Ғашықтық әндер ғапылдықтан туған
«Махаббатсыз дүние бос» деген Абайдың халықтық нақылға айналған тіркесімен келіспейтін пенде жоқ шығар фәниде. Құранның «Зәрият» сүресінің 49-аятында: «Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық, бәлкім, ойланарсыңдар», – делінсе, дүниедегі жұптың ең асылы – ер мен әйел, оған да талас жоқ! Олардың арасындағы ғашықтық, ынтықтық сезім көкірегі ән болып ағылып, күй болып төгіліп тұрған өнер иелері туындыларының басты тақырыбына айналуына не себеп?
Адам ата мен Хауа анадан тараған ұрпақтың арасындағы бір-біріне деген сүйіспеншілік – заңды құбылыс. Әнші, ақын, күйші, жазушының сұлулықтың айнасы болған әйел адамға деген жүрекжарды сезімі өлең, жыр, ән, күй, проза болып ақтарылып, сезімнің мөлдірлігінен авторлардың бағын ашты. Абайдың «сенен артық жан тумас, туса туар, артылмас» деуі, Естайдың атақты «Қорланында» «жігітте арман бар ма сүйгенді алған» делінсе, Әсеттің «Інжу-маржан» әнінде:
«Сейфүлмәлік, Жамалдай,
Бейнетіңе көнсем-ай.
Қозы Көрпеш – Баяндай,
Бір молада өлсем-ай», – деген ұлттық ән өнеріндегі сал-серілердің заманында әншінің зары болған өлең жолдары, уақыт өте халық жадында мәңгіге сақталған бағына айналды.
Қазақтың халық және халық композиторлары әндері музыкалық және поэтикалық байлығы жағынан түрлі жанрға бөлінеді. Қазақ әнін зерттеуші Борис Ерзакович ол жанрларды былайша жіктеп береді: тұрмыс-салт, эпикалық аңыздар, тарихи оқиғалар, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, ауыл өмірінің тұрмысы мен қоғамдық дәстүрлері т.б. Махаббат тақырыбына қазақтың барлық жезтаңдай әншілері қалам тартқандықтан, ол тақырыптың өзін жеке алып қарауды зерттеуші жөн көрген екен. Б.Ерзаковичтің жарты ғасыр бойы жинаған қазақтың 2500 ән-күйінің ішінде 206 әнді бөліп қарап, «Қазақ халқының ғашықтық әндері антологиясы» деген атпен арнайы жинақ шығаруы – соның дәлелі. Қазақтың ғашықтық әндерінің саздық сипатын ғалым былайша суреттейді:
«Ғашықтық әндер қазақтың кәсіби әнші, жырау, ақындарының халық назарын аудару мақсатында қолданған басқа жанрдағы әндеріндей кіріспе айқайдан тұрмайды. Кіріспе айқаймен басталатын сирек кездесетін әндер, негізінен, басталған әуеннің орта деңгейіндегі бірнеше не бір ғана дыбысқа құрылған. Әннің бұлай басталуы шақыру туғызбайды, тек әуеннің бастапқы арқасүйері рөлін ғана атқарады. Мұның түсінігі, біздіңше, ғашықтық әндердің сырластық, сүйіспеншілік сипат алуында. Олар әуелде автордың сүйіктісіне арнауынан туса, кейін оның ең үздік шығармасы ретінде өзінің және өзге орындаушылардың орындауында ауылдың думанды кештерінде әртүрлі нұсқада орындалу арқылы елге тарады».
Расында, дәстүрлі ән мен күй дәуірлеп дамыған алтын ғасырында Біржан салдың «Ләйлімі», Ақан серінің «Балқадиша», «Ақтоқтының аужары», Балуан Шолақтың «Ғалиясы», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі», Естайдың «Қорланы», Мұхиттың «Зәуреші», Сауытбектің «Ақбөпесі», Қайыптың «Ақбөбегі», Әсеттің «Мақпал», «Ардағы» аталған әнші-композиторлардың аты аталғанда бірге аталатын эталонына айналған.
Мұрат ӘБУҒАЗЫ, өнер зерттеуші, күйші:
– XIX ғасырда сал-серілік дәстүр орныққан кезде сал-серіліктің белгісі ретінде сұлуға, сүйгеніне ғашықтық әндер арнау дәстүрлі түрде қалыптасқан. Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай сынды барлық әнші-композиторлар сала-салаға бөлінген «Ардақ», «Мақпал», «Ләйлім» деген атпен әндер шығарды. Бұл әндер дәл Мақпал, Ардақ, Ләйлім есімді қыздарға арналмауы мүмкін. Тақырыптық әндер бұрынғы халық әндерінде де болған, олардың композиторлары ұмытылып қалғандықтан, бұл көрініс көбіне композиторлық әндерге тән болып келеді. Музыкатану саласында сал-серілік дәстүрді зерттегенде, ғашықтық-лирикалық әндер жеке бір сала болