Күйші Мұрат кешіне шақырады
Кешегі Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгірлердің бармағынан тамған тылсым құдіретті бүгінге жалғап жүрген күйшілер бүгін де бар. Солардың бірі – елге танымал күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, ҚР мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы.
Өнерде өзіне тән сүрлеуі бар Мұрат Әбуғазыны тек дәулескер күйші деп қарасақ, жеткіліксіз, сонымен қатар ол – күй менен әндердің тарихын зерттеу ісіне де барынша үлесін қосып, барын түгендеп, жоғын бүтіндеп жүрген азамат. Осы салада автор болып та үлгерген Мұрат Қазенұлын оқырман «Шығыстың шыңырау күйлері» деген антологиясымен қатар, «Қазақтың 1000 күйі» секілді ірі еңбектерді құрастырушысы деп те біледі.
Алайда күйші осы уақытқа дейін әлі өзінің жеке кешін өткізбеген екен, енді биыл Алматы қаласының «Мәдениет жылына» орай, осы іске тәуекел етіп отырса керек. Сонымен ертең, яғни, мамырдың 30-ы күні сағат 18.00-де ғылым ордасының концерт залында (бұрынғы ғалымдар үйі, Құрманғазы көшесі, 29 үй) күйші Мұрат Әбуғазының «Дүлдүл домбыра, күмбір күй» атты жеке концерті өтеді. Ол кеште сонау Кетбұға бабамыздан бастап, Тәттімбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Сүгір, Дина, Нұрғиса сынды қазақ күй өнері жауһарларының ең таңдаулы, ең танымал күйлері шертілмек. Концертке сондай-ақ «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және ҚР мәдениет қайраткері, сыбызғышы Талғат Мұқышев, әнші Ардақ Исатаева, жыршы Ұлжан Байбосынова сынды өнер майталмандары қатысады.
Келем деушілерге есік ашық.