Гитараны кәсіби деңгейде тарта алатын қазақ баласы жоқ

Гитараны кәсіби деңгейде тарта алатын қазақ баласы жоқ

NAYA, «Достар» вокалды-аспаптық ансамблінің әншісі:

Алғашында Оңтүстік Қазақстан облыстық «Арай», республикалық «Жас қанат», халықаралық «Азия дауысы» сияқты байқауларда лауреат атанып, 2000 жылы «Өмір-өзен» атты алғашқы альбомын жарыққа шығарған әнші-сазгер Алтынай Жиенбекованың әндері бүгінде жақсы бағаланып жүр. Аталмыш альбомға авторлық «Қажыдым», «Мазала жырым», «Сен», «Сәби арман» т.б. әндері енді. Алтынай – бүгінде «Достар» вокалды-аспаптық ансамблінің әншісі.

– Алтынай, 2000 жылдан бері  NAYA  деген лақап атпен танылып келесіз. Оған дейін «Агат» дуэтінде өнер көр­сет­тіңіз. Сізді әнсүйер қауым Алтынай Жиенбе­кова деп емес, NAYA деп қа­был­дай­ды. Өзіңізге лақап есім ойлап табудың қажеттілігі неден туындады?
– Өйткені сол жылдары үлкен сахнаға менімен қатар Алтынай Жорабаева да жол тартқан болатын. Ол да – Шымкенттен, мен де. Ол да – Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың түлегі, мен де. Ол да 1978 жылы туған, мен де сол жылы дүниеге келгенмін. Тіпті аты-жөнімізді де қысқартып алсаңыз,  А.Ж. болып шығады. Жоғарыдағы се­беп­термен бізді халық үнемі шатастыратын. Оның үстіне, менің эстрадалық бағытым стандартты емес, электронды. «Алдары­ңызда Алтынай Жиенбекова!» деген кезде бәрі қолында домбырасы бар, дәстүрлі халық әншісін елестетеді. Ал оған менің ұстанған бағытым да, әнім де мүлде сәйкес келмейді. Сондықтан әнші ретінде қалып­тасуыма себепкер болған Марина Керім­байқызымен, «Анда-санда» студиясының музыка өңдеушісі Ағын Қасымбекпен кеңесе келіп, осы лақап есімді қабылдадым. Өзіме ұнайды, алдағы уақытта да NAYA  болып қала беремін.
– Бірақ бүгінде «Достар» вокалды- аспаптық ансамблінің құрамындасыз. Сазгер-әнші NAYA көлеңкеде қалып қоймады ма?
– Жоқ. Басқа топтың әншісі бола тұра, жеке шығармашылығыңды қатар алып жүруіңе әбден болады. Әндерімді де шығара беремін, оның бәрі де қаражатқа байланысты ғой. Ал «Достар» вокалды-аспаптық ансамблі, аты айтып тұрғандай, бәріміз бірдей ән салып, аспапта ойнаймыз және ең басты ерекшелігіміз – тек қана жанды дауыста өнер көрсетеміз. Осы ерекшелігіміз назарға іліксе керек, 2009 жылы Белоруссияда өткен халықаралық В.Мулявин атындағы «Золотой шлягер» байқауында 1-орынды иелендік. Бүгінде жеке студиямыз бар, өткен жылдан бері Айгүл Иманбаевамен бірге жұмыс істеп, бес облыстың қала-аудандарын, ауыл­да­рын аралап, концерт бердік. Оның сыртын­да белгілі әншілерге жанды сүйемел жа­сай­мыз. Өкінішке қарай, жанды дауыстың не екенін білмейтін, музыкалық аспаптарды өмірінде көрмеген бауырларымыз, ауыл­дарымыз бар. Ал қарапайым халыққа керегі де, қызығы да сол ғой. Өз басым жұмысымнан ләззат аламын, музыкадан жалықпаймын. Ән жазғанда демаламын, басқа сезімің ашылатын секілді. Десе де, «болды, енді ән жазбаймын» деген де кездерім болған. Бірақ бұл да болса – Құдай­дың берген дарыны. Одан қашып құтыла алмайсың. Қалай жалтарсаң да, бір күні өзекті жарып шығып жатады. Әркімге әр­қалай қарым-қабілет берілген ғой. Біреу­­лер саудаға икемді, бірақ ол менің қолым­нан келмеді. Әйтпесе  «прилавканың» астына басымды тығып алып, картоп сат­қан да күндер өтті (күліп алды).
– Қазіргі жазып жүрген әндеріңіз қандай?
– Ең қызығы, бірінші альбомымда мұң­ды әндер көп екен. Екінші альбомыма ен­гелі отырған әндер сергек, жеңіл. Жақында «Жылама» деген әнім шықты, радиодан да беріліп жатыр. Бұл ән бір құрбымның қайғысымен бөліскенде туды. Жігіті «әке-шешем солай деді, саған емес, басқа бі­реу­ге үйленетін болдым» деп, оны тастап кетеді. Сол кезде досым өмірден түңіліп, қайғыдан құса болды. Гитараны қолыма алдым да, «Жыламаны» шығарып, айтып бердім. Жылап алсыншы дедім. Яғни өмірде әртүрлі жағдайлар болады, бірақ түңілуге болмайды. Кім болсаң да, қандай жағдайға тап болсаң да еңсеңді көтеріп, өзіңді қолға алып, аяққа тұруың керек! Көптеген танысым, танымайтын да адам­дарым осы әнді тыңдап, рақмет­терін ай­тып, «рух береді екен» деп жа­тыр.
Сосын «Өмір гүлім» деген ән жаздым, өлеңі – Исраил Сапарбайдікі. Ол барша қазақтың сұлу қыз-келіншектеріне арнал­ған. Жүрген жерімде солай атаймын. Көп­шілік жақсы қабылдады. Ана туралы да бір ән жазғанмын, бірақ әуеніне дөп келетін, әдемі, салмақты сөз жаза алатын бір ақынға тоқталу керек болып тұр.
– Соңғы кездері «Жылама», «Күр­сінбе», «Аһылама, үһілеме» деген ән­дер көбейіп кетті. Неге? Ақын-сазгер­леріміз күйреуік пе, әлде қоғам сондай ма?
– Кей орыстілді қазақ музыканттарымыз «ыңырсып қалған ән жазбайықшы» деп жатады. Бірақ табиғатымыз солай ғой, ескі өлеңдерді алсаңыз да, мұңды әндер ба­сым. Далаға шығып алып, «аха-а-у» деп шерімізді тарқатпасақ болмайды. Өзіміздің қанымызда бар нәрсе, сосын сұраныс та талғамға сәйкес артады. Қазір қосымша вокалдан дәріс беріп жүрмін. Сонда бай­қай­тыным, жастардың көбі «Мейрамбек, Нұртас сияқты болғым келеді» дейді. Соларға еліктейді. «Мен әуелі халықтың жүрегінен орын алуым керек» деп, көпші­ліктің сұранысына қарай ізденіп, сазгерге тапсырыс береді. Тәжірибеге сүйенсек, халық ең көп тыңдайтын, рейтингі  жоғары «МузАРТ»  тобы болсын, Қайрат Нұртас болсын бәрі мұңды әннен бастайды да, біртіндеп жеңіл әндерге көшеді. Яғни алдымен аудиторияны бау­рап алып, жеке шығармашылығына, өзінің жеке бағытына ойысады.
– Сонда әншілеріміз өнерге емес, сұранысқа қызмет етеді демексіз ғой?
– Шетелде тәжірибе бөлек, олар жү­рек­теріне жақын дүниені жазады. Ал біздікілер сұранысқа, көпшіліктің ығына жығылады. Әсіресе тойда өтетін әндерді жазғыш-ақ. Өкінішке қарай, одан халық­тың өресі өспейді, сол «унса-унсамен», бір темппен қалып қояды, ары қарай даму жоқ. Осындай кезде «байғұс, әншілер-ай» дегім келеді. Себебі әнді өңдеуге 1000  доллардай, сазгерге 1000-нан 3000  дол­ларға дейін шығындалады. Оған қоса, ортаңқол деген бейнебаяндарға 10 000  доллардай тағы жұмсайды. Бірақ та соның бәрінен ең қымбатқа түсетіні – ротация, телеарналар­мен жұмыс істеу. Мысалы, біздің арналар ресейлік болмаса шетелдік әншілерді тегін «жарнамалап», таңертең­нен кешке дейін соларды дәріптейді. Ал өзіміздің әншілерге келгенде қалтадан қағып қалуға тырысады. Әділетсіздік қой! Осыдан барып қайдан ғана шығарма­шы­лық, өнер, эстрада өссін? Өспейді. Менің­ше, өз әншілерімізге, олар­дың шығарма­шылығын дамытуға, бейне­баяндарын экрандауға жеңілдік жасайтын, жағдай тудыратын қандай да бір заң шыға­рып, қабылдау керек. Сосын тағы бір айт­қым келетіні, «мәдениетті дамытуға» деп қаншама миллиондаған қаражат бөлініп жатыр. Бірақ ел-елді аралағанда, ауылдағы аппаратты, ескі қаңырап қалған клубтарды көргенде жылағың келеді. Әнші-әртістердің көбі – апалар, оларды жұмыстан шығара­йын десе, жас маман жоқ. Ал баласына кәсіби білім беруге, өнерге баулып, аспап әперуге көп ата-ананың қалтасы көтер­мейді. Меніңше, мемлекет тарапынан үйір­мелер ашып, ансамбльдер құрып, ауылдың мәдени ошақтарын жандандыру қажет. Біздің де балаларымыз кез келген аспапта ойнай алса екен дейсің. Байқаса­ңыз, әлі күнге бас гитараны, тіпті жай гита­раны кәсі­би деңгейде тарта алатын қазақ баласы жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста