Интернет журналистика жайы сөз болды
Жуырда Сүлеймен Демирел атындағы Қазақ-түрік университетінің Қазақ филологиясы және журналистика факультетінің студент жастары Abai.kz порталы ұжымымен кездесті.
«Интернет журналистика» тақырыбын қаузаған кездесу пікірталас сипатында, сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Өздерін мазалаған сұрақтарды ірікпей бөліскен шәкірттер бүгінгі қазақ журналистикасына бейжай қарай алмайтынын аңғартты. Әсіресе дәстүрлі қазақ журналистикасы мен жаңа медианың тоқайласатын тұстарына келгенде әртүрлі таласты пікірлер айтылды. Бұл мәселе төңірегінде «Абай» порталының бас редакторы Дәурен Қуат мырза қазіргі қазақтілді сайттардың қазақ баспасөзінде қалыптасқан әуелгі дәстүрді сақтай отырып, жаңа медиа талаптарына жауап беруге тырысатындығын жеткізді. Журналист Өміржан Әбдіхалықұлы интернет журналистиканың мазмұнына тоқтала келіп, «Абай» порталының оқырмандары, негізінен, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, зиялы, кез келген ұлттық мәселеге үн қатып отыратын азаматтар екендігін тілге тиек етті. Ғаламтордың шекарамен шектелмейтіндігін, сондықтан қазақ ғаламторы, интернет журналистикасы әлемдегі бар қазақтың басын қосуға қызмет жасау керектігін айтқан журналист Біләл Қуаныш қазақ сайттарындағы әліпби мәселесіне де назар аударды. Келелі әңгіме қозғалған кездесуде осы жоғары оқу орнында ұстаздық ететін белгілі журналист Есенгүл Кәпқызы қазіргі қазақ журналистикасын кәсіби тұрғыдан заманға сай шыңдау қажет деген пікір айтты.
Айта кетерлігі, аталмыш университет «оқу орның қайсы десе, мынау» дейтіндей өте еңселі, әсем безендірілген екен. Әсіресе шәкірттердің өздерін еркін сезінуі, білім құмарлығы Тәуелсіз Қазақстанның болашақ тізгін ұстарлары біз дегенді аңғартқандай.
Аталған оқу орны студенттерге екі тілде: қазақ және ағылшын тілінде дәріс оқиды екен. Биылғы оқу жылында кейбір талапкерлер мен олардың ата-аналарының тарапынан «Дәріс орыс тілінде оқытылсын» деген ұсыныс болған көрінеді. Оларға университет ректоры Мухаммет Акдиш: «Орысша оқығыларың келсе, Ресейге барыңдар» деп жауап беріпті. Міне, азамат!