Мәшһүр Жүсіп пен Жүсіпбектің жазысқан хаттары

Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен одан 30 жастан аса кіші Жүсіпбек Аймауытовтың ағайын-туыстықпен бірге творчестволық байланысы да ерте басталған. Екеуінің сол кездегі қоғам тірлігіне терең көзқарас білдірген көптеген хаттары 1927-29 жылдары жазылыпты. Мәшһүр бабамыз хатты өлеңмен өрсе, Жүсіпбек қара сөзбен жазған. Бүгін сол хаттардың бір-екеуін «Алаш айнасы» порталы оқырмандарына ұсынамыз.
Жүсіпбектің хаты:

«Шымкент. 1927 жыл. 20 май.
Мәшһүр аға!
Хатыңызды алдым. Айтқан ақылыңызды қабыл тұтамын. Қатын ал дегеніңізге өмірге зор өзгеріс салатын әңгіме болғандықтан әзірше жауапсыз қалдыра тұруды жөн көрдім... Енді қалған өмірді қалай өткізу туралы. Данышпан Толстой сексеннен асқанша, өле-өлгенше қаламмен сырласып өткен. Ірі хакімдер, философтар көп жасап, көп мұра қалдырған. Өмірде ойланумен, толғанумен, жақсылық-жамандықты барлаумен, әділдік, шындық, адамгершілік сынды ізгі мұраттарды көксеумен өткен.
Адамдардың миы ерте суалмаса керек, ақыл, ой, талант қоры ерте тартылмаса керек. Егделенген сайын ми шыныға берсе керек. Соған қарағанда Сіздің де қаламнан қала қоярлық уақытыңыз бола қойған жоқ па деп шамалаймын. Олай болса қалған өмірде қаламмен сырласып өткен дұрыс.
Сіз қазақтың қазақ заманында дүниеге келіп қалған гауһарсыз. Сіздің құлашыңыз ұзын, қиялыңыз терең, арманыңыз – алыстағы өткен өмірде. Жаңа заманның бұйынтақ сөзі, жыбырлақ мінезі Сізді жарытпайды, тосаңсытады. Күні өткен, жат адам қылады. Жаңа заман өте берсін. Сіз онда жалғыздығыңызды, жапандағыңызды, сәнді, салтанатты, ескі күніңізді жырлай өтіңіз. Ақынның ақындығы ойлаған ойын, тулаған сырын оқушыны толқытқандай қылып, тізген меруерттей кестелі, толғаулы сөзімен айта білуінде ғой. 90 жасқа келіп өткен түрікпен ақыны, соған таяу жасаған Майлы ақын, Шәңгерей ақын сияқты жырлаңыз. Өлім аузында отырған солардың өздері өлсе де сөздеріне өлім жоқ қой. Сіз шамаңыз келсе осылар сияқты жүрегіңіздің сырын шертіңіз. Неден күйінесіз, неден жиренесіз дегендей, соларды әңгіме қылыңыз.
Екінші, Сіздің шығарған өлеңдеріңіз бар. Тырнамен, қарғамен айтысқан болсын, сарт әңгімесі болсын – соларды жинастырыңыз. Оларға қосып менің айтатыным – Түркістан елін кезгенде, Шыршыққа келгенде жүрген тұрған жерлеріңізді, аралаған елдеріңізді, жазған өлеңдеріңізді жас кезімде жатқа білуші едім. Енді ұмытыппын. Соларда жақсы нәрселер бар еді. Әр елдің жақсыларын тараулатып, ата тегін қозғай жазған өлеңдеріңіз бар еді. Олар да керек... Қолжазбаларыңыздың бәрін жіберсеңіз, шамам келсе, баспаға түсіріп беруге ізденіп көрер едім.
Одан соңғы Сіздегі көп қазына – қазақтың шежіресі. Ең болмаса Орта жүзді, Арғынды тараулатқаныңыз керек... Өзім бес-алты айдан бері Сұлтанмахмұттың сөздерін жинап, жақында бітіріп, көшіріп, реттеп, Ордаға апарып тапсырып қайттым. Махмұт сөздері Құранның үлкендігіндей кітап болады. Ендігі жылдар басылып шықпақ. Амандық болса біреуін жіберемін. Қатын алмады деп өкпелегеніңіз болмаса Әмендей бола алмағанмен Сізге хабарласып, еңбегіңізді, өзіңізді ел көзіне түсіргендей ниетім бар. Күліктен Сіздей адам туа бермейді. Шамамыз келсе Сіздің қадіріңізді, бағаңызды білсек керек...».

Аталмыш хаттар туралы жазушы Зейтін Ақышев Павлодар облыстық «Дауа» газетіне мақала жолдап, ол 1991 жылдың қазан айында «Мәшһүр Жүсіп һәм Жүсіпбек» деген тақырыппен жарияланады.
Сонда Жүсіпбектің хатындағы кейбір нәрселерге автор мынадай түсінік береді:
«Жүсіпбек Аймауытов бұдан бұрын Вера есімді қызға үйленген екен. Верадан екі ұл туған – Бектұр, Жанақ. Бірақ Вера жастай қайтыс болады да, екі бала жетім қалады. Верадан кейін Жүсіпбек Евгения Кирилловна есімді қызға үйленген. Евгенияның әкесі Кирилл емес, Қарабатыр есімді қазақ. Қарабатыр Сермағамбетов Ақтөбе жерінде туып-өскен, 1903 жылы Қазан университетінің мал дәрігерлік факультетін бітірген. Ол кісі Александра Викторовна есімді орыс қызына үйленеді екен. Жүкеңнің болашақ зайыбы сол Александрадан туады. Евгения мен Жүкеңнен екі қыз болған. Біреуі Москвада, екіншісі – Муза Юрьевна (Жүсіпбекқызы) Ақтөбеде тұрады. Жүкең атылып кеткен соң Евгения нағашы жұртын сағалап Ақтөбеге барып, біржола орнығып қалған. Муза 1990 жылдың көктемінде Алматыға келіп, Жүкеңнің атын естіп білгендердің бәрінің үйлерінде болды. Жоғары дәрежелі білімі бар. Мамандығы экономист. «Мамам (Евгения) бірқыдыру жасқа келіп, өз қолымда жуықта қайтыс болды» деді өз аузынан. Музаның Алматыға келгенде басқаның бәрінен бұрын іздеп тапқаны жұртқа белгілі Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова болды. Екеуінің тағдыры ұқсас болғаны түсінікті, оған қоса бұлар жас кездерінде апалы-сіңлілі адамдар сияқты, мұңдары да, қайғы-қасіреттері де бір, бірге өскен адамдар.
Жүкеңнің «Әмендей болмасам да» дегенін де түсіндіре кетейік. Әмен – Мәшекеңнің үш ұлының ортаншысы. Керекудегі екі кластық (алты жылдық) орыс мектебінде Жүкеңмен бірге оқыған. Аса алғыр, ақын жігіт болған деседі.
1916 жылы қара жұмысқа қазақ жастарын алу туралы патша жарлығы шыққаны белгілі. Оған бүкіл қазақ даласында қарсылық жасалды. Сондай көтерілістің бірі Баянауыл маңында да болған. Көтерілістің орталығы Алабас тауының бауырында, қазіргі Сәтбаев совхозына таяу жерде болды. Көтеріліс басшысы Бәшерден Бейсенұлы деген азамат. Батыр, елге беделді, аттыға жол, жаяулыға сөз бермейтін шешен адам болыпты. Жүкең өзінің «Қартқожа» романында бұл кісіге Дәрмен деп ат беріпті. Дәрменнің көмекшілерінің бірі – Әмен. Бәшердендер, Әмендер Мәшекеңді халыққа беделді, халық оның сөзін тыңдайды деп Алабасқа шақыртады. Мәшекең бармайды. Оның жауабы – қолдарыңда шыбыртқы қамшы, тал құрықшадан басқа қару жоқ, әуре болмаңдар, мылтық асынған он солдат келсе бәріңді қырып кетеді деп жауап қайтарады.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Әмендер, тағы басқа зиялы азаматтар Ташкентте мектеп-интернат ашып,соған төңкерістегі қалған жетім балаларды жинап оқытып, тәрбиелеуді қолға алған екен. Бір күні Әмен жақындағы ауылдардың бірінен он төрт жасар жетім қызды ертіп алып келеді. Сөйтсе, оны бір байшыкеш тоқалдыққа алмақ болып жүрсе керек. Ол кісі жинап келіп, «қызды қайтарыңдар, ұлыққа айтамын» деп, қоқан-лоққы жасайды. Әмендер оны қуып тастайды. Ақырында жаңағы адам алаяқтарға ақша беріп, іңірде үйіне қайтып бара жатқанда Әменді пышақтап өлтіртеді. Мұны маған жазушы Өтебай Тұрманжанов марқұм айтып еді. Әменнің жерлеуінде болдым, қабірін де білемін деп еді. Ол өзі сол интернатта тәрбиеленген екен. Осындай ауыр қайғыға байланысты Мәшекеңнің «Қан түсті алпыс үште аяғыма, Оқ тиіп түзде жүрген саяғыма» деп басталатын ұзақ толғауы бар.
Дәрмен-Бәшердендер тағдырын да айта кетейік. 1923 жылы қару асынған төрт солдат «Сендерді Баянға шақырып жатыр» деп Бәшерденді, азамат баласы Шайхыны, немере туысы Жүсіпті, оның баласы Кәрімжанды жаяу айдап шығады да, ауыл сыртындағы төбеден аса бере атып кетеді».

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Жүсіпбекке жазған жауабы:
«Жүсіпбек, аманбысың, сау-саламат,
Жігітсің жақсыға хат, жаманға жат.
Жалғыздық жарасқанды бір құдайға,
Аман ба Бектұр, Жанақ – екі азамат.
Қол жетпес көктегі айға созғанменен,
Бақ дәурен, өмір қызық озған менен.
Қанша жерге барады кәрі шіркін,
Желігіп делебесі қозғанменен.
Кірер үйі азайған басымыз бар,
Аппақ қардай сақал мен шашымыз бар.
Ұзын санын айтуға ұяламын,
Төрт он бес, бір ғана он жасымыз бар.
Жарыстан қарадүрсін қалған кезім,
Мойынға кәрілікті алған кезім.
Жұрт күлер алақанын шапалақтап,
Ақыл тайып, әрнеме шалған кезім.
Өзіңе қолайлы боп ұқсаса ақыл,
Сөз туғыз тарау-тарау одан нақыл.
Қатын ал деген сөзім асығыс қой,
Сөкпеймін көрмеді деп оны мақұл.
Өзіңе берсін алла ұзын ғұмыр,
Көнгіш бол қорғасындай, болма темір.
Ризамын өзіңе де, сөзіңе де,
Мақал бар – аз сөз алтын, көп көз көмір.
Жалғанның өмір бойы уын іштім,
Өз бойыма шақ емес киім піштім.
Сәрсембайдың Бақытсыз Жамалындай,
Сөзіңе мейірім қанды, түстім-түстім...
(Мәшһүр Жүсіптің жауабы ұзын-ырғасы 20 шумақтай).

Жүсіпбектің хаты:
«Шымкент. 1927 жыл. 16 ноябрь.
Сізге үлкен ұятты болдым. Не деп ғапу өтінсем де, ол өтінішім түкке тұрмайды. Өйткені, екі хатыңызға бірдей жауап жаза алмағаным кешірілмес күнә болды... Екі жарым айдай болды үйден шықпағаныма. Не істедіңіз десеңіз – жылдамдатып бір роман жазып бітірдім. Өзіңіз көрген «Қартқожадан» көлемі екі есе. Бар ойым, ниетім, рухым сол романға кетіп, жынды кісідей болып досты, жолдасты, құрметті, қымбатты ағаны ұмытып кете жаздаппын... Бірақ бұл күнде романым бітті. Баспаға жібергелі отырмын. Басылып шықса көресіз. Соңғы хатыңызда жіберетін сөздер дайындап қойдым деген екенсіз. Оларды жібере берсеңіз. Басылуы жағын сөйлесіп көрермін. Түгел басылып кітап болып шықса тіпті жақсы. Әйтпесе журналдарға бөлшектеп басып отырсақ та жарар. Әрине, өз атыңызбен басылуы керек.
Сұлтанмахмұт сөздерін былтыр түгел жинап баспаға жібергенмін. Одан басылды деген хабар алып отырмын, рас болса. Ол мойындағы бір міндет, парыз нәрсе еді. Ендігі міндет Сіздің атыңызды тарихқа қалдыруға жәрдем ету, оны орындай аламын ба, жоқ па – білмеймін. Өйткені ескі сөздің, бұрынғы ақындардың қадірін білетіндер азайып барады. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» ғой. Сіз айтқан соң ақылға жабыстым...
Сөзді ұзартпайын. Еңбегіңіз өнімді, берекелі болып, пайдасы көпке тисін. Қаламға жармасқаныңызды естіп қатты қуандым. Толстой сексенге келгенше жазған ғой. Әркімнің өз Толстойы өзіне-дағы. Тек өмірлі болғай деңіз...
Саулығыңызға тілектес ініңіз Жүсіпбек».

Бұл хатқа қатысты Зейтін Ақышев мынадай пікір білдіріпті: «Бұл хаттағы кейбір сөздерге қарағанда Жүкеңнің жүрегі қобалжып, бір нәрседен түйткіл алғаны байқалады. Әйтпесе: «Сіздің атыңызды тарихта қалдыруға қолдан келгенше жәрдем ету, оны орындай аламын ба... ескі сөздің, бұрынғы ақындардың қадірін білетіндер азайып барады» деп түңіле жазбаса керек-ті. Жүкеңнің ілгергі хаттарында мұндай үн байқалмайды. Әлде сол кезде-ақ соңына сөз ере бастады ма екен?».

Мәшһүр Жүсіптің жауап хаты:
Жан едім әлдеқашан өліп қалған,
Көрсетпей бір күн бетін маған жалған.
Немене өлген емей, айтсаңдаршы,
Орнына келмеген соң бірі ойға алған.
Емес ем түк сезбейтін кеще кісі,
Білмейтін елестеген өң мен түсті.
Тірілік келіп қалдың қай жағымнан,
Жел ем ғой құр кеулеген қызып есі.
Бәйге алған топтан шаршы озып аты,
Танымал болған жұртқа қияпаты.
Мәшһүрді өліп қалған бір тірілткен
Шымкенттен Жүсіпбектің жазған хаты.
Қуандым тірілікте хатыңды алып,
Сөзіңе сағынғандық әбден нанып.
Шаба бер, алла оңғарып жолыңды ашсын,
Тұрайын мен «Мақпал» деп ұран салып.
(Мақпал – Сүйіндіктің шөбересі. Құлболды атаның бәйбішесі. Құлболды ұрпағыны ұраны болған).
Күліктен шыққан Көтеш ақын болған,
Айтылып жұрт аузында жүр ғой сөзі.
Дейді ғой – тегін адам таз бола ма,
Жұрағат бір солардан қалған ізі.
Құдайдың көп шүкірлік бергеніне,
Қағазға қолым аттай желгеніне.
Қуандым лашығыма мен де сыймай,
Соңымнан сендей іні ергеніне.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста