінің алданғандарын тек 1920 жылдан кейін түсіне бастады. Бірақ қатты көңілдері қалған кез 1927-28 жылдар еді. Себебі сол жылдары кәмпеске жайлы қаулы шықты. Бұл кәмпеске халықтың малын, астығын тартып алу жайлы кәмпеске еді. Бұл дегеніміз орта шаруаны, халықтың негізгі тірегі болып отырған әлеуметті жою жайлы қаулы еді. Кеңес үкіметі содан соң бір ғана коммунистік идеология болу керек деп, басқа идеологияның бәрін құртты, дінді құртты, құран кітаптарын өртеп, имамдарымызды атып, мешіттерді жойды. Міне, осының бәрін көріп отырған қайраткерлеріміз енді ұлтына араша түспей ме? Олар ашық қарсы шыға алмағаннан кейін, кеңес үкіметіне қызмет ете жүріп, өздерінің басты мүдделері — Қазақстанды тәуелсіз ел ету үшін астыртын ұйым құрып, күрескен.
— Өзіңіз де тілге тиек етіп отырсыз, сіз соңғы уақытта деректі фильмдер түсірумен айналысып жүрсіз. Бұл еңбегіңізді білетін жұрт жоғары бағалауда. Бірақ байқағанға уақытыңыз бен күш-жігеріңізді сарп еткенмен, бұндай фильмдер сізге қаржылық тұрғыдан еш пайда әкелмейді. Әрине, ұлтқа қызмет еткеніңіз құптарлық іс. Бірақ неге коммерциялық фильмдер түсіріп, қалтаңызды қампайтпасқа?
— Дұрыс айтасыз, мен деректі кинолар түсіремін деп, қаражаттан қиналып қалдым.Үкіметтің берген ақшасы түк болмайды. Себебі мен деректі фильмнің сюжетіне түсірілім қосамын. Мысалы, Т.Жүргенов фильмінде де 15 минуттай түсірілім бар. Мен оны түсірмесем де болар еді, ешкім маған ондай нұсқау да берген жоқ. Басқалар секілді анадан-мынадан сұхбат алып, жасап шығуыма болар еді. Бірақ Т.Жүргеновтың образын ашуым керек болды. Сондықтан да мен деректі фильмдерде нақты тарихи ақиқаттан аттамастан, сол фильм кейіпкерінің бейнесін, қайраткерлігін жан-жақты ашу үшін өзімнің қаржым жетпесе де, өзгелерден қарыз алып, барынша сапалы дүние жасауға тырыстым. Ал коммерциялық кинолар туралы сөз етсем, бұрында да азды-көпті ондай дүниелер жасаған болатынмын. Енді араға үзіліс салып, дәл осы мәселеге қатысты ойға алған, тіпті бастап та кеткен бір идеям бар. Оған қатысты Қытай, Үндістан, Түркия елдерімен де келісіп қойдым.

Өзбектер біздің киноларымызды неге көрмейді?

— Сіз кино саласына нақты бет бұрған жансыз. Қазақ кино қоржыны саны жағынан да, сапасы жағынан да әртүрлі деңгейлі дүниелермен толығып жатыр. Жалпы, бүгінгі қазақ киносы қайда бағыт алып барады? Олардың беталысы қалай?
— Кино саласы — ең көп сынға ұшырап жататын салалардың бірі. Қандай кино шықса да, ел арасында сол кино туралы әңгіме көп болады. Бірақ біз ашығын айтуымыз керек, соңғы кезде қазақ киноөндірісінде алға жылжу бар. Кезінде мен осы салаға келгенімде жылына 2-3 кино ғана түсірілетін. Ал қазір біз фильмдеріміздің санынан шатасатын болдық. Әрине, түсіріліп жатқан кинолардың барлығы жақсы деп айтуға болмас. Бірақ кино мамандарының да, киностудиялардың да саны артып келеді. Телеарналар өздерінше кино, сериалдар түсіріп жатыр. Әрине, сан болса, сапа болады. Себебі қазір бәсекелестік бар. Бәсекелестік болған жерде міндетті түрде сапалы кинолар шығады. Ал енді, «қазақ кинематографиясы қалай дамуы керек?» деген мәселеге келер болсақ, қазір біз кәріс пен түріктің тарихи сериалдарын көп көреміз. Осыдан он шақты жыл бұрын біз олардың махаббат, драма, әлеуметтік тақырыптағы киноларын көрген едік. Себебі олардың киноөндірісі аяққа енді ғана тұрып, даму сатысында еді. Біз қазір осы елдердің сол кездегі белестеріне енді аяқ басып жатырмыз. Әлем елдерінің тарихи тақырыптағы киносериалдарға бірден жол салмауының себебі сол, ондай туынды жасау үшін үлкен тәжірибе керек. Оның жауапкершілігі үлкен. Қазір біздің режиссерлеріміздің сол белестен өтіп, тарихи тақырыптарға түсіретін мүмкіншіліктері бар. Дегенмен де, біз кино саламызды дамытамыз әрі өзге елдерге танымалдығымызды арттырамыз десек, мына екі нәрсені басшылыққа алуымыз керек: тарихи тақырыптағы сапалы кинолар түсіру және қазақ киносын шетелге көрсету. Мейлі ақын болсын, мейлі әнші болсын, кімнен сұрасаң да «қазақты әлемге танытамын» дейді. Бірақ өлеңмен, сурет салумен немесе басқа нәрсемен еліңді әлемге мойындату қиындау. Ал киномен, ұлттық нақыш пен мәдениетіміз бедерленген сюжеттер арқылы танытуға бүгінгі таңда мүмкіншілік мол. Мысалы, өзбек ағайындардың киносын күнде көріп жүрміз. Ал неге сол өзбектер біздің киномызды көрмейді? Сол сияқты біз де өзіміздің киноларымызды шетелге, Түркия мен араб елдеріне немесе басқа да елдерге көрсетсек, олар бізді сол киноларымыз арқылы, ондағы мәдениетіміз арқылы таниды. Ол үшін бізде ниет дұрыс болу керек. Үкімет бағыт-бағдарды дұрыс қою керек.
— Тарихи тақырыптағы кино демекші, Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына байланысты, көпсериалы тарихи фильм түсіру үшін қазақ киногерлеріне жүгі ауыр жауапкершілік артылып отыр. Осыған байланысты кейбір зиялыларымыз асығыстық танытпауға шақыруда. Бұған сіз қалай қарайсыз?
— Мына жәйтке назар аударуымыз керек: Алтын орда ыдырағаннан кейін ұлан-ғайыр қазақ топырағын кішігірім тайпалар мекендеді. Керей мен Жәнібектің кемеңгерлігі, олар сол ұсақ тайпалардың басын біріктіріп, осы жерді мекендейтін ұлттың атымен «Қазақ мемлекетін» құрды. Енді осы қазақ хандығының құрылғанына орай тарихи кино түсіреміз деп жатыр. Расымен де, бұл мәселеде асығыстыққа баруға болмайды. Себебі тарихи кино түсіру үшін зәулім сарайлар салып, актерлердің киімдерін тігу сияқты жайттарға аса мән беру маңызды. Сценарийдің өзін де бір жыл асықпай, сауатты жазу керек. Себебі бұл — тарихи кино! Бұны «Көшпенділер» немесе «Жаужүрек мың бала» сияқты жартылай аңызға құрып, жартылай ойдан шығарып түсіруге болмайды. Шын тарихты шығарғың келсе, тарихи фактілерге сүйен! Мысалы, “Шыңғыс хан” немесе “Сұлтан Сүлеймен” тарихи сериалдарында бір тарихи фактінің немесе бір адамның аты дұрыс аталмауы мүмкін бе? Олардың сюжеттері қандай керемет! Сол секілді бізде де өркениет болған. Тарихи киномыз арқылы тек тарихымызды ғана емес, сонымен қатар мәдениетімізді, өнерімізді, ұлттық құндылықтарымызды көрсетеміз. Өте сапалы әрі шетел кино нарығына ұялмай шығара алатындай етіп тарихи кино шығару үшін кемінде 2 жыл дайындық керек. Ал қазірше тарихи деректі кино түсірсе де, халық оны түсінеді ғой деп ойлаймын. Ертең «ойбай, мынаның баласы екеу емес, төртеу еді ғой!? Ойбай, ананың анау баласы тоқалдан туылып еді ғой!?» деген сынды әңгіме шығып, бекерге елге күлкі болып қалмайық. Сонда біздің тарихи кино дегеніміз өтірік кино болып шықпақ.

 

«Әзірге шетелге шығаратын киномыз жоқ»

— Сіздіңше, қазіргі уақытта, барлығы демей-ақ қояйын, өзге елдің мәдениеті мен өмір сүру стиліне өңмеңдей бас ұрып, еліктеген кейбір жастарымыз қандай сарындағы киносюжеттерге шөлдеп тұр?
— Әдетте, отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу керек деп жатамыз. Бірақ өз тарихын білмеген жастарымыз Отанын қалай сүйе алмақ? Бүгінгі күні тарихымызды жастардың бойына кино арқылы сіңіруден басқа жол жоқ деп білемін. Бұл әдісті тарихи тақырыптағы кинолар арқылы ғана емес, әлеуметтік тақырыптағы кинолар арқылы да қолдануға болады. Мейірімділікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтін әртүрлі бағыттарда да кино түсіруге болады. Әйтпесе, жастарымыз батыстың спортшылары мен жұлдыздарына еліктеп жүр. Бізде де мықты спортшылар, түрлі салаларда мықты қайраткерлеріміз бен батырларымыз бар. Соларды негізге алып, сондай ел мақтаныштарын басты кейіпкер етіп кинолар түсірілсе, игі істің бастауы болар еді. Біздегі идеология осылай болу керек деп ойлаймын. Көп жанрлы киноөндірісін дамыту керек.
— Бір сәт қиялға ерік беріп, егер сізге осыған дейін жасаған дүниелеріңіздің ішінен біреуін шетелге көрсетуге мүмкіндік берілді делік. Қай туындыңызды шетелге апарар едіңіз?
— Менің бүгінге дейін түсіргендерімнің дені — қазақ көрермендеріне арналған. Небір жағдай-ларға байланысты кемшіліктерінің бар екенін мойындаймын. Ал шетелге ұялмай шығару үшін басқа деңгейде түсіру керек. Мысалы, үйде киіп жүрген киіміңізбен сіз қонаққа бармайсыз ғой. Сол сияқты кино да деңгейіне қарай, көрерменіне қарай лайықталып түсіріледі.

— Сонда, бұныңыз қазақ көрермендеріне нені көрсетсек те талғамайды, көре береді дегеніңіз бе?
— Мен шамам келгенше қазақ көрермендеріне арнап кинолар түсірдім. Мені ол үшін сөгіп керегі жоқ. Мысалы, «Жетімдер» киносын Жапонияға апарып көрсетсем, олар сол киноны көру арқылы біздің деңгейімізге баға береді. «Қазақтар жарыққа, техникаға, операторға, камераға жарымай қалыпты» деген әңгіменің бізге не керегі бар? Мен осы тұрғыдан айтып отырмын. Ал біздің көрермендеріміз бұндай кемшіліктерімізге түсіністікпен қарайды. «Болар елдің баласы бір-бірін батыр дейді» демекші, өзге жұртқа өзіміздің тек жақсы жағымызды ғана көрсетуіміз керек.
— Ал әріптестеріңіздің арасынан кімнің туындысын жоғары бағалайсыз?
— А.Сатаев, Е.Тұрсынов жақсы кинолар түсіріп жүр. Бірақ олардың да шетел көретіндей кинолары шыққан жоқ. Бұның себебі неде? Өйткені жасаған картиналарының деңгейі төмен. Олардың түсіргендерінің бәрі де ортан қол кинолар. Егер Е.Тұрсыновтың киносы керемет болса, ең құрығанда шыққан шығынын шығарып алсыншы! Немесе «Жаужүрек мың баланы» алайық. Бұлардың барлығы біздің халықтың деңгейіне болады.



