Күлдіргі бағдарламалармен күлкіге қалып жүрген жоқпыз ба?
Қазіргі таңда жұмыстан қалжырап келген әр адамның үйге келгендегі басты ермегі теледидар екені анық. Күнде кешкісін қосып өзіңе қажетіңді тамашалайсың. Бірақ бір ащы өкініш қашан да көкірегіңді осып қамшылағандай болады. Қандай дейсіз ғой? Айтпағымыз арық аттың арқасындай болып жазыла-жазыла жауыр болған ана тілінің мәселесі. Идеологиялық басты құралдың әлі күнге қазақ тіліне қырын қарауына қашан тосқауыл қоямыз? Әлде іс жүзінде Елбасы мен Үкіметтің елу пайыз мемлекеттік тілге көшу туралы зілді тапсырмасы қағаз жүзінде қала ма?!.
Бүгінде елімізде «Қазақстан» ұлттық арнасынан басқа отандық телеарналардың ана тілін аттап кетіп жатқанын айтпасқа болмас. Бүгінгі санымызда біз солардың бірі НТК арнасын сын садағына алмақпыз. Алдағы жолы басқа отандық телеарналардың қазақ тіліне қаншалықты маңыз беретіні жөнінде оқырмандарымыз ой түйетін болады.
Таңның атысынан күннің батысына дейін ресми тілдің жалауын көтеретіндердің ішінде «НТК» арнасы да қалыспай тұр. Өйткені бағдарламалары мен көрсетілімдерінің жартысынан астамы орыс тілінде. Қазақ тілін бекітілген міндетті орындау үшін жасайтындай ойға қалдырады. Олай айтуға себеп те бар. Кешкі сағат жетіден он бірге дейін прайм-таймда (адамдардың теледидарды көп көретін уақыт) бұл арна мемлекеттік тілге көңіл бөлмейді де. Қарағаны былай тұрсын қазақ тілін менсінбеушілік мен мұндалап тұрғандай көрінеді.
Сарапқа салып көрейікші. Арнадағы ана тіліндегі бағдарламалар қаншалықты маңызды? 50/50-ді орындап жүрміз деп жоғарыға тұрақты есеп беретін арна есі бар елді есекке балай ма? Газетті алып телебағдарламасына көз жүгірттік. Көргеніміз бар болсын... Көзіміз шарасынан шықты. Телміре көретін телехикаялар мен ғаламтордағы қызықтардан басқа қазақ тіліндегі бағдарлама жоқ.
Көзімізге ерекше түскені арнаның күлдіргі бағдарламаларының көптігі болды. «Күлкілі оқыс оқиғалар», «Тек күлкі үшін», «Күлкі ойнақ», «Күлегешті күлдір», «Қып-қызыл күлкі». Бұлардың бәрі ғаламтордан тартып алынған шетелдік хабарлар. Көріп күле бер дейді... Сонда кімге күлеміз? Ана тілін аяқтан шалып, ресми тілді төбемізге көтергеніміз үшін күлеміз бе?!. Күнделікті көрсететін күлдіргі бағдарламалар тақырыбы қазақша болғанымен ана тілінде бір ауыз сөз де айтылмайды.
Қалғаны теледидарға еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін телмірте қарататын аударма телехикаялар. Оның өзі жұрттың бәрі шырт ұйқыда жатқан кезде қойылады. Сонда мұнымен қайтіп қазақ тілін орындаймыз деп айтады?
Миллиондаған тұрақты көрермені бар арнаның мемлекеттік тілге бұлайша қарауына кім жол берді? Бізді осы мәселе қызықтырады.
Айғаным ЖОЛТАБАРОВА, зейнеткер:
– Отандық арналардың ішінен тек ұлттық арнаны ғана көремін. Қалғаны орыс тіліне біржола көшкен тәрізді. Тіпті, ресейлік бағдарламалары мен шоулары әлі күнге отандық арналарда көрсетіліп келеді. Бұл дегенің барып тұрған масқара ғой.
Орыс басылымдары мен телеарналары қазақтың БАҚ-ын шаң қаптырып кетті дегенді жиі айтамыз. Ал оның себебіне ой салып үңілген жан бар ма?
Бұл жайды қалай шешуге болады? Бәлкім НТК сияқты арналарда «Күлдіргі бағдарламалардың» орнына күлмейтін қазақы бағдарламалар ашу қажет шығар. Бұл әрине құзырлы органның құзырындағы шаруа.
Бәлкім, министрліктегілер қарауындағы бес-алты отандық арнаның қазақшасын қатаң қадағалауы қажет шығар. Сонда ғана «күлкілі жағдайлар» көрсетілуін тоқтатып, көсегемізді көгертіп, тіліміздің тірегін нығайтар бағдарламалар көрерменге жол тартатын болар. Сіз қалай ойлайсыз?