Интернет қанша дамығанмен, пошта қызметіне сұраныс жоғалмайды
Сәуле Егембердиева, «Қазпошта» АҚ «Алматы почтамты» Алматы филиалының директоры:
– Сәуле Дүйсембайқызы, 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күнінің қарсаңында «Қазпошта» АҚ «Алматы почтамты» Алматы филиалы өзінің құрылғанының 150 жылдығын атап өтуге үлкен дайындық жасап жатыр екен. Ұлттық поштаның мұншалық терең тарихи тамырынан азырақ мәлімет беріп өтсеңіз...
– Иә, Алматыда алғашқы пошта байланыс бөлімшесінің ашылғанына биылғы жылдың қазан айында 150 жыл толып отыр. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат қорларында Қазақстан поштасының бір жарым ғасырлық тарихына қатысты деректер баршылық. Патшалық Ресейдің пошта-телеграф байланысының мұрағаттық қорларынан белгілі болғандай, 1860 жылы Верныйда (Алматы қаласы) алғашқы пошталық байланыс бөлімшесі ашылып, көп ұзамай ол пошта-телеграф кеңсесі болып қайта құрылған. Қазақ жеріне ежелден көз тіккен отарлаушы Ресей патшалығы билікті күшейту үшін орталықпен байланыстың қажеттілігін ескеріп, байланыс жүйелерін орнатуды алдымен қолға алады.
1859 жылы Үлкен Орда жерінің сол кездегі орталығы Қапал қаласы болғандығына қарамастан, табиғаты қолайлы Верный бекінісіне орыс келімсектері көптеп орныға бастаған. Ресей орталығынан жөнелтілген саяси және жедел хаттар әуелі Қапал қаласына, одан кейін ғана Верныйға және басқа да өңірлердегі әскери мекемелерге жеткізілетін болған. Алайда Қапал мен Верный арасындағы 400 шақырымдық ұзақ жолдың нашарлығы мен табиғат жағдайының құбылмалылығы Жетісу өңірін басқарып тұрған Іле әскери отрядтарының екі араға қатынайтын жәшік-көліктерінің титығына жетеді.
Сөйтіп, 1859 жылы Іле отрядының әскери старшинасы Алатау округінің бастығы Колпаковскийге жолдың сапасыздығы мен ауыр жүктер тиелген экипажға жегілетін ат үзеңгілерінің жиі жарамсыз болып қалуынан, Қапалдан келетін жедел хаттарды уақытында жеткізе алмайтындықтары жөнінде шағым жолдайды. Шағым негізінде Колпаковский Батыс-Сібір генерал-губернаторына аталған жағдайды мәлімдеп, Верный қаласында пошта бөлімшесін ашатындығы туралы хабар береді.
Мұрағатта сақталған деректерде 1860 жылдың қазан айының 24-інде Верный бекінісінде пошта бөлімшесінің ашылғандығы және хат-хабарлардың қабылданып жатқандығы, сонымен қатар Верныйдан аптаның әр дүйсенбісінде поштаның жіберілетіндігі жөнінде Алатау округтік басқармасы барлық басшыларға хабар берген дерек те бар.
Қазақ жерінде әскери тәртіпті орнатқан отаршылар пошта қызметіне тек әскери шендегі орыс азаматтарын алған. Кейінірек ауыл болыстарына хат-хабарларды қазақ жігіттерінен алынған шабармандар арқылы жеткізіп отырған.
1883 жылы құрамына 14 пошта бөлімшесі бағындырылған Верныйдағы пошта байланысы осылайша 1917 жылға дейін, яғни Кеңес өкіметі құрылғанға дейін Алматыда қызметін атқарды.
Сәл кейін, 1919 жылдың 2 желтоқсанында Қазақстанның астанасы болған Орынбор қаласында пошта-телеграф байланыс бөлімшесі ашылды.
– Бүгінгі уақыт пошта үрдістерін түбірімен өзгертіп, жаңа заманның талабына икемдеп үлгерді. Қазақстан Республикасы Дүниежүзiлiк пошта одағына мүше болуымен байланысты отандық поштаға инновацияның жаңа түрлері енгізілді. Осыған орай, «Қазпошта» АҚ «Алматы почтамты» Алматы филиалы поштасының қазіргі қызмет ауқымы мен ерекшеліктері қандай?
– «Алматы почтамты» қызметкерлері бүгінгі таңда жеке тұлғалармен қатар, жыл он екі ай Алматы қаласындағы 200-ден астам ұйымның заңды тұлғаларына күнделікті басылымдарды жеткізіп беру міндетін атқарады. Оған бізде жұмыс істейтін 263 пошташы, 96 жүргізуші жұмылдырылған.
Қаланың барлық аумағын қамтитын Алматы филиалы почта байланысының 65 бөлімшесі, алты байланыс пункттері, бес учаскесі мен 90 бірлікті автомашиналар паркінен тұратын байланыс автобазасы бар.
Қазпоштаның бәсекелестік нарықтағы басты ерекшелігі – кейбір қызмет түрлері бойынша аса маңызды, әсіресе әлеуметтік бағытта жүйелі қаржылық операциялар жүргізуі болып табылады. Қаржылық қызметті үйлестіру мен ұйымдастыру мақсатында 2002 жылы компаниямыздың филиалдарында арнайы қаржылық қызмет көрсету бөлімдері құрылды. «Алматы почтамты» АФ-ның қаржылық қызмет бөлімі сегіз жылдан бері клиенттерді қаржылық, агенттік қызмет көрсету түрлеріне тартуда ерекше белсенділік танытып, нарық жағдайында жемісті жұмыс жүргізе алатындығын паш етті.
Қазіргі таңда пошта жүйесіндегі ақша аударымдарының ең көп сұранысқа ие болып отырған түрі – республика ішіндегі жедел ақша аударымдары болып отыр. Оның басты артықшылығы – автоматтандырылған пошта бөлімшесінен жіберілген ақша аударымын небәрі 10-15 минуттың ішінде алуға болатындығында. Пошталық жедел ақша аударымының бұл түрімен студенттер, зейнеткерлер, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірлерінде іссапармен немесе басқа да жұмыстарымен жүрген азаматтар жиі пайдаланады.
– Өткен ғасырдың соңынан бастап, әлемде пошта арқылы хат-хабар жіберу азайып бара жатқандығы байқалады. Жағдай шын мәнінде солай ма? Клиенттердің хат-хабар, сәлем-сауқат жолдауының соңғы жылғы көрсеткіші қандай?
– Интернет сынды электронды-техникалық құралдардың мүмкіндіктері қаншама қарыштап дамығанымен, пошта қызметіне сұраныс ешбір елде бәсеңдеген емес. Қазақстанда цифрлық технологиялардың негізінде поштаның қызметі жаңа деңгейге көтеріліп келеді.
Әрине, ұялы телефон, SMS жүйесі, интернет желісінің жұртшылық арасына кеңінен таралуына байланысты жеке адамдардың арасында дәстүрлі хат немесе телеграмма жіберу үдерісі саябырсығанмен, ұжымдар мен мекемелер, мемлекеттік ұйымдар арасында пошта қызметі маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Түрлі мемлекеттік және жекеменшік мекемелер келісімшарттарын, төлем түбіртектерін, ресми жауап хаттары мен сенім хаттарды, сот және әскери комиссариаттардың шақыру хаттарын жолдауда пошта қызметіне жүгінеді. Сондай-ақ сәлемдемелер мен басқа жүктерді электронды пошта арқылы жіберу мүмкін емес. Оның үстіне, біз тасымалданатын ақпараттың қауіпсіздігіне кепілдік береміз.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл, 2010 жылы, жазбаша хат-хабарлар көлемінің біршама ұлғайғандығы байқалады. Сәлемдемелер көлемі де айтарлықтай өсуде. Жастарымыз электрондық жүйе байланысын жақсы меңгергенімен, орта және аға буын өкілдері пошта қызметінен қол үзген жоқ. Бұл – поштаның ешқашан халық өмірінен тыс қалмайтындығының айғағы.
– Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, сұхбатыңызға рақмет!
Пошта жәшігі
Қазақстан пошта қызметінде сандық технология құрылғылары енгізіліп жатқандығына қарамастан, Алматы қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерде арнайы пошта жәшіктерінің болмауы салдарынан, жеке тұлғалардың әдеттегі төлемақы қағаздары мен мерзімдік басылымдарды иесінің өз қолына табыстау мүмкіншілігі болмай отыр. Осыған қатысты қала тұрғындарынан шағымдар жиі айтылады.
Пошта жәшіктерін жөндеу, алмастыру және орнату мәселесіне қатысты қала, аудан әкімдері мен пәтер иелерінің кооперативті ассоциациясына хат жібердік. Алайда олардан мәселені қаржы тапшылығына байланысты ысырып қойғандығын білдік. Сондай-ақ олар мұндай мәселені тұрғындармен бірлесіп шығарған қаражат көздерімен шешуге болатындығын айтады. Өкінішке қарай, биліктегілердің қарапайым пошта жәшігін қалпына келтіруге қаржысы да, құлқы да жоқ сияқты...