— Аға, кезінде Қазақстанға Кубадан атақты боксшылар келген екен. Соларды сіз шақырған екенсіз ғой. Бұл өзі қалай болып еді?
— Бұдан біраз жыл бұрынғы оқиға ғой. Жас кезімізде бәріміз де спортпен айналыстық. Бокс, күрес сияқты спорт түрлерінің барлығы қазақтың қанында бар нәрселер ғой. Содан мен: «Олимпиада чемпионы болу үшін біздің боксшыларымызға не жетпейді? Оларда техника да бар, тәжірибелері де жеткілікті, тек бір кемшілік — «психологиялық барьер» бар, өзіне деген сенімсіздік бар», — деп ойлана бастадым. Себебі адам қанша мықтымын дегенмен де, өзінен мықты шыққанда абдырап қалады емес пе? Қарсы алдыңдағы пәленбай рет әлем чемпионы атағын алған алыптың мысы басып тұрады. Ал бұны қалай жеңуге болады? Ол үшін ең мықты боксшыны шақырып алу керек те, осы жерде, өз елімізде төмпештеп алу керек. Өз еліңде жүрсең жігерленіп, қанаттанып, ағайын-туыстың арасында өзіңді еркін сезінесің. Олар саған қуат береді. Спортта да сол сияқты. Ол уақытта Куба боксшыларының бокстан атағы жер жарып тұрған кез. «Кубадан атақты боксшыларды шақыру керек», — деп ойладым. Сөйтіп, Қабибек Мұхитов деген досыммен ақылдасып, екеуміз сол кездегі Қазақстанның ұлттық құрама тобының бас бапкері Тұрсын Еділовке барып, мән-жайды түсіндірдік. Ол біздің ұсынысымызды құптай кетті. Артынша, Алматының Зенков көшесінде орналасқан Кубаның елшілігіне барып, елші Марсель де Кабальероға бар жағдайды түсіндірдік. «Алайда, бір өтініш, тек ең мықты боксшылар келу керек, екінші, үшінші деңгейлілері керек емес», — дедік. Бір аптадан кейін елшіліктегілер қоңырау шалып: «Теофило Стивенсон бастаған бес олимпиада чемпионы мен алты әлем чемпионы келе жатыр», — деді. Ол кезде Кубаны жеңу мүмкін емес болатын. Сол жолы Кубамен жолдастық кездесуде Қазақстан 6:5 есебімен жеңді. Бұл жеңіс спортшыларымыздың рухын көтерді. Кейін біздің боксшыларымыз талай әлемдік додалардан жүлдемен оралып жатқанда ішімнен: «Әй, осының ішінде менің сәл де болса қосқан үлесім бар ма екен?!» — деп риза болып отырамын.


 
«Менің басты мақсатым — елге ұнайтын фильм түсіру»

— Дегенмен, нақ осы спорт саласында демей-ақ қояйын, кино саласындағы еңбегіңіз үкімет тарапынан лайықты бағаланып жүр ме?
— Жоқ. Мен үшін бұлар маңызды емес. Менің ең басты мақсатым — киномды сапалы етіп халықтың назарына ұсыну. Қайраткерлердің образдарын ашу. Егер маған марапат керек болса, оны өзім сұрап болса да аламын деп ойлаймын. Бірақ, біріншіден, мен оған қызықпаймын, екіншіден, өзімді әлі ондай атақтарға лайықпын деп ойламаймын. Бізде орден, құрметке нағыз лайық жандар бар. Мысалы, Тұяқ апамызды алайық. 350 баланы асырап, адам қылып, ер жеткізіп, аяқтарынан тұрғызып жатыр. Өмірін қараусыз қалған жетім балаларға арнап отыр. Бұл дегеніңіз халық қаһарманы атағына лайықты еңбек! Біз айдаладағы Анжелина Джолидің 3 бала асырап алғанына алақан соғамыз. Алайда жанымыздағы Тұяқ апамыз сияқты нағыз қаһарман-дарымыздың қадірін білмейміз.
 
«Аштықтан қырылып жатқанда орыс келімсектері келіп жатты»

