Қазақтың марғасқа батыр ұлдарының бірі — Күшікбай батыр ескерткішінің жобасы бекітілді. Ескерткіш келер жылы Семейден Абай еліне 50 шақырымдай жерде, батыр зиратының маңынан бой көтереді. Қыркүйектің 8-і күні басталған құрылыстың алғашқы кезеңі аяқталды.
Абай ауданына баратын жол бойында Күшікбай батыр зираты бар. Халық батыр басына тәу етіп өтеді. Қысы-жазы қатпайтын бұлақ суынан дәм татпайтын пенде кемде-кем. Себебі суында дертке шипа күміс бар. Енді сол жерден Күшікбай ескерткіші бой көтеретін болады. Әзірге ескерткіштің іргетасы құйылды. Тарихи мекендегі ескерткіш батырдың байрақты дулығасы бейнесінде жасалған. Жоба авторының айтуынша, ақсақалдармен ақылдасып, арнайы комиссияның шешімінен кейін осы жоба мақұлданған.
Мәдуақас МЫРЗАХАНОВ, сәулетші:
– Бұл жоба – бірнеше жылғы ізденістің жемісі. Көп ойланып барып жасадық. Кейбіреулерге ұнамады да. Мұхтар Әуезовтің Күшікбай туралы жазған кітабын оқып шығып, осы жобаны жасадық. Оны батырдың дулығасы мен киіз үйдің кескіні сияқты пошымға келтірдік.
Маңғыстаудың ақ тасынан жасалатын ескерткіш дулыға, киіз үй, домбыраны бір өзіне біріктірген ескерткіштен қос аққу бейнесін де аңғарамыз. Жоба авторларының айтуынша, ол – пәктіктің белгісі. Көк аспанға мойындарын созған құстар мәңгілікке ұмтылысты аңғартады. Күшікбай батыр елі мен жерін қорғау жолында 21 жасында мерт болған.
Келесі жылдың маусым айында сайын дала төсінде Күшікбай ескерткіші орнатылатын болады. Жобаның құрылысы 17 млн теңгеге бағаланған. Ол шығынды демеушілер мен меценаттар, Қазақстанның барлық өңірінің азаматтары көтеріп алмақ.
Күшікбай батырға ескерткіш орнатылады
Последние статьи автора