«Когда уйдем со школьного двора...»
Құрметті оқырман, кешірім өтінеміз. Мақаламыздың тақырыбын осылай атауға мәжбүр болдық. Оқушы үшін соңғы қоңыраудан артық аяулы сәт жоқ шығар, сірә. Оқушы үшін ғана емес, бұл сәттің ата-аналар мен 11 жыл бойы шәкіртіне білім нәрін сепкен ұстаздар қауымы үшін де ыстық екені анық. Соңғы қоңырау салтанатының ең бір жүрек тербер тұсы – мектеп вальсі. Бұл – мектеп қабырғасымен, дос-құрбылармен ғана қоштасу емес, іште бұғып жатқан мөлдір, алғашқы алақұйын сезімдермен де қоштасу. Алайда біз осынау ұшқан ұямен қоштасу сәтіне бейжай қарап жүргендейміз.
Соңғы қоңырауда өзгенің әніне қашанғы селкілдейміз?
Бейжай қарап жүргеніміз сол – мектеп вальсін өзге тілдердегі әуендермен билейміз. Нақтырақ айтсақ, орыс тіліндегі әндермен. Яғни 11 жыл білім алған сүйікті мекеніңмен орысша қоштасуға мәжбүрбіз.
Когда уйдем со школьного двора
Под звуки нестареющего вальса,
Учитель нас проводит до угла,
И вновь - назад, и вновь ему с утра -
Встречай, учи и снова расставайся,
Когда уйдем со школьного двора...
Орыс тіліндегі осы бір ән мәтінін жыл сайын естиміз. Жыл сайын бетіміз бүлк етпестен В.Толкунова, С.Ротару тағы басқа Ресей эстрадасының әншілері орындайтын «Последний звонок», «Школьные дни», «Школьный вальс» сияқты әндерге ырғала билейміз. Селт еткен ешкімді байқамайсың. Құдды бір қазақ әні секілді. Қайран қаласың. Сонда шынымен де соңғы қоңырау салтанатында вальс билейтін қазақша әннің болмағаны ма? Әлде мұндай әндерді кезіктіре алмай жүрміз ме?
Құдайға шүкір, қазір технологияның заманы. Керегіңді де, керек емес дүниені де лезде интернеттен табасың. Осал тұсымызды да, озық кеткен жерлерімізді де осы ғаламтор арқылы айқындауға болатын секілді. Жоғарыдағы сауалдар иектеп, мен де интернетке көз жүгірттім. «Мектеп вальсі» деп басып қалғаным сол еді, самсаған әндердің емес, сан сауалдың астында қалдым.
«Соңғы қоңырауға қандай қазақша әндерге вальс билеуге болады?»
«Мектеп, ұстаз, соңғы қоңырау туралы қазақ тілінде жақсы ән, тамаша музыка керек еді...»
«Мектеп туралы жақсы ән керек еді, минусовкасымен. Қай жерден жүктесем болады?»
«Маған ұстаз, мектеп туралы әндер керек. Қай сайттан табам?»
Оқырманның сан сауалына қарап, әуелгіде сеніңкіремеп едім. Сөйтсем, расында да, соңғы қоңырауға, ұстазға, мектепке арналған қазақ тіліндегі әндер сирек екен. Сирек емес, жоқ деп айтуға да болатындай. Кеңес беруші жұрттың айтатыны, ұсынатыны бір ән – «Ұстазым». Бәріміз жатқа білетін, жыл сайын мектеппен қоштасарда айта-айта жауыр болған Әбілахат Еспаевтың әйгілі әні. Әрине, бұл әнде жазық жоқ. Сазгерді де, әннің сөзін жазған ақынды да кінәлаудан аулақпыз. Жауыр болған деп бекерге айтып отырған жоқпыз. Жұртшылық арасында «Еспаевтың «Ұстазым» әнінен басқа ән жоқ па? Осы тақырыпта жаңа әндер неге жазылмайды?» деген пікірлердің жиі айтылып жүргені рас.
Орыс тілінде 3000 ән.
Ал бізде ше?
Басқамен салыстыру әдетіміз ғой, «мектеп вальсіне арналған орыс тіліндегі әндердің жай-күйі қалай екен» деген қызығушылықпен ғаламторға тағы да көз салдық. «Песня на последний звонок» деп тетікті басып қалып едім, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған ақпараттың астында қалдым. Алғашқы біреуін басып көріп ем: «Песня на последний звонок» 2763 песни» деген жазу шықты. Үш мыңға жуық ән. Дайын. Керек болса, қосып тыңдаңыз. Көшіріп алам десеңіз де еркіңіз. Әрі тегін. Ал бізде ше? Үш мың ән тұрмақ, үш ән таба алар ма екенбіз? Ащы болса да ақиқаты осы.
Ән жайында сөз болғанда таяқтың бір ұшы сазгерлерге келіп тиетіні белгілі. Ең әуелі талай тамаша әнімен жұрттың ықыласына бөленген сазгер Төлеген Мұхамеджановты іздедік.
– Бұл тақырыпта мүлдем әндер жазылмады деуге болмайды. Жазылған әндер бар шығар. Бәлкім, олар халық жүрегіне жетпеді. Өз басым адам жанын тербейтін, ойландыратын, толғандыратын тамаша өлең болса, ән жазуға дайынмын, – деді Төлеген Мұхамеджанов. Ендеше, ақындардың құлағына алтын сырға!
Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, сазгер:
– Өте орынды қозғалып отырған мәселе. Дұрыс тақырып екен. «Неге жазылмады?» дегенге келсек, бұған біржақты жауап беруге болмайтын секілді. Бұл енді бір жағы ақынға да, сазгерге де байланысты болуы мүмкін. Ән деген үлкен толғаныстан туады. Мүмкін, ақындар мен сазгерлерімізде сондай толғаныс болмай жүрген шығар. Мысалы, менің мектеп туралы әндерім жоқ. Себебі менің ауылда оқыған мектебім бүгінде жоқ. Баяғыда бұзып тастаған. Ол да әсер етуі мүмкін. Жүректі жарып шықпаса ән ән болмайды. Мұндай әндерді үлкен толғаныспен, сезіммен, жүрекпен жазу керек.
Осы мәселе жөнінде пікірін білмек ниетпен белгілі сазгер Кеңес Дүйсекеевке де телефон шалдық. Сазгер әңгімені қысқа қайырды.
– Бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беруіміз керек. Қажет болса сазгерлерге тапсырыс беріп, байқаулар ұйымдастыруымыз қажет, – деді Кеңес Дүйсекеев.
Бұл да ойланатын мәселе. Сазгерлермен тілдескен соң ақындарды айналып өткенді жөн көрмей, соңғы жылдары қазақ эстрадасындағы бірқатар хит-әндерге сөз жазып жүрген Қалқаман Саринге хабарласып, пікірін білдік.
Қалқаман САРИН, ақын:
– Ешқандай сұраныс болмаса, сөзін қалай жазамыз? Егер сазгерлер «осындай бір ән туды, сөзін жазайық» деп ұсыныс білдірсе, мен жазуға әзірмін. Кеңес өкіметі кезінде бұл мәселе жақсы жолға қойылды. Октябряттардың өз әні, өз ұраны болды. Сондай бір жүйелілік қажет-ақ. Мүмкін, байқау ұйымдастыруымыз қажет шығар. Бұл тақырыпта кез келген қазақ ақынының тамаша сөз жазып бере алатынына еш күмәнім жоқ. Сондықтан сазгерлер бола ма, мектеп басшылығы бола ма, Білім және ғылым министрлігі бола ма, бұл мәселеге дұрыс назар аударып, мектеп тақырыбында жақсы бір ән жазуды қолға алар кез жетті деп есептеймін.
Сазгерлер ән жазуға, ақындар сөз жазуға дайын.
Ендігі кезек кімде?
Сазгерлердің пікірін білдік. Ақындардың сөзін естідік. Ал енді бұл жайында ұстаздар қауымы не дейді? Тақырып ең әуелі мектепке қатысты болғандықтан, мұғалімдердің пікірін білуді жөн санап, ұстаздардың ұстазы Қанипа Бітібаеваға хабарластық.
– Көтеріліп отырған мәселе өте дұрыс. Бірақ оны кім жазады? Жазатын адам бар ма? Ұрпақ тәрбиесі дейміз. Ұрпақ тәрбиесі ең әуелі мектептен басталады. Қызыл империяның құрсауынан әлі күнге арыла алмай келе жатырмыз. Бәрі қазақша болуы керек. Әсіресе әніміз, – деп, сазгерлерге назын білдірген ұстаз бұл мәселені көп кешіктірмей қолға алу керектігін айтты.
Қанипа БІТІБАЕВА, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері:
– «Айта, айта Алтайды, Жамал апа қартайды» демекші, Әбілахат Еспаевтың «Ұстазым» әні айтыла-айтыла жауыр болды. Ұрпақ тәрбиесі, жас ұрпақ туралы, әрине, оның ішінде мектеп туралы қазақ тіліндегі жақсы әндер қажет-ақ. Мектеп вальсі туралы, мектеп туралы жаңа өлеңдер шықса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз.