Асқар Бөрібаев, ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі:
Тәуелсіздік жылдары мәдениет саласы жаңа серпінмен дамып, жоғалтқанымызды тауып, өшкенімізді қайтадан жандырып, өзіміздің мәдени мұрамызбен қайта қауыштық. Қазіргі таңда мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін 40 республикалық және 7 мыңнан астам облыстық деңгейдегі мәдениет ұйымы қызмет етуде. Олардың ішінде 173 мұражай, 4078 кітапхана, 2859 клуб, 44 театр, 25 концерт ұйымы, 31 кино және телетеатр, 3 хайуанаттар бағы, 2 цирк, 26 мәдениет және демалыс саябағы бар. Республикалық деңгейдегі мәдениет ұйымдарының жүйесі бүгінгі күні келесідей: 9 театр, 7 концерт ұйымы, 3 кітапхана, 6 мұражай, 9 тарихи-мәдени қорық-мұражай,1 кинокомпания және 6 өзге нысандағы ұйым.
Астана төрінде өтетін тағылымды жобалар
2012 жыл еліміздің тарихына «Астана – түркі мәдениетінің астанасы жылы» және «Астана – Достастықтың мәдени астанасы жылы» ретінде еніп отыр. Бұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауында атап өткен болатын. Осы жылы Қазақстан өзінің Тәуелсіздігінің 21-жылына аяқ басып, өзінің төл мәдениетін дамытуға, әлеуметтік маңызды халықаралық және республикалық мәдени іс-шараларды жүзеге асыруға, сондай-ақ бұл саладағы қордаланған мәселелерді шешуге жең түре кірісті.
Міне, өзінің азғана ғұмырына қарамастан Еуразия төріндегі әсем Астана бірте-бірте әлем қауымдастығы үшін іргелі орталықтардың біріне айналып келеді. Жоғарыда аталған екі ірі жоба барша түркітілдес және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің қалыптасуы мен өркендеу жолына түсулеріне соны серпін берері сөзсіз. Ал Астана үшін бұл халықтық және жалпыұлттық оқиғаға айналмақ.
Жобалар аясында халық биі фестивалін, «Астана-арқау» – түркі мәдениетінің фестивалін, түркі мемлекеттері суретшілерінің ХV кездесуін, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер шеберлерінің қатысуымен «Арт-дала» халықаралық суретшілер көрмесін, «Достастық кітапханалары: ықпалдастық, инновация және барлығына қолжетімділік» атты Достастық елдердің кітапханашыларының форумын өткізу, Астанадан күй атасы Құрманғазыға, дарабоз батыр, талантты қолбасшы Қабанбай батырға ескерткіш орнату, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының жаңа ғимаратын ашу, әртүрлі ғылыми конференциялар, форумдар, кездесулер, тағылымдамалар, ұзын саны 100-ге жуық әлеуметтік маңызды мәдени іс-шара жүзеге асырылады.
Елордамыздың биылғы жылғы мәдени өміріндегі тілге тиек қылар оқиғалардың бірі – Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының жаңа ғимаратының ашылуы. Осыған орай өткізілетін гала-концертке әлемнің әйгілі «Ла Скала», «Ла Фениче», «Метрополитен-опера», «Гранд-опера», «Ковент-Гарден», сондай-ақ Ресейдің Үлкен және Мариин театрларының маңдайалды солистері келіп, астана тұрғындарына өз өнерлерін паш етпек.
Сондай-ақ Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына орайластырып жасалып жатқан «Біржан – Сара» операсының жаңа редакциядағы қойылымының тұсаукесері болады. Бұған қоса үстіміздегі жылы елордамызда Қазақстан тарихы мұражайы ашылмақ. Қазір аумағы 62 мың шаршы метр алып нысанның құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл көлемі жағынан бүкіл Орталық Азиядағы ең үлкен мұражай болып саналады.
Таланттардың бағын ашар байқаулар
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспарында бірқатар өнер сайысын өткізу көзделіп отыр және олардың бірен-сараны өтіп те үлгерді. 24 ақпанда елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Астана 2012 – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты, Алматы, Астана қалаларында қазақтың бұлбұлы, халқымыздың маңдайына біткен тұңғыш кәсіби опера әртісі Күләш Байсейітованың 100 жылдығы, сәуір-мамыр айларында 49 үміткердің бағын сынаған дүлдүл күйші Құрманғазының ІХ республикалық конкурсы, Алтай мен Атырау, Арқа мен Сырдың арасын кең жайлаған Қазақ елінің түкпір-түкпірінен келген дарындардың басын қосқан Нұрғиса Тілендиевтің ІІ республикалық дирижерлер конкурсы өткізілді. Соңғы аталған конкурстар іспетті төл өнерімізді қолдау мақсатындағы өнер сайыстарын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Олар екі-үш жылда бір рет ұдайы түрде өткізіліп тұрады. Ол орынды да. Ақиық ақын Қадыр Мырза Әли: «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деп жырласа, Бауыржан Момышұлы бабамыз: «Домбыра – қазақтың қасиетті дүниесі... Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал халықтың жанын түсінбеу деген – тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып, сая да болмайды, жеміс те бермейді», – деп ұлағатты сөз қалдырған. Сондықтан төл өнерімізді қастерлеу, сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – баршамыздың парызымыз және Мәдениет және ақпарат министрлігінің күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі.
