Қызылжарда поэзия пайғамбары Мағжан Жұмабаев туралы түсірілген «Мағжан» деректі-көркем фильмнің тұсаукесері өтті. Кинода ақынның балалық шағынан бастап, түрмеде өткен соңғы сәттеріне дейін көрініс тапқан. Киногерлер бұл туындыны ақынның 120 жылдық мерейтойына тарту ретінде ұсынып отыр.
Режиссер Марат Қоңыров бастаған кино мамандары Мағжан туралы фильм түсіруді былтыр қолға алған болатын. Картинаның біраз бөлігі ақынның туған жері Қызылжарда, нақтырақ айтсақ, Сасықкөлдің жағасындағы Сарытомар ауылында және Жамбыл ауданындағы мұражайда түсірілген. Ал негізгі оқиғалар Мағжанның қызмет еткен қаласы Қызылжарда болған. Шаһарда ақын тұрған үй, сондай-ақ бір ғасырдан астам тарихы бар саябақ сақталып қалған. Мағжан осы бақта кешкісін қыдырғанды ұнатқан екен. Режиссердің айтуынша, алғашында тек деректі фильм түсіру көзделген. Бірақ таңдап алынған тақырыптың ауқымдылығын ескере отырып, деректі-көркем фильм жасауды ұйғарыпты.
Киноға кәсіпқой әртістермен бірге ауылдың тұрғындары да тартылған екен. Ал басты кейіпкерді төрт бірдей әртіс сомдаған. Төрт жасар Мағжанды Едіге Әбдірахманов, ал бозбалалық шағын Мейіржан Бейсембеков ойнаған. Ақынның ақын болып қалыптасқан тұсын Дархан Қалиев, ал өмірінің ең қиын кезі – «халық жауы» атанып, түрмеге жабылған тұстарын танымал әртіс Дулыға Ақмолда сәтті сомдап шықты.
Марат ҚОҢЫРОВ, режиссер:
– Мағжанның өміріне үңілген сайын қызыға түстім. Ақынның өмірі әлі толық зерттеліп болған жоқ. Сондықтан маған да архив ақтаруға тура келді. Сценарийін жазу үшін тергеу хаттамаларын ашып, түгел оқып шықтым. Соңғы кездері Мағжанның атылмағандығы жөнінде айтылып жүр. Оны да киноға енгізуші едік, бірақ нақты дерек болмады. Сондықтан ресми құжаттарға сүйеніп, 1938 жылы атылғанымен аяқтаймыз. Фильм демеушілердің қаржысына түсірілді, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі көп қолдау көрсетті. Ал енді бағасын көрермен бере жатар.
Дархан ҚАЛИЕВ, Мағжанның рөлін сомдаған әртіс:
– Мен 2001 жылы оқуға түскен кезде достарым маған Мағжанға ұқсайсың дейтін. Мен оған мән бермедім. Ал былтыр тағы бір досым Мағжан туралы кино түсірілгелі жатқанын айтып, кастингке қатысуды ұсынды. Баяғыда достарымның Мағжанға ұқсататыны есіме түсіп кетіп, кастинге бардым, бірден өтіп кеттім. Осылайша ұлы ақынның рөлін сомдау бақытына ие болдым.