— Түрлі тақырыпта деректі фильм түсірдіңіз. Осындай идеялар сізге қайдан келді? Не түрткі болды?
— Мен тәрбиелік мәні бар кинолар түсіруге мақсат еткен жанмын. Оған осы уақытқа дейін көпшілікке ұсынылған туындыларым айғақ бола алады. Ал деректі, танымдық фильмдердің мәні бөлек. Менің алғашқы деректі фильмім «Қажылық» деп аталды. Менің бұл тақырыпта кино түсіруіме себеп болған жәйтті айтып берейін. Бір күні көшеден шағын кітапша сатып алдым. Сол кітапта «Қара тас қағбаға бекітілулі тұр» деп жазылған. Осыны оқып, таң қалдым. Мен соған дейін Қағбадағы қара тас ауада тұр деп ойлайтынмын. Содан бірден ойыма «Неге біз қара тасты өз көзімізбен көрмейміз? Естіген бір басқа да, өз көзіңмен көргеннің жөні бір басқа. «Қағбадағы қара тасты халқыма әкеліп көрсетемін» деген мақсат қойдым. Әрине, қажылықты түсіру оңайға соққан жоқ. Қағбаны түсіруге рұқсат беретін адамдармен де біраз айтысып, тартыстым. Менің оларды сендіріп, көндірген сөзім мынау еді: “Менің бауырларым, мұсылмандар, қазақтар сендер аттарын да білмейтін басқа діндерге өтіп жатыр. Олар басқа дін жақсы болғаннан кейін емес, өзіміздің асыл дініміз — Исламның қыр-сырын білмегендіктен өтіп жатыр. Мен осы төл дінімізді халқыма түсіндірейін, насихаттайын десем, сендер неге қарсы боласыңдар?” — дедім. Сөздің қысқасы, олар менің ниетімнің дұрыс екенін түсінді. Деректі фильмді түсірдік. Сол фильмде мен барлық нәрсеге жауап беруге тырысамын. Әйтпесе, жылына елімізден қажылыққа 5000-дай адам барады. Соның көбісі қалай жүріп, қай жерде не істеу керек екенін білмейді. Ал осындай киноны алдын ала көріп шықсаң, «қай жерде қандай дұға оқу керек, қай жерде не істеу керек?» деген сияқты сұрақтарға күні бұрын дайындық болар еді.
Ал Т.Рысқұлов жайлы деректі фильмді түсірер алдында «Біз мына қайраткер-леріміздің 100 жыл-дығын, тағы да басқа мерейтойларын тойлаймыз. Тойлап жатырмыз деп, ішеміз, жейміз, мінбеден небір жалынды сөздер айтамыз. Алайда сол қайраткерлеріміздің жатқан жерлері белгісіз қалып барады. Егер біз іздеп, бірақ таппасақ мейлі ғой” — деп, осы мәселе жаныма бататын. Ақыры, ФСБ-мен (Ресей Федерациясы Федеральдық Қауіпсіздік Қызметі) айтысып, тартысып жүріп, олардың жатқан жерлерін таптым ғой. Сол жерде бабалары жерленген моңғолдар, якуттар, болгарлар — бәрі өздерінің қайраткерлерінің басына кішкене болса да белгітастар орнатқан. «Біздің билік ескеріп, сондай белгітас қояр ма екен» деген үмітпен үш жылдан бері күтіп жүрмін. Бұл туралы Шерхан Мұртаза ағамыз да, Ханбибі Есенқара апайымыз да, басқа кісілер де өкіметке жазды. Сол билікті күтпей-ақ, белгі тасты өзім де апарып қоя аламын. Бірақ бұндай іс мемлекеттік деңгейде жасалыну керек. Оған көп ақша да кетпейді. 2-3 миллион теңге кететін шығар.
Енді «Ашаршылық» атты деректі фильміме келер болсақ, ашаршылық қазаққа орасан бір қасірет алып келді. Ұлтты әдейі жоюға бағытталған, қолдан жасалынған нәубет қой. Ал жастарымыз осындай оқиға жайлы не біледі? Ештеңе де білмейді, бәріміз де ештеңе білмейміз. Менің мақсатым мүмкіндігінше осы оқиғаны ашуға тырысу болды. Бұған дейін ашылмаған көптеген құжаттар таптым. Мысалы, сол 1932 жылдары қазақтар аштықтан миллиондап қырылып жатқан кезде Қазақстанға 2,5 миллион орыс қоныстанады. Үкімет оларды үй-жайымен, мектеп, моншасымен, үш мезгіл ішетін тамағымен қамтамасыз еткен. Ал сол кезде қазақтар бір үзім нанға зар болып қырылып жатты. Ауырған қазақтарды емдемеу жайлы қаулы шығарылды. «Ұшқан құсты немесе судағы балықты ұстап алып, қорек еткен қазақтарды соттау керек» деген қаулы шығарды. Салық төлей алмаған қазақтардың аузына керосин құйып өртеген. Көрдіңіз бе, мен бұрын-соңды жарияланбаған осындай фактілерді таптым.

Сұқбаттасқан -Нұргүл Жамбылқызы

kazakhstanzaman.kz
 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста