Кенжебек ЖАНӘБІЛОВ: Екі қызға бірден ғашық болғанмын…

Кенжебек ЖАНӘБІЛОВ: Екі қызға бірден ғашық болғанмын…

– Иә, үйдің кенжесімін. Өзім көпбалалы отбасынан шыққанмын. Анам 18 құрсақ көтерген жан. Мен 17-шісімін. 1982 жылы 14-ші шілдеде дүниеге келгенмін. «Кенже болсын, осымен тоқтайық» деп атымды әкем Тұрсынбайдың өзі қойған екен. Бірақ менен кейін де Алланың қалауымен өмірге Әмина деген қарындасым келген. Өкініштісі, көп тұрмады, алты-жеті жасында қайтыс болып кетті. Сөйтіп үйдің кенжесі болып жүрмін.
– Бала кезіңізде ерке болған шығарсыз?
– Аса қатты ерке болған жоқпын. Әрине, бізді де анамыз өз орнымен еркелетті. Әкем кішкентай кезімде дүниеден өткен. Бала кезімде қатты пысық болғанмын. Жер аудару, қауын-қарбыз егу деген жұмыстарға қатты құмар болдым. «Осы Кенжебектен бірдеңе шығады. Сендерді осы балам асырайды» деп анам разы болып отыратын сол кезде. Үйге қонақ келгенде қонақтармен бірге дастархан басына отырғымыз келетін. Кішкентай баланың көбісі сөйтеді ғой, негізі. «Қонақтардан ұят болады, ана жаққа барыңдар» деп жәймен айтады, кейін қуып шығады. Бәрібір қайтып айналып келесің. Қызық… Қазір өзіміз балаларға «ана жаққа бар» десең, «осында отырамын» дейді ғой. Сол кезде өзімнің де балалық шақтағы күндерім еске түседі.
«Өз-өздеріңе қарай алатын, ешкімге жалтақтамай, өздеріңді баға алатын дәрежеде болыңдар» деп анамыз бізге барлығын үйретті. Кейде үйде ешкім болмаған кезде ас әзірлей беретінмін. Мал бақтық, су тасыдық, отын жардық дегендей. Анам бізді бала күннен еңбекке баулыды, сол тәрбиесі үшін анама мың алғыс!
– Сол өткен күндерден кімді, нені сағынасыз?
– Алаңсыз балалық шақты бәрі сағынады ғой… Мектеп қабырғасындағы күндерді сағынамын. Өткенде бір кластасымның үйіне барып, альбом көріп отырып, біраз нәрсені еске түсірдік. Бірде 8 наурыз мерекесінде қыздардың киімін киіп, қыздардың жасайтын тірліктерін жасағанбыз. Қамыр жаю, ұршық иіру, жүн сабау деген сияқты. Сайыста қыздарға сыйлық жасаған түріміз. Сосын «әртіс көйлек» киіп алып, Жанар Айжанованы «салғаным», есімде. Мақпал Жүнісова апайымызға да пародия жасадық қой. Ауылды, сол кездерді сағынасың. Ауылға барып жатқың келеді. Оған уақытымыз тапшы. Кластастарыммен жиі кездесіп тұрамын. Қызықтарды айтамыз. Олар да еске салып тұрады. Мен көп нәрсені ұмытып қалғанмын.
– Өнерге ынтықтығыңыз қашаннан басталып жүр?
– Сол кішкентай кезімнен. Әкем өнерді жақсы түсінген, өнер адамдарын қатты сыйлаған, бірақ өзі қызықпаған екен. Анамыз өнерлі жан болған. Сол анамыздан дарыса керек. Мені жетелеген өзімнің Серікқали деген ағам. Ағайын-туыс, ауыл-аймақ анамның көзі тірісінде тойға шақырып, тойды міндетті түрде анама бастатқызатын. Тойдан қалдырмайтын. «Алтынкүл тойды бастап береді» деп, тойбастарды сол кісіге айтқызатын. Бәріміз өнерге жақын болдық. Әпкелерім де ән айтады. Өнерлері бар бәрінің де. «Жүзден жүйрік» қылып мені сайлаған шығар, үлкен өнерде өзім жүрмін. Ауылымызда «Шу еркесі» деген ансамбль болды. Сонда Ақылжан деген апайымыз болды. Ол кісі актер Аманғали Сыпабековтың анасы. Сол кісі анама келіп мені сұрап алатын. Ауылымыздың қасындағы Тасты, Жуантөбе ауылдарына гастрольге баратынбыз. Үп-үлкен домбырамын кіп-кішкентай болып ән айтатынмын. Қолым әрең жетеді, сол домбырамен ән айтудың өзі бір ғанибет еді. Алтынбек Қоразбаев көкеміздің «Қара кемпір» деген әнінің шыққан уақытында жаттап алдым. Әнге қызыққанмын ғой, бірақ мағынасын түсінбегенмін. Бір күні сахнада сол әнді айтып болғаннан кейін, маған бір үлкен әже келіп жылап тұрып гүл берген. «Апа, неғып жылып тұрсыз?» деппін ғой… 1 сыныпта оқитынмын ол кезде (күлді).

– Домбыра тартуды кімнен үйреніп жүрсіз?
– Өзім үйреніп алдым. Жалпы мен өзім қызыққан нәрсемді үйреніп аламын. Үнтаспада бірдеңе ойнап жатқанын естісем, соны ойнап, өзім шығарып алатынмын. Мектепте күйсандық болатын, мен соны үйрену үшін сағат жетіде мектепке баратынмын. Тоғыздағы сабақ басталғанша ойнап отыратынмын. Түскі үзілісте өзгелер асханаға беттесе, мен күйсандыққа жүгіретінмін…
– Сабақты жақсы оқыдыңыз ба?
– 7-ші класқа дейін жақсы оқыдым. Сосын үзіп алдым. Ауырып қалған, сабақтан қалып қойған кездерім болды. Арасында бір жыл оқымай, спортқа кетіп қалдым қалаға. Бокспен айналыстым. Мені өнерге баулыған Серікқали ағам, кейін анам да қайтыс болып кетті. Сөйтіп сабаққа мән бермей кеттім.
– Спортта жеңісті жолдарыңыз болды ма?
– Жаттықтырушым жарыстарға енді дайындағалы жатқанда, анам ауырып, мені қасына шақырып алды. Сол себепті спорттың соңына түсе алмадым…
– Әншілерден құралған «Алатау» командасының құрамындасыз. Доппен қашаннан доссыз?
– Бала кезімде бокспен айналыстым, баскетбол, волейболды жақсы ойнайтынмын. Футболға мүлдем жоқ болатынмын. Мен өзім кейде диетамен жүретін адаммын. Себебі, толуға бейімбіз. Біздің үйдегілер, әкем де, анам да ірі болған. Бір күні «Серілер» тобының әншісі Күнтуған: «Кенжебек, сен салмақ қосып жіберіпсің. Сені футболға апарайын», – деді. Сөйтіп өздері футбол ойнайтын колледждің директоры Төлеуғали Тайтөлеев ағамызбен таныстырды, ол кісі әкемдей болып кетті. Бірінші күні аяғыма доп тиген жоқ. Сөйтіп футболға қызығып кеттім. Бір үйреніп алғаннан кейін шыға алмай қалады екенсің… 

– Мектепте белсенді болған сияқтысыз…
– Иә. Былайша айтқанда, мектепке көп мақтау қағазын мен әкелгенмін. «Әнші балапан», «Жас қанат» сияқты ауданда өткен шараларға қатысып, жүлделермен келгенмін. Содан кейде маған мұғалімдер өздері баға қойып беретін. «Кенжебектен ештеңе сұрамаңдар» дейді, мен де шалқайып жүре беретінмін (күлді).