«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстың нәтижелері «Мәдени мұра» интернет порталы арқылы халыққа жол тартты. Өткен жылы бұл портал толығымен жаңартылды. Қазіргі таңда онда 1 млн файл, 2 мың фотосурет, 360 кітап, 50 бейнематериал орналастырылып, жалпы көлемі 70 Гб құрайтын ақпарат жинақталды.
2012 жылға жоспарланған серпінді жобалардың қатарында «Отаным – бақыт мекенім» атты шағын қалаларды гастрольды-концерттік шаралармен қамту, «Ел іші – өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық халық шығармашылығы байқауын өткізу жөніндегі жобалар тұр. Министрліктің осы игі бастамасы халықтық өнерді дәріптеуді, ел ішіндегі таланттарға қолдау көрсетуді көздейді. Бұл дода биыл алғашқы рет өтіп отыр.
Үстіміздегі жылдың еншісінде Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, ұлттық өнер және әдебиет туындыларын насихаттау, республика театрлары мен концерттік ұйымдары репертуарларын бүгінгі күннің талабына сай көркемдік деңгейі жоғары жаңа туындыларымен толықтыру мақсатында «Тәуелсіздік толғауы» конкурсын өткізу міндеті тұр. Аталған конкурс Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастырумен осымен үшінші рет өткізіледі. «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы жастар аудиториясына арналған ең үздік музыкалық-драмалық көлемді шығарма (мюзикл, рок-опера-балет), қуыршақ театрларына арнаған ең үздік драмалық шығарма, қазақ халық аспаптарына (қобыз, домбыра, сыбызғы) арналған кіші көлемді ең үздік шығарма (күй), хорға арналған ең үздік шығарма және ең үздік балалар әні номинациялары бойынша өткізіледі. Бақ сынап, қатысамын деушілерге есік ашық. Осынау министрліктің төл өнерімізді дамыту үшін іске асырар өнер сайысы ұзағынан болып, ел игілігіне еңбек етер деген ойдамыз.
Осы жылы өткізілетін «Ұлы дала сазы» халықаралық дәстүрлі орындаушылық өнер фестивалі, «Қорқыт» халықаралық конкурсы, Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі, Халықаралық скрипкашылар және балет әртістері конкурстары, республикалық ақындар айтысы ел өмірінің елеулі оқиғалары болмақ.
Қазақ кинематогрАфиясы мен театрындағы сәтті қадамдар
Соңғы жылдары отандық кинематография саласы да қарқынды даму үстінде. Тәуелсіздік жылдары ішінде «Қазақфильм» киностудиясында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні отандық киностудияда түрлі жанр мен форматтағы фильмдер түсіруге мүмкіндік беретін қазіргі заманғы және жоғары дәрежелі жабдықтар орнатылған. Қазақстандық кино арт-хаустан бастап коммерциялық, прокат пен көрермендік сияқты жанрлар түрінде түсірілуде.
2007 жылдан бері толықметражды көркем, деректі және мультипликациялық фильмдер санының өсуі байқалып отыр. 2008 жылы «Қазақфильм» киностудиясы 5-тен астам кинокартина шығара бастаған болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш – 10-нан, 2010 жылы – 14-тен, 2011 жылы 15-тен асты. Сонымен қатар жаңадан ашылған кинотеатр мен кинозалдардың саны жыл сайын артып келеді. 2010 жылы 87 кинотеатр мен 200 кинозал болса, кинотеатрлардың жылдық өсімі 15%-ды құрап отыр. Жылдан-жылға кинотеатрларға келушілердің саны ұлғаюда.
Әр жыл сайын мемлекеттің қолдауымен отандық опера және балеттің жетекші орындаушылары «Ла Скала» театры академиясында, Вена операсында, Мариинск театрында, Перголези Спонтини қорында, Болоньедегі Итальяндық опера мектебінде тағылымдамадан өтіп, шеберліктерін шыңдап жүр.
Жыл сайын еліміздің театрларында мыңнан астам спектакль қойылады. Олардың 30-40-ы – отандық және шетелдік хореографтардың, балетмейстерлердің, режиссерлердің, «Тәуелсіздік толғауы» шығармашылық байқауы жеңімпаздарының жаңа туындылары. Соңғы жылдары Мәдениет күндері форматындағы іс-шаралар барлық ТМД мемлекетінде, Еуропа мен Азияның, Таяу Шығыстың жетекші елдерінде ұйымдастырылды. Биыл Әзірбайжанның Қазақстандағы және Қазақстанның Әзірбайжандағы мәдениет күндері, Үндінің, Вьетнамның және Кореяның Қазақстандағы мәдениет күндері, сондай-ақ Қазақстанның Кореядағы мәдениет күндері өткізіледі.
Заманауи кітапхана көбейіп келеді
Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басымды бағыттардың насихатталуына кітапхананың қосар үлесі шексіз екенін ешкім жоққа шығара алмайды. 2007 жылы елімізге қызмет көрсететін кітапханалардың саны 3725 бірлікті құраған болса, қазіргі уақытта республика тұрғындарына 4081 мәдениет жүйесінің кітапханалары қызмет көрсетеді. Ауылдық аймақтардағы кітапхана саны 3289-ды құрап отыр, бұл тұрғындардың 29 %-ын қамтиды. 2011 жылы ауылдық жердегі кітапханалардың саны 30 бірлікке артқан. Бүгінгі күні кітапханаларда барлығы 70 469,7 мың дана кітапханалық қор бар. Оның ішінде қазақ тіліндегі қордың жалпы саны 19 060,7 мың дананы (27 %) құрады. Ағымдағы жылы аталған қор 10,7 мың данаға толықтырылып, соңғы 10 жылда 2 млн 900 мың данаға артты.
Қазіргі таңда кітапхана саласына автоматтандырылған ақпараттық жүйелер мен технологияларды ендіру саласы дамып келеді. Интернет жүйесіне тұрғындардың қолжетімділігін арттыру мақсатында аймақтарда ақпараттық технологиялармен жасақталған модельдік ауылдық кітапханалар салынуда. 2011 жылы олардың саны 268-ге жетті. Бұған қоса кітапханалардың компьютерлік паркі де артып келеді, бүгінгі күні олардың саны 4230 бірлікті құрады. Сонымен қатар кітапханалар бірлесе отырып электрондық кітапхананы құру жөнінде жұмыс атқарып келеді, олар электрондық каталогтер мен сайттарды жасап, кітапханалық электронды қызметтерді дамытуда.
«Мәдени мұра» игілігі
Елбасымыздың идеясымен өмірге келген «Мәдени мұра» бағдарламасы 2011 жылдың желтоқсанында қорытындыланғаны белгілі. Ендігі жерде «Мәдени мұра» бағдарламасымен басталған барлық ауқымды жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық жоспары аясында жалғасын таба бермек. Келер жылдан бастап еліміздің атақты өнер қайраткерлері портретін сомдайтын жаңа серия жарық көре бастайды. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде жариялануы қолға алынған «Бабалар сөзі», «Әлем әдебиетінің кітапханасы», «Библиотека казахской литературы» секілді сериялы кітаптарды шығару ісі жалғасатын болады.
Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі ЮНЕСКО-ның екі конвенциясына қосылды. «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» конвенция салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, мейрамдар, дәстүрлі кәсіптермен және табиғатпен байланысты білімдер мен дағдыларды қорғауға бағытталған. Осыған орай, бүгінде елімізде материалдық емес мәдени мұраның тізімі жасалуда. Сонымен қатар министрлік халқымыздың құнды мәдени мұрасы айтысты және киіз үйді жасау дәстүрін ЮНЕСКО дайындайтын Адамзаттың материалдық емес мұрасының көрнекі тізіміне енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондағы негізгі мақсат – еліміздің рухани мұраларын сақтап, халықаралық деңгейде насихаттау, олардың қоғамдағы маңызын одан әрі арттыра түсу болып табылады.
Адам баласы материалдық құндылықтармен қатар, рухани азықты да қажет етеді. Бұл ретте мәдени ошақтардың алар орны ерекше. Ел бойынша қарастыратын болсақ, ауылдық жердегі клубтардың саны 2826 бірлікті құрап, олардың саны жыл сайын 20-30 бірлікке өсуде. Оған қоса елімізде 10 мыңнан астам өнерпаз ұжымы бар, олардың 8,5 мыңы (77 %) ауылдық аумақтарда орналасқан.
Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында мәдениет пен өнер қайраткерлеріне ұдайы көңіл бөлініп тұрады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 3 сәуірдегі № 369 Жарлығына сәйкес, әдебиет пен өнер қайраткерлеріне мемлекеттік қолдауды арттыру мақсатында жыл сайын мәдениет саласындағы 20 айлық есептік көрсеткішті құрайтын 50 мемлекеттік стипендия тағайындалады. Мемлекеттік стипендия шығармашылық мамандықтардың дарынды жастарына және Қазақстанның өнері мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан қайраткерлеріне материалдық қолдау көрсету ретінде беріліп келеді.
Иә, Мәдениет және ақпарат министрлігінің үстіміздегі жылы атқарар игі бастамалары мен жобалары ел өміріне ерекше серпіліс берері, сондай-ақ стратегиялық мақсаттарға жетуге және ұлттық құндылықтарды ұйыстыруға ықпал ететіні хақ. Ендеше, қасиетті өнеріміз бен төл мәдениетіміздің болашағы үстем болсын!