Маржан Арапбаева: Бала күнімде өте бұзық болдым. Жүрген жерімде ұрыс естіп жүретінмін.
Кішкене кезімде ата-әжем ісік ауруына шалдығыпты. Үйдегілердің маған қарауға мұршалары келмеген. Сондықтан мені сандыққа байлап қояды екен. Мұны көрген әпкелерім маған жаны ашып, үйіне алып кетіпті.
Үш-төрт жасымда өте толық болыппын. Мені бәрі «боцман» дейтін. «Қарныңда не бар?» десе, «Көже, ет…» деп сайрай жөнеледі екенмін.
Көбіне ұлдармен ойнайтынмын. Көршілеріміз күрдтер болды. Олармен тату тұрдық. Таба нан берсек, бізге тандыр нан, пәндир беретін. Бір күні көршімен ұрсысып қалдым. Ашуланғаным сонша, олардың ауласында жаюлы кірді жинап, дәретханаға тастап жіберіппін. Көршілер кірлерін іздей бастады. Барлығынан сұрайды, ешкім білмейді. Кезек маған келгенде, шынымды айттым.
Тентектігім шектен шығатын кездер де болды. Бір күні дәрігер болып ойнадық. Жанымда үш ұл бар. Ғалымжан атты жігітті жүргізуші етіп алдым. Ал қалған екеуін емделуші еттім. Өзім дәрігер болдым. Бір жерден валидол дәрісін тауып алдым. Ол жүректің дәрісі екен. Сырттары қызыл, домалақ, тәтті. Бірақ ішінде не болып жатқанын білмейміз. Екі жігітке бір қорап дәріні ішкізіп, артынша су бердім. Олардан «ауырғаныңыз қойды ма?» деп сұрап қоямын. «Қойды, қойды» деп жауап береді. Ойын бітіп, әркім өз үйіне қайтты. Үйіне барғаннан кейін балалардың басы айналып, жүректері айныған. Анасы басында мән бермеген. Бір кезде бір бала талып қалыпты. Екіншісі де сөйткен. Сөйтіп, екеуін ауруханаға алып кетті. Құдай сақтап, бір ай бұрын ғана ауруханадан шыққан Ғалымжанға дәрі бермеген екем. Қазір ол жігіттер отбасын құрып, әке атанды. Мені көрген сайын «Сен бізді өлтіріп қоя жаздағансың» деп әзілдейді. Бірақ, бұл балалық еш қисынға сыймайды. Сол үшін менің тентектігімді қайталамаңдар, балалар.
Жазып алған Айзада Жайыққызы
(«Ұлан», №25, 23 маусым 2015 жыл)