Мақатаев жүлдесі – Нұртілеуде
Сенбі күні Алматы қаласы «Фараон» бильярд клубында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев атындағы I республикалық турнир өтті. Бұл күні қаламгер қауымы қаламдарын тастаяққа алмастырып, бильярд үстелі басында өзара сынға түсті.
Бұл турнирді Ғабит Мүсірепов атындағы қоғамдық қордың директоры, белгілі өнер жанашыры Ғабиден Жакеев, Абай.kz. ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат және танымал сарапшы Айдос Сарым ұйымдастырды. Шарада Мұқағали Мақатаевтың тұяғы Жұлдыз Мақатаев, келіні Бақытгүл Айдарова, ел ақсақалы Асанәлі Әшімов бастаған жүз шақты қазақтың игі жақсылары бас қосты. Қоғам қайраткерлері, дипломаттар, жазушылар мен журналистердің Мұқаң туралы естеліктері айтылды.
Республикалық жарысқа қоғам қайраткерлері Төлеген Жүкеев, Балташ Тұрсынбаев, Бақыт Оспанов, өнер жұлдыздары Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев, Ғаббас Қабышұлы ақсақал, Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров, ақындар айтысын ұйымдастырушы Жүрсін Ерман, қазақ энциклопедиясының президенті Бауыржан Жақып, күй майталманы Шәміл Әбілтаев, ақындар Ибрагим Исаев, Шөмішбай Сариев, Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделханұлы сияқты қазақтың белгілі ақындары қатысты.
Мұқағали Мақатаев атындағы бильярдтан республикалық турнирдің бас демеушілері «Ордабасы» корпорациясының президенті Дінмұхаммед Ыдырысов, белгілі меценат, Алматы сауда палатасының президенті Ізбасар Бозаев, Алматы қалалық мәслихат депутаты Талғат Әбдіжапар, қоғам қайраткері Мұсағали Дуанбеков. Осы орайда Алматы сауда палатасының президенті Ізбасар Бозаев Жұлдыз Мақатаевқа «Қарасаз» атындағы сыйлық, Несіп Жүнісбайұлына «Хантәңірі», Ғабиден Жакеевке «Шалкөде» сыйлығы берілді. Жұмаш Көкбөріге «Алмас қылыш» сыйлығы табыс етілді.Жарыс қорытындысы бойынша төмендегі ойыншылар мынадай нәтиже көрсетті:
I орын - Нұртілеу Иманғалиұлы
II орын - Бақыт Беделхан
III орын - Тұрмағамбет Кенжебаев
IV орын - Мұхтар Түменбаев