Қазақ қоғамы ол кісіні жақсы біледі. Әсіресе, қолына қалам ұстаған журналистер қауымы. Жазушылар да. Мамадияр Жақып есімі 50 жылдан астам уақыттан бері кешегі «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің сарғайған беттерінде жазулы. Әріден іздей берсең, Семей облыстық газетінде, «Қазақ әдебиетінде», «Жетісуда». Баспадан шыққан кітаптары бар. Бас редактор қолтаңбасы да, жауапты хатшының безендіруі де бірден көзге түседі. Қазіргі «Егемен Қазақстанның» 15 жыл еншісіндегі тұрақты айдары «Дүбірлеген дүние» – саяси шолу түгелдей Мәкеңнің сараптамалары. Дұрысында, саяси көзқарастары. 95 жылға жуық тарихы бар «ЕҚ» газетінде шаршау дегенді білмейтін журналистер көп болған, олар әлі де бар. Біздің білетініміз Ержұман Смайыл еді, ендігісі – Мамадияр Жақып. «Газеттің бүкіл ауыр жүгін өз иықтарымен көтерген қара нары», дейді әріптестері. Және Жанболат Аупбаев бар. Ерағаң мен Жәкең әрине, бұл кісіге қарағанда әлі жастау ғой. Ал Мамадияр ағаның бас газет үшін жанын салып жұмыс істеп, кіршіксіз адалдықпен қызмет етуі, тап-тұйнақтай тындырымдылығы, жазған дүниесіне жарты ғасыр бойы «өзгенің» қалам ұшын тигізбеген терең білімді, көркем ойлары тарланбоз қаламгердің толымды болмысын көрсетсе, 75 жастағы аға журналист ретінде әлі де сапта.
Қазақ журналистикасының қалың шоғырында ардақты ағамызға жақын жүрмейтін журналист жоқ. Себебі үлкен жүректі адамның қамқор әкелік көңілі мен аялы алақанын сезіну оған деген жақындыққа тарта түседі емес пе?
Мамадияр Жақып – қазақ журналистикасында мойындалған адам. Қандай қасиеттері үшін дейсіз бе? Әуелі – талантты журналист, білікті редактор болды, мұнымен қоса, әділ, ұлт намысын қорғап, қызмет бабында қиянат көрсе де, ешкімді жазғырмай, мойымай, табандылықпен кеңестік үстемдікке қарсы тұра білген қаламгер.
Құдай басқа салмасын, қазір кейбір «қайраткерлер» жау қашқан заманда батыр болып жүр ғой, кешегі кеңестік империяның қылышынан қан тамып тұрған заманында көрген қорлығын бетке перде ұстамай, адамдық абыройы мен журналистік болмысын сақтап қалған бір кісі болса, ол біздің Мәкең.
«Мамадияр мектебі»
2012 жылы. Күз айы.
Шерағаңның, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында деректі фильм түсіру үшін екі ай уақыт әрі-бері әбден сабылдық.
Қолымызда сценарий бар, режиссеріміз де тәжірибелі. Жеті қаруымыз бойымызда. Әйтсе де 25 минөттік фильм түсіру оңай тимеді. Әсіресе, Шерағаң денсаулығына байланысты болды-ау, қойған сауалыңа жауап бере қоймайды. Жайшылықта да ағынан жарылып шешіле салмайтын әдеті бар. Ол да есте.
Сондай бір күні біз ол кісіге «Егемен Қазақстанда» жиі айтылатын әзіл-қалжыңды әдемілеп айта бастадық. Шерағаң да күлімсіреп, өткен жылдар оқиғаларын, журналист қазақ жігіттерінің жақсы қырларын еске алып отырды.
Әңгіме қызған кезде «Сіз кімдерді ерекше атар едіңіз?» деп сұрап қалдық. Шерағаң басын шұлғып отырып: «Е... Бәрі мықты ғой олардың. Ерекең бар! Ержұман Смайыл! Мәкең бар. Мамадияр Жақып! Нағыз газет үшін туған осылар. Олар болмаса...», – деп бізге көзін тіге қарады. Біз не дейік? «Көпшілігі еріншек. Ал олар ерінуді білмейді. Еңбекқор. Мамадияр мектебі деген – сол. Адал адамдар мектебі», – деді әрбір сөзіне салмақ әрі екпін түсіріп.
Бұл сөз «Шындықтың жебесі» деректі фильміне енген жоқ. Алайда жазбасы менде сақтаулы.
Алаш ардақтысының мерейтой салтанатында айтылған ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сөзімен келтірсек, «Қазақ баспасөзінің арғы-бергі және бүгінгі тарихында Шерхан Мұртазадай редактор болған емес», сол Шерағаң Мәкең жайында өте жоғары пікірге ие. Бұл жайдан-жай емес.
Мәкеңнің аралас-құралас адамдары да көп сырды аңғартады. Аударма әдебиетінің ақтаңгері Әбілмәжін Жұмабаев, көрнекті әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев, «ғылыми коммунизм» пәнінің профессоры Өмірсерік Шарипов, Тұманбай Молдағалиев секілді ақын-жазушылар еді.
Қызық, аты дардай кісілер өз достарын күн құрғатпай демейік, бірақ жиі-жиі редакцияға іздеп келіп жатады.
Сәлемдесу үшін Семей өңірінен де көптеген елдің беткеұстар азаматтары Мәкеңе арнайы келеді. Ағамыз болса, оларды туған бауырындай қарсы алып, үйінен дәм татқызбай жібермейтінін білеміз. Өйткені Абай елінде ол кісінің жалындаған жастық шағының іздері бар.
Мәкеңнің былайғы жұрт туған жері Шымкент жақтан екенін білмейді де. Себебі ол кісіде ауылдас, аталас демек түгіл, жерлестік секілді пиғыл да жоқ. Ондайдан мүлдем ада.
Ал мұндай пейілі пәк адамды қазір мына заманда таба аламыз ба? Әй, қайдам, болса да аз сияқты.
Мәкең қалыптастырған ізгілік мектебінің бірі иірімі, міне, сондай.
Ар алдында тұрғанда
Ар-ұяты бар адамдар қай қоғамда да бағалы.
Қоғам сондай адамдарға зәру. Әсіресе кешегі кеңестік дәуірде бәрі де «партиялық билетпен» жазылып, сызылып, қатал өмірдің өлшемі мен мөлшерінен асып-тасып кетпеу қатты назарда тұрды емес пе. Сәл қателестің бе, тіпті басың кетеді. Бұл «қызыл» саясат талай адамдардың өмірін қиды, түрлі азапқа салды. Қуған-сүргіннің көкесі «37-сінде» емес, 1987 жылдың өзінде де болған.
86-жылғы Желтоқсан оқиғасының суық ызғары мен соққан дауылы қазақ журналистерінің өмірімен де тікелей араласы бар. Қараңыз, Сағат Әшімбаевтар неге аласұрды? Қазақ телевизиясының журналистері көз алдында болып жатқан сұмдыққа өздері де араласты. Ұлттық намыс бәрін оятты.
Ал 1987 жылы 19 маусымда Алматы облыстық «Жетісу» газетінде Желтоқсан оқиғасына «басты кінәлі» деген сот үкіміне, Жоғарғы сот залында «өлім жазасы» оқылған сәтке қасқая қарап тұрған бес жігіттің суреті шағын түсініктемесімен қоса жарияланды.
Тарихи суретті түсірген – ҚазТАГ фототілшісі. Оны жариялаған басқа басылымдар емес, «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттері.
Мұның арты ойран болды. Демократия, сөз бостандығы мен ой еркіндігі деген қайта кұру идеялары далада қалды.
Орталық партия комитеті, өктемдік өкіметі өре түрегелді. Айқай-шу көтеріліп, онсыз да жанын жегідей жеп жүрген журналистерді «ұлтшылдар» деп қуғынға түсірді.
Соның ең көп азабын тартқан Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Мамадияр Жақып еді. Мен сол кездері ағаның қол астында қызмет еттім. Бәрін өз көзіммен көрдім, обкомда (оның алдында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросында, Г.Колбиннің зәр шашқан жиынында Мәкеңе сұқ саусағын шошайтып: «Егер ертең студенттер осы газеттегі суретті қолдарына ұстап көшеге шықса, сені көремін сонда», – дегенді де естіп келгенінен хабардар болатынбыз). Бірінші хатшы М. Меңдібаев бастаған «бюро мүшелері» көзімізге көк шыбын үймелетті, «кілең қазақтар тұратын жерден келген ұлтшылдар» деді ме, «саяси қырағылық таныта алмады» деді ме, бәрін теріске шығарды. Арнайы ақпарат желісімен келіп түскен бұл суретті жариялау міндеті де – ресми, оны қинала отырып жариялаған сәтті ескерген ешқайсысы жоқ. Амал бар ма?
Сол обком бюросында қызметінен шеттетіліп, партия қатарынан шығарылып, тағдыры қыл көпір үстінде тұрған тұста Мамадияр ағаның: «Сіздер басқа журналистерді қудалауға салмаңыздар, бәріне мен кінәлімін, мені қалай жазалауды жөн деп табасыздар, солай жасай беріңіздер» дегені әлі құлағымда тұр. Дар алдында тұрғандай болса да, батылдық рухпен жауап берді.
Еңсесін тіктеп алды да, мінберден еш рұқсатсыз-ақ өзі түсіп жүре берді...
Содан Мамадияр ағаның өзі мамандығымен жұмыс істеуі үшін бас қаладан бір орын табыла қоймады. Әлдебір кісілердің жанашырлық танытып, араласуымен ғана Қаскелең аудандық баспаханасынан қарапайым корректорлық жұмысты әрең тапты.
Әйел – еріне, ал ері жерге қараған уақыт болды. Езді, езілді, егілді. Зорлыққа шыдамай, жүрекке зіл батпан салмақ түсті.
Бірақ Мәкең екінің бірі бас көтере алмайтын қиын сағаттарда ерге тән табандылық көрсетті. Мойыған жоқ. Бәріне шыдады.
Шерағаң айтқан Мамадияр мектебінің тағы бір тұсы осы болар.
Жаяу жүріп аялау
Мәкең «Жетісу» газетін басқарған аз жыл ішінде өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді.
Ұзақ жылдар бойы «СҚ»-ның тәртібіне үйренген Мәкең журналистерге еркіндік берді, өткір тақырыптарға қозғау салды. Темірдей тәртіпті ұстанады әрі өте қарапайым. Әйтсе де басынан ешқашан сөз асырған емес.
Бұл өмірде біреудің ала жібін аттамаған Мәкеңнің көп оқып, көп білетінін бәріміз мойындағанбыз. Сонымен бірге азаматтық ірілік танытуы ерекше. Мәселен, қайсыбір кісілер сияқты, алыс-жақын жерге «мерейтойым болатын еді немесе кітап шығарайын деп едім» дегендей сипаттағы өтінішті жазбақ түгіл, ауызша да айтып көрген емес. Ондай әдет ол кісі үшін ұсақ- түйек, ұят нәрсе сияқты болып көрінеді. Әйтеуір осылай сезінеді. Таңғаласыз ба, әрине, таңғалмасқа лажың жоқ.
Қолы қалт еткенде «Мергенбайдың айтқандары» деген сатиралық әңгімелер жинағы, қаламгерлік эссе-әңгімелер болып шығып жатады.
Біздер оны қызыға оқимыз.
Иә, заман түзеліп, Мәкең әдеби ортаға, журналистер базарына қайта оралуының сәті түскенде ол кісіні қуана қарсы алу нағыз құрмет еді.
«Егеменге» келді. Дұрысында шақыртып алды. Бас редакторлар Нұрлан Оразалин,Уәлихан Қалижанов, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахмановтар Мәкеңнің төрге оздырған абыройын жастарға үлгі жасай білді.