– Мектептегі бала махаббатыңыз жайлы айтыңызшы…
– Алдымен «Бала ғашық» әні туралы айтқым келіп тұр. Ол әнді тыңдағанда бірден ұнатып, репертуарыма қостым. Әнін жазған Әділбек Нысанбаев, біздің ауылдікі болатын. Қайтыс болып кетті. Бір күні Созақтың Энгельс деген ауылына мешіттің ашылуына бардық. Осы әнді орындап болғаннан кейін бір үлкен кісі келді кемпірімен. «Ассалаумағалейкум!» деп амандастым, ол да халімді сұрады. Сосын: «Әннің сөзін кім жазғанын білесің бе?» деп сұрады. «Жоқ» дедім. Автордың Созақтан екенін білемін, бірақ дәл сол Энгельс ауылынан екенін білмейді екенмін. «Бұл әннің сөзін мына апаңа жазғанмын» деп кемпірін көрсетті. Ескермес Жақсымбетов деген көкеміз екен. Таңданысымды жасыра алмадым. «Көке, ренжімеңіз, сіздің мұнда екеніңізді білгенде жаңа хабарлайтын едім» дедім. Қандай махаббат десеңші!.. ( әндете жөнелді):
«Жұлдызбен араласып
Қырдан-ай барады асып.
Үйіңнің сыртында жүр
Бала ғашық, далаға шық…»

Шын ғашықтықтан туған дүние. Жүректен шыққан шынайы сезім. Әдеміліктің, махабаттың шынайылығы деп білемін. Халық бағасын берді, шүкір.
– Демек, сол шынайы сезім өзіңіздің де басыңыздан өткен ғой?..
– Қыздар маған қарамайтын. Хаттарыма жауап қатпайтын. Менің түрімді көбісі түрікке ұқсататын. Екі қызды қатар ұнатып, қатар ғашық болғанмын. Екеуіне де хат жазғанмын мен жынды… (күлді)
– Ұсталып қалған жоқсыз ба?
– Ұсталған жоқпын. Екеуі де сабаққа менің үй жағымнан өтеді. Мен олардың шыққанын күтіп тұратынмын. Түнімен соларды ойлап ұйықтай алмайтынмын. Екеуі бірге шығады, екеуіне екі хат жазып қоямын да, екеуіне екеуін беремін. Балалық қой… Бір күні біреуі хаттың бас жағын оқыды да, бетіме лақтырып жіберді. Содан кейін сол сезімді біразға дейін жоқ қылып жібердік қой. «Неге жаздым?» деп үйге келіп уайымдап, ұйықтай алмайтынмын.
– Кластас қыздарыңыз ба еді? Кейін оларды көрдіңіз бе?
– Жоқ, олар менен екі класс төмен оқыды. Кейін мен «МузАрттың» құрамына кірген кезде звондады: «Есіңде ме?» деп. «Иә, есімде» дедім. «Тү-у-у-у-у, сенің МузАрт болатыныңды білгенде тиіп алатын едім ғой» деді (ерекше күліп). Кездескісі келетінін айтты. «Айттым ғой саған, бір жерден шығамын деп. Енді кездеспеймін…» деп, кездеспей қойдым (күліп). Кластас қыздар демекші, біз сыныптағы қыздармен 8-ші класқа дейін ұялып амандаспайтынбыз. Бір күні Жасұлан деген досымыз екеуміз қыздарды: «Сендер неменеге амандаспайсыңдар? Бір класта оқимыз» деп көндірдік. Келесі күні мектепке келсек, Жасұлан екеуміз кезекшілікке түсіп қалыппыз. Есік алдында қақшиып тұрамыз. Екі қызымыз келді, біз олармен басқа оқушылардың көзінше амандасуға ұялдық. Бір қарасақ, біздің жынымызға тиіп, «а» класының балаларымен амандасып тұр. Класқа келіп, «қалайсыңдар?» десек, тырысып қалған. «Не болды?» десек: «Кірген кезде неғып амандаспайсыңдар? Күттік қой…» дейді. «Енді неғып «а» класының балаларымен амандасып жүрсіңдер?» десек: «Сендер амандаспай қойған соң, соларға амандастық» дейді. Бізге әдейі істеп жүр екен ғой (күлді). Қазір кластастарыммен хабарласып, кездесіп тұрамын. Сол кездерді айтып бір күліп аламыз. Балалық шақ деген керемет қой. Ешқандай нәрсе жетпейді.
