Кәсіпкер «Бәйтерек» сыйлады
Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласының ең көрнекті жеріне «Бәйтерек» орнатылды. Ұзындығы – 28 метр, салмағы – 22 тонна.
Қалалық әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, «Бәйтеректі» жасау туралы ұсыныс өткен жылы жергілікті бір кәсіпорын тарапынан түскен екен. Содан бері талқыланып, қарастырылған бұл жоба ақыры биыл пісіп-жетіліп, нәтижесін берді. Биікке самғап тұрған «теректің» жер сілкінісіне, одан қала берді жел, қуатына шыдамдылығы да тексеріліпті. Бәйтеректің авторы да, оны орнатқан да – «Центрэнергоэкспертиза» атты кәсіпорын. Кәсіпкер өзінің аты-жөнін де, монументке кеткен шығынды да құпия ұстауды жөн санады. Жалпы жергілікті кәсіпкерлер бір-бірінен үлгі алып жатқанға ұқсайды. Өткен жазда олар қала маңындағы тауға «Қазақстан» жазуын таңбалап, төбесіне ту тігіп, елді таңғалдырған болатын. Ол кезде де кәсіпкерлер өз есімдерін жария етпеген еді. «Қала және қалалықтар үшін кәсіпкерлер тарапынан осындай қолдау болып жатқаны – үлкен іс, айтарлық дүние», – дейді тұрғындар. Өйткені елордадағы басты бәйтеректің ең көлемді нұсқасы болып танылған бұл «Бәйтеректі» кәсіпкер Өскеменнің 290 жылдық мерейтойына арнапты.
Енді қала ішіндегі әдемі орындардың саны артып, ел үшін серуендейтін ерекше орын табылды. «Бәйтерек» күндіз күн нұрымен жарқырап тұрса, түнде электр қуатына қосылады.
Гүлфариза РАМАЗАНОВА, Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
– Бұл «Бәйтерек» түн ішінде жарқырап тұратын болады. Ел «монумент бір түннің ішінде монтаждалып шықты» деп қате пікір айтып жүр. Мұның жобасы өткен жылдың күзінен бастап қаралып жатқан болатын. Енді ғана, міне, іске асты. Сондықтан қалалықтар үшін үлкен сый деп білеміз. Бұл жер Өскеменнің ең сәулетті жеріне айналатын болады.