Ал ол кісі өз кәсібіне құлшына кірісіп, «Егеменнің» шаңырағына берік уық боп қадалды.
Жайма-шуақ сағаттарды осынау мейірімді әрі өз жұмысына құлай беріліп, Құдай сүйген адамның Ұзақ Бағаев, Балғабек Қыдырбекұлы, Сапар Байжанов, Көрік Дүйсеев сияқты өзі құрметтейтін ел ағалары жайында айтар әңгімелері – өз алдына бір кісілік кітап. «Олар жақсы адамдар еді» деп өмір тағылымын, ізгілік тәрбиесін үйретіп келеді.
Қазір нарық заманында ақша, пайда таппаса, аттап баспайтын жаман пиғыл пайда болды ғой. Күндердің күнінде амандасу да сатулы бола ма екен деп қаласың, оны несіне жасырамыз.
«Елге ұлттық рух, ұлттық идея керек» деп жарыса айтып жатамыз ғой. Елдік бір идея міне! Оны Мәкеңнің бастамасымен дүниеге келген «Ұлыларға тағзым» деген ұжымдық сапарынан іздеп көрелік. Ол кісі ұлылардың тойына ұлттық ой-сана алып барады. Қазақ даласында Абай, Жамбыл, Махамбет, Қаныш Сәтпаев және басқа да ұлттың дара перзенттерін ұлықтауды алға қойған экспедиция жорығы бұл күндері журналистика тарихына енді.
Зиялы қауымнан құралған (оның да өз өлшемі бар, елге белгілі еңбегі мен қызметі болуы керек, алыс жолға шыдамды болуы да шарт) экспедиция мүшелері апта бойы, он күн ішінде сан жүз шақырым жол жүріп, сол өңірде ел ішін аралап, тағзым жасау қандай ұғым екенін насихаттайды.
Қайсыбіреулер тойға барғанын да пұлдап пәле болады. Ал Мәкеңдер, керісінше, ұлылар мерекесіне жаңаша мазмұндық сипат беруді мақсат етеді. Ұшақпен ұшпайды, жаяу жортады. Бұл «жұртым» деген қайраткер – қазаққа тән игі іс. Семейден, Алматыдан, Түркістаннан, Атыраудан көпшілікке танымал азаматтар кезекті жорыққа шығар сәтті күтіп, баяғы Шоқан Уәлиханов экспедициясындай сағынып жүреді.
Жүрген іздері өшпейді,сол сапары жайында бес кітап жазып тастады.
«Мамадияр мектебі» деп Шерағаң осы тұнық көңілді, мәрт мінезді азаматтың осы қырларын меңзеген екен-ау.
Егеменді туған елі де, қаламгер қауымы да ол кісіні төбесіне көтерді. Үзеңгілес жолдастарының айтуы бойынша, 80-жылдары Мамадияр ағаның үлкен еңбегін бағалаған ұжым басшылығы оны «Құрмет» орденіне ұсынады. Алайда ол кісі мұндай құрметке лайықты деп өзінен жасы үлкен, ардагер журналистке жолын беріпті. Осы бір былайғы жұрт біле бермейтін, шығармашылық адамдардың арасында жиі кездесе бермейтін ізгілік сәтті қатарлас әріптестер ылғи үлгі ретінде алға тартады.
Бұл күндері ағаның омырауында азат Қазақстанның «Құрмет» ордені жарқырайды. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Еліміздің Құрметті журналисі. Адал еңбегі мен қызметіне берілген бұл мемлекеттік марапаттаулар азаматқа деген елдік құрметтің жарасымды көрінісі деп білеміз.
Иә, әркім-ақ армандайтын асыл қасиеттерді бойына жинаған жақсы адам жанымызда жүр. Біз жаны таза, рухы мықты қазақты мақтан етеміз. Қайда жүрсек те.
Мамадияр мектебі деген – осы...
Последние статьи автора