«Көліктер» қазақ балаларын баурай бастады
Қазақ бүлдіршіні күні бүгінге дейін әлемдік анимация кейіпкерлерін орысша тыңдап, былдырлаған тілін шүлдірлетіп келді. Өрмекші адам, Наруто болсын, «Мұз басу дәуірі» болсын бәрі-бәрі басқа тілде сөйлеген соң, баланың көкейінде «неге мен де солар секілді сөйлемеймін?» деген сауал туындары хақ. Көп күттірсе де, мультфильм кейіпкерлері қазақша үн қататын күнге жеттік. Ең алғаш ана тілімізге сөйлеген туынды «Көліктер 2» болып, қазақ анимациясы тарихына қалды.
Голливудтық компаниямен серіктес ретінде қолға алынған бұл жоба арқылы Қазақстан сондағы 39-дубляж тілі болып тіркелгенін айта кеткеніміз өте орынды. Ал негізі, елімізде Disney/Pixar студиясымен алғаш байланысқа түсіп, осы бастаманы қолға алған, сондай-ақ бейнематериалдары мен диалог мәтіндерін ұсынған «Болашақ» қауымдастығы болатын. Сондай-ақ «Меломан» компаниясы мен «Алтын қыран» қоры да осы серіктестер қатарында. Бүгінде өздерінің о бастағы мақсаттарын соңына дейін жақсы жеткізген топ ел үшін бір іс тындырдым деп толығымен айта алады. Ерте көктемде бастаған жұмысты екі жақ бірігіп, Балалар күні қарсаңында-ақ бір ретке келтірген, солайша қазақ баласы өзінің Найзағай МакКуйн мен МакМиссл, Мэтр сынды сүйікті кейіпкерлерін өз тілінде қуана тамашалаған болатын. Енді аталған мультфильмнің DVD және Blu Ray форматындағы нұсқалары жарық көріп, көпшілікке тарамақ. Бір сөзбен айтқанда, бұл форматтарда көрген көз қуанса, қазақша тыңдаған құлақ та қуанатын болады.
Нышанбек Жұбанаев, Найзағай МакКуйнді сөйлеткен актер:
– Негізі, мультфильмді дыбыстауға актерлер арасында соншалықты күшті іріктеу жүрді. Сондықтан мен ол рөлге өтем деп нақты сенгенім жоқ. Дегенмен бағымды сынап көрейін деген ой болды. Басты рөлдегі төрт кейіпкер дауысын Голливудта бекітті. Алдымен әрине, осында, сонан соң – Мәскеу, ары қарай – Лондон, солайша бағымыз шауып, басты кейіпкерге өтіп кеттік. Дауыс жазу процесі ұзаққа созылған жоқ, бас-аяғы он шақты күнде бірақ соншалықты қатаң жұмыс тәртібімен, сондай қатаң талаппен жүзеге асты. Жай отырып сөйлеу емес, кейіпкерге жан бітіру, тірілту керек деген талап қойылды және бір қиындық туғызғаны біз орысшадан емес, ағылшыншадан тікелей сөйлеттік қой, солардың дыбыстауына ауыз қимылын сәйкестендіріп, қазақша сөйлеу керек. Соған қарамастан, қиналған, шаршаған ешкім жоқ, себебі бізде студияда әрдайым позитивті атмосфера болды. Сондай-ақ жанр комедия ғой, шығармашылық процесс кезінде барлығын ұмыттық.
Жалпы, осындай жобаны қолға алған – қазақтың Жанна Исабаева есімді аяулы қызы. Ел-жұрты оны «Ойпырым-ай» және «Қарой» сынды кинолары арқылы режиссер ретінде таниды. Дауыс жазу процесі Алматыдағы «Синема Тон Продакшн» студиясында жүргізілді. Сосын дубляждың дәлдігін саралау үшін келісім бойынша дайын болған жұмыс, яки қазақшаланған анимация Лондондағы Shepperton студиясына берілді. Солайша, үндерді іріктеу сонау Тұманды Альбион елінде жүргізілді. Кейінгісі көрерменнің көз алдында, яғни және орыс тіліндегі мультфильм Қазақстан мен Ресейде бір мезгілде, яғни маусымның 23-інде прокатқа шығарылды.
Болатбек ЖҮНІСОВ, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы Алматы филиалының директоры:
– «Болашақ» қозғалысының алға қойған мақсаттарының бірі – жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімді ояту. Осы орайда ең алғаш қадамды балалардан бастап, олардың өз тіліне деген құрмет сезімін ояту, сүюіне игі ықпал ету керек деп білдік. Себебі болашақ – балаларда. Біз бүгін балаларға көңіл бөлгеніміз, өз болашағымызға зор үлес қосқанымыз болып табылады. Сондықтан біз бұл ретте, осы мақсатқа сәл де болса бір қадам жасадық деп ойлаймын.