– Нешінші «атаман» болдыңыз?
– Көбісі менің денемнен қорқатын. Төртінші «атаман» болдым. Алда Елдос, Ерлан, Жасұлан болды.
– Бала кезіңізде сіз де жұлдыздарға еліктеп, солардай болуды армандаған шығарсыз?
– Әрине! Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шу ауылы – менің туған жерім. Ауылымыз о баста үлкен, 4000-5000 халқы бар болатын. Кейін көбі қалаға көшіп кетті. Ауданда жоқ мәдениет сарайы біздің ауылда болатын. Өнер адамдары гастрольге келетін. Кейін ауданға мәдениет сарайы салынған соң, сол жақтан қайтып кететін болды. Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, «Тамаша», «Бауыржан Шоу», «АБК», «Нұр-Мұқасан» бәрі келген еді. Автобуста рупормен хабарлап жүретін, «бүгін концерт болады» деп. Қастарында тұрып автограф алмаппын, түрлеріне қарап, қашан ән айтады деп тұра бергенмін (күліп). Және автограф ала алмай қалатын да едік қой. Себебін кейін түсініп жатырмын. Әншілерді біреулер сүйреп алып кетеді екен ғой. Біздің де қолтаңба бере алмай қалатын кездеріміз болады, сол кезде өзімнің балалық шағым ойға оралады. «Бауыржан Шоуда» «Нұр-Мұқасан» дуэті «шулатып» жатқан кезі болды. Мұқасан аға қасына ит қойып, иттің рөлін сомдап, мұңды, өмірде болып жатқан жайттарды айтып жылататын. Сол кезде «Нұр-Мұқасан» тобымен бір суретке түссем ғой деп армандағанмын.
– Бұл арманыңыз туралы кейіннен ол кісілерге айтқан шығарсыз?
– Айтқан емеспін. Осы мақаланы оқыса, біле жатар. Жалпы, мен олардың бірде-бір әнін жіберген емеспін, бәрін тыңдадым. Бірде: «Аға, ескі әндеріңізді неге айтпайсыздар?» деп, біраз ескі әндерін еске түсіріп бергенмін. Сол кезде Мұқасан аға: «Кенжебек, сен біз ұмытып қалған әндерді қайдан білесің?» деді. «Мен сіздердің әндеріңізді жатқа білемін» дедім де, ары қарай ештеңе айтпадым. Алла адамға бақ беремін десе, бір сәттік екен ғой. Қазір, шүкір, сол армандаған әнші аға-әпкелерімізбен бір сахнада жүрмін, өмірде біргеміз. Өзіміз де қолтаңба қойып жүрміз…
– Тағы қандай әндер айтушы едіңіз?
– Елікбай Исаевтың «Ана туралы» өсиет-термесін жаттап алып, термелер сайысынан орын алып келгенім бар. Анам ауырып жатқан кезде маған соны айтқызатын… Тойға көп шақыратын. Жиын-тойларды міндетті түрде Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен «Мен келем, тау ішінде түнделетіп…» деп бастайтынмын. Вечерлерде гитараға қандай ән келеді, соның бәрін айта беретінмін. Орыстардың да сол кездегі «модный» әндерін айттық.
– Қандай сөздерді үнемі жадыңызда ұстайсыз?
– «Өз-өзіңе берік бол!» деп анам айтып кетті. «Жаман жолға түспе, ішуге, шегуге құмар болма, түзу жүріп, түзу тұр!..» деп қай ата-ана да айтады. Менің анам депутат болған кісі, ондай нәрселердің аяғы неге әкелетінін біледі ғой. «Өзіңді жоғары санама, кішіпейіл бол. Атыңа затың сай бол!» деп құлағыма құйып кетті. Кенже болғасын кішірейіп жүремін. Әлі күнге шейін төрге отырмаймын, үнемі ортада отырамын.
– Әсерлі, риясыз әңгімеңізге рахмет. Халықтың ерке ұлы болып жүре беріңіз!
Сұхбаттасқан Эльенора ӘМІР
«Ақжүніс-Астана» журналы
akjunis.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста