Кеше елордадағы Президенттiк мәдениет орталығында орын тепкен Алтын және бағалы металдар мемлекеттiк мұражайының «Күмiс залында» Баһаргүл Төлегенқызының «Жүрегiмде – Отаным» атты этно-жәдiгерлер көрмесi өттi.
Шараның өтуiне Мәдениет және ақпарат министрлiгi мен Президент жанындағы Отбасы iстерi және гендерлiк саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясы қолдау көрсетiптi. Көрменiң ашылу салтанатына Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев, зиялы қауым өкiлдерiнен Ақселеу Сейдiмбек, Қаржаубай Сартқожаұлы және аталған мұражайдың директоры Гүлшат Тәңiрбергенқызы қатысты.
Он саусағынан өнер тамған шеберлердiң қолынан шыққан мұндай құнды заттарды Баһаргүл ел аралап жүрiп жинаған. Кейбiрiн сатып алған, кейбiрiн Қытайдан әкелген заттарына айырбастап алған. Рухани жәдiгерлерiмiз ұмыт болып, жұрт күнкөрiстiң арзан жолына әуес болған мына заманда өзiнiң жан қалауымен көне мұраларымызды ұлықтап жатқан қазақ қызына жиналған қауым разы болды. Елдiң түкпiр-түкпiрiнде көрме өткiзуге ниеттенiп отырған Баһаргүл биыл Лондонда өтетiн Дүниежүзi қазақтарының кiшi құрылтайына жәдiгерлердi алып барсам деген ниетте. Алдында Германия мен Швецияда өткен кiшi құрылтайда бұл зергерлiк бұйымдарын жұрт назарына ұсынып қайтыпты. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы, республикалық «Жас Отан» жастар қанаты және Астана қалалық Тiлдер басқармасы мен Алтын және бағалы металдар мемлекеттiк мұражайы ұйымдастырып отырған көрменiң есiгi 25 наурызға дейiн ашық.
Көрмеде – көне ғасыр заттары
Последние статьи автора