Қазақтың Қасым ханы туралы кезекті дерек парсы тіліндегі «Алам арайи шах Исмаил (Исмаил шахтың арайлы тарихы)» атты шығармадан табылып отыр. Аталмыш қолжазбаның бірнеше нұсқасы Тегеран қаласындағы қоғамдық және жеке кітапханалардың қолжазба қорларында сақтаулы тұр.
Қолжазба шындығы
Шығарманың авторы белгісіз. Қолжазбаның жазылған уақыты – 561-бетте айтылғандай, хижраның 1086 жылы (1675-1676 ). Библиограф Ахмад Мунзавидің каталогінде «осы еңбектің екінші бөлімі Түркістан хандарына арналған» деген бір ауыз сөз бар. Сол жетекпен осы тарихи еңбекті оқи отырып, қазақтың Қасым ханы туралы таңғаларлық деректерді кездестірдік.
Қасым ханға қатысты оқиға Иран шахының Осман түріктерімен шайқаста қаза болғандығы туралы жалған ақпараттан кейін басталады. I Исмаил шах Ирак жерінде жарақат алады, бірақ тез жазылып, Хорасан жақтағы бітіспейтін жер дауын шешемін деп он екі шиға имамының атымен ант етеді. Иран шахы «Егер Шахибекті (Бұхар ханы – Мұхаммад Шайбани хан) өлтіргенім рас болса, осы жолы да Хорасанды өзбектерден біржолата тазартамын» деп шешеді. Шамамен 30 мыңнан астам (кейбір беттерде 40 мың) қолмен Хорасанға қарай жылжиды. Сол кездегі Балх әміршісі Жәнібек сұлтан осы сыбыстан қорқып, қаланы тастап Бұхараға келеді. Сол кездегі Бұхараның әміршісі Убайдолла хан «Самарқанға барайық, сонда бір шешімге келерміз» деп ұсыныс жасайды.
Содан Самарқанға келіп, Самарқанның әміршісі Мұхаммад-Тимур сұлтан үшеуі ақылдасады. Ақылдаса келіп, жасы үлкен, орталарындағы ақсақалы Жәнібек сұлтанды Дешті Қыпшақтың ханы – Қасым ханға көмек сұрауға жіберейік деген олар: «Естуімізше, Шыңғысханның мұрагері Қасым хан өзінен жасы үлкендерге құрмет көрсетеді екен, сондықтан Жәнібек сұлтан ханға лайықты көптеген сыйлық алып, алдына көмек сұрап барсын» деген шешімге келеді. Жәнібек сұлтанның келе жатқанын естіген Қасым хан арнайы адам жіберіп күтіп алады.
Енді қолжазбада Қасым ханға қатысты жазылған мәліметтерге назар аударайық: «Иіліп сәлем берген соң, Жәнібек сұлтанның көзі бір сәт Қасымханға түседі. Қараса, патша өзінің тағында дию іспеттеніп отыр екен! Тағы таза саф алтыннан жасалған екен, тақтың төрт бұрышы арыстанның, жолбарыстың, қабыланның, аждаһаның бастарымен және құстардың суреттерімен өрнектеліпті. Басына 70 мың Ирақ тұманы тұратын әшекей тастармен көмкерілген «шыңғысхандық» үлгідегі баскиім киіпті. Жүзі айбатты, көзінің ағы қарасынан көбірек, ал сақалдары сирек екен. Бірнеше тарам сақалы үш жерден, бірі оң жақ ұрты тұсынан оң жақ омырауына, бірі сол жақтағы ұрты тұсынан сол жақ омырауына, бірі тура ортадан кіндік тұсына түсіп тұр екен. Бұл Шыңғысханның белгісі еді, патшаның әрбір мұрагерінің егер он мың қолы болса, онда осылай үш жерден үш тарам сақал өсіреді және оны патша өзінің мұрагері деп біледі. Халық та ол адамды өзінің қорғаушысы, патшасы, муршиді деп біледі», – деп суреттелген.
Бұл еңбекте жазылған деректерге қарағанда, Қасым ханның 1200 әміршісі (генералдары) болған екен. Солардың ішінде Байрам аталық ханның аты ықыласпен аталады.
Хан баласы Әбілқайыр
Бір назар аударарлық жағдай – шығармада Қасым ханның Әбілхайыр деген ұлы туралы да айтылған. «Тақта ханның үлкен ұлы Әбілқайыр хан тізе бүгіп, әдеп сақтап отырды. Басында – өзбек топысы, ал оның жиегіне алтындатылған матадан сәлде орап, оны қымбат бағалы таспен маңдай тұсына әкеп түйіп қойған. Оның бойы Ескендір мұнарасындай биік, кеудесі алпамсадай, белі буылған, екі иығына төрт адам мінгендей төртпақ келген. Қатысқан жорықтарында көптеген жауының аяғын аспаннан келтірген. Осынау отыз жасында күрес алаңында өлтірген адамдарының саны мың екі жүзден асады және олардың әрқайсысы даланың жаға жыртарлары мен диюлары және алыптары болатын», – деп суреттейді шығарма авторы Қасым ханнның ұлы туралы.
Автор сондай-ақ ханға қарасты аймақты былай деп бейнелейді: «Ханның шығыстағы, Түркістандағы басқа әміршілері, солтүстікте Еділ бойына дейін, шығыста Дешті Қыпшақ шетіндегі Ақжейран (онда Қытай еліктері бар және олардан хош иісті иіссу дайындалады) аймағы, оңтүстікте Ташкент даласы мен Баркент тауына дейін шамамен мыңға жуық қала мен қыстақтардың барлығының әкімдері Қасым ханның тарапынан тағайындалады. Халқының жартысы – мұсылман, жартысы – кәпірлер. Ал ханның өзі – мұсылман, ханафи».
Автордың жазуынша, Жәнібек сұлтан бәрін бақылап болған соң, бұйымтайын айтады. Қасым ханның намысын қамшылау мақсатында әңгімесін әсірелеп жеткізеді, яғни Иран шахының қолбасшысы қызылбас Наджм Сани: «Ешкімді қалдырмай, қырып саламын» деп жатыр деп бір тоқтайды. Қасым хан: «Шахибек ақылсыз болса да, одан басқа ол орынға ие болар ешкім жоқ, бірақ енді уайымдамаңдар, ұлым Әбілқайыр ханға қол жинап беріп, сендермен бірге аттандырамын, қызылбастар Әмудариядан өтпей жатып-ақ шаңырақтары ортасына опырылып түсетін болады», – дейді. Осыны айтып Қасым хан Байрам аталыққа қарап, «Барыңдар, әрбір үйден атқамінер азаматтар осында жиналсын деп бұйырыңдар» дейді. Сол кезде Қасым хан жайлауда, киіз үйде Еділ өзенінің бойында отырған екен. «Қасым хан уәлаяты (өлкесі) бір жылдық жол, ал Еділ өзені алты айлық жол болатын. Кейбір жерлерінде өзендер ағып, құстар сайрап, бұлақтар ағып жататын. Қасым ханның елі сонда мекендейтін. Аз күннің ішінде... Қасым хан олардың ішінен 160 мың адамды таңдап алып, бес қаруын асындырып, ұлы Әбілқайыр хан мен Байрам аталықты қосып, үлкен жорыққа аттандырды», – деп жазылған аталмыш шығармада.
«Алам арайи шах Исмаил» шығармасындағы деректерге қарағанда, бұл жорық сәтсіз аяқталған. Себебі Қасым ханның көмекке жіберген үлкен қарулы әскері жер жағдайын жетік білмеуіне байланысты Байрам аталықтан айырылып қалады, ал Әбілқайыр ханды жанындағы өзбектер жеке шабуылға шықпауға, оның орнына қашуға үгіттейді. Қасым ханның ұлы қарсыласып, қарсы шабуыл жасауды ұйымдастыруға күш салады, бірақ қорқыныштан берекесі қашқан өзбектермен бір мәмілеге келе алмай, арпалысып жүргенде қоршауға түсіп, мерт болады...
Өзге хандықтарға қол ұшын берген
Осы оқиғадан кейін өзбектер Қожа Әбд ар-Рахим үш жүздей ақсақалдары мен аталықтарымен бірге, Иран шахымен бейбіт бітім жасау үшін сыйлықтарын алып аттанады. Иран шахы мен өзбек хандарының аризесін (өтініш хаттарын) оқып шығып, олардың ендігіде Әмудариядан аттап өтпеймін деп уәде берулерін талап етеді. Бәрі де алдын ала келісілгендей уәде береді және жеңілген жақ жылда салық төлеп тұратын болып келіседі.
Қолжазбада Қасым ханның Әбілқайыр хан деген ұлының аты аталып отыр. Бұл туралы басқа деректерде ешқандай бір мәлімет кездеспейді. Біздің пікірімізше, Қасым ханның қанша ұлы болғандығы туралы нақты мәлімет жоқ. Бұл – сол кезде билік құрған барлық ханға қатысты мәселе. Екіншіден, Қасым ханның өзбек хандарына көмегі ретіндегі жорығы туралы мәлімет кездеседі. Қасым ханның қатерлі қарсылас екендігі туралы деректер мен аңыздардың таралу себебі де осыған байланысты болса керек. Себебі бірде шауып, бірде сұс көрсетіп үрейін қашырып отырған Қасым хан, қызылбастардың Орталық Азия аймағына енуінің қауіпті екендігін, оның алдын алып отыру керектігін жақсы түсінген. Осы тұрғыдан алғанда, ылғи да Шайбани хандары мен сұлтандарына әскер жіберіп көмектесіп отырған.
Бұл деректе Қасым хан жіберген әскердің саны туралы мәлімет тым көбейтіліп көрсетілген сан болуы әбден мүмкін. Себебі «Алам арайи шах Исмаил» шығармасының белгісіз авторы мүмкін болғанша шиғалықты ресми түрде жариялаған I Исмаил шахты дәріптеуге құлшынған. Сондықтан аз ғана қолмен қыруар әскерді жеңген етіп көрсету, яғни шындықты бұрмалап көрсету тарихта жиі кездесетін жағдай екендігін атап көрсеткен жөн.
Қорыта келе, қазақтың ханы – Қасым хан туралы мәліметтер парсы тіліндегі жаңа дереккөзбен толықты деп сенімді түрде айта аламыз. Аталмыш дереккөзді зерттеу төл тарихымыздың белгісіз парақтарын ашуға жаңа мүмкіндіктер береді.