Бір кездері Нағима Есқалиева қойған “Кап-карашка” деген лақап атпен танылған әнші бүгінгі таңда ата-анасының үкілі үмітін арқалап жүр. Керменбаев өзі әке болып қана қоймай, қайтыс болған әкесінің орнын басып, анасының жоғын жоқтатпай, әр күніне қуаныш сыйлап отыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Бір қызығы, әншінің анасы Есқалиева ханымның қойған лақап атын ұнатпай, баласын “аппағым” деп еркелетеді екен.
Әнші 1989 жылы Қарағанды облысы, Жезді елді-мекенінде дүниеге келген. Әке-шешесінің қарсылығына қарамастан, музыка саласында білім алып, «Superstar.kz-3» жобасына қатысып, жеңімпаз атанады. Бұдан кейін “Жас толқын” байқауына қатысып, еліміздің намысын қорғайды. Бастапқыда халық алдына жеке әнші ретінде шығып жүрсе де, кейін “Арнау” тобында Салтанат Бақаевамен бірге ән салды.
Мешіт тұрғызып, Алла Пугачевамен дуэт құрсам деп армандайтын әнші жастайынан анасына жақын болып өскен екен. Тіпті, анасы жұмыста болған кезде өз қолымен тамақ жасап, оны анасына алып баратын болған.
Анасы “Нұржан 2010 жылға дейін Алматыдан Сатпаевқа келгенде бала болып еркелеп жүретін. Әкесі 2010 жылдың маусым айында қайтыс болды. Содан кейін Нұржанның тез есейіп кеткенін өзім байқаймын. Бұл бізді асырауым керек деген ойымен байланысты болса керек. Әйтеуір тым тез есейді” деп баласының әке орнын басып, бар жауапкершілікті өз мойнына алғанын айтты. Ескі жараның беті тырналғандай болып ана жүрек қынжылса да, баласын қазір ұруға ұялатынын айтып бір күліп алды. Бұл туралы “Аналар” бағдарламасында айтып берген болатын.
Анасын бала күнінде бұзық мінезімен қинаса да, әншінің ең бірінші айтқан сөзі “ана” емес, “әке” болған екен. Тіпті, бұдан кейін де “ата”, “апа” деген сөздерді айтқан.
Керменбаев осы күнге дейін анасына сүйікті раушан гүлдерін сыйлап, жиі қуантса да, ол кісіге арнап бірде-бір ән жазбаған. Мұны жақсы ән кездеспегендігімен, кездессе де, көңілі толмағандығымен түсіндірді. Бұдан өзге “Сіздер де аналарыңызға ешбір себепсіз гүл сыйлап тұрыңыздар. Өйткені, ата-ананың разылығы, Алланың разылығы. Аналарыңызды әрдайым қуантуға асығыңыздар” деп бала жүректің әрдайым ана деп соғатынын дәлелдеді.
Естеріңізге сала кетсек, жақын күндердің бірінді әншінің “Аяла” атты әнге бейнебаяны жарық көрген болатын.