Алғаш жүрегімнен шыққан әнді әлі ұмыта қоймаппын. Бала махаббат не жасатпайды десеңізші?! Бойдағы тұншыққан өнердің сыртқа ән болып шығуына парталас қыз себепші болып еді. Оныншы сынып оқып жүргенде алдыңғы қатарда отыратын сыныптасыма арнап «Парталасым» деген ән шығардым. Қанша жыл өтсе де алғаш туындың бәрібір ыстық көрінеді екен. Менің өнер жолына түсуіме себепкер болған жалғыз ол емес, ең бірінші туған жерімнің табиғаты деп айта аламын. Жаркент өңірі өздеріңізге белгілі Жоңғар Алатауынан бастау алатын Іле өзені мен Үсек өзенінің аңғарында орналасқан таулы, қыратты, нулы жер. Таңертең дорбаға айран, сүтімді салып алып жайылымға қойды айдап шығып кетемін де, жайылымды, жасыл желекті аралап, табиғатқа тамсанып жүріп, шабытты шақырып жүрдік. Негізі әкем өнерден құралақан емес еді. Талай жыл ауданда мәдениет саласында қызмет етті. Игі жақсылармен дос-жаран болып, қара шаңырақта қонақ күтуден шаршамады. Бірде үйге қонаққа әнші, композитор Дәнеш Рақышевтің өзі келді. Ол кезде кішкентай ғана баламын, оның заманында атағы дүркіреп тұрған әнші екенін білмесем де, әуелеп айтқан әндеріне қызықтым. Мен Дәнеш ағаның жанынан үйірсектеп шықпай, домбырасын ұстап, шертіп көргенге мәз болып, достарыма біразға дейін мақтанып жүрдім.
Мектеп қабырғасында оқып жүргенде аса бұзық болдым деп айта алмаймын. Әрине, құрдастарыммен жазда шомылдық, жүгірдік, қыста шана теуіп, сырғанадық. Алайда сабағыма ұқыпты болдым. Менің ойыншығым доп немесе асық болған жоқ. Қос шанақты домбыра мен сол заманда жаңадан шыққан, сәнді болған «Романтика» магнитофонына ынтық болдым. Екеуін қайда барсам да, тіпті көшеде, тау етегіне барсам да өзіммен бірге алып жүрдім. Мектептегі өнерпаздар үйірмесіне қатысу мен үшін жанның рахаты еді. Содан да болар музыкаға жақын болып өстім. Оның үстіне әкем пластинка жинаумен әуестенген. Олардың көптігі соншалық кейбірі көп жыл сақталғандықтан сызылып, жарамай қалған. Асқар тауымыз өмірден өткесін оның қара домбырасы мен сары майдай сақтаған пластинкалары қалды. Әлі күнге дейін ескі пластинка көрсем әкем ойыма оралады.
Бала күнімнен өнер иесі болсам деп армандаған едім. Сол бала арманның жетегімен «Тамшылар» орталығын құрдым. Осы атпен дәстүрлі түрде балалар фестивалін ұйымдастырып жүрмін. Отандық композиторлардың шығармашылығын, халық музыкасын кеңінен насихаттасақ деген ниетпен бастамашы болдым. Өнерді үлкен мұхит десек, әрбір өнерлі бала – оған келіп қосылған тамшы. Сондықтан да, жобаның атын «Тамшылар» деп атадым. Өзім де бала күнде өнер мұхитында жүзуді аңсадым емес пе, сол себепті талантты балаларға әрдайым қолдау білдіргім келіп тұрады. Менің әндерімнің көбі де балаларға арналған.
Қазір Алматыда жүрсем де, Жаркентте қалған қара шаңырағымды, ауылымды сағынамын. Тыңдармандар ұғынса туған өлкеме деген сағынышым шырқалып жүрген әндерден айқын көрінеді. Қолым қалт етсе болды туып-өскен үйіміздің түтінін өшірмей келе жатқан анам мен ініме тартып тұрамын. Бүгінгі жастар кіндік қаны тамған, қадамын алғаш аттаған, өмірдің алғаш тәттісі мен ащысын сезінген шаңырағынан алыс жүруге тырысады. Қазақ әрқашанда қара шаңырақтың қадіріне жете білген халық. Сондықтан әр азамат бар жақсыны туған ауылына, киелі шаңырағына жасаса екен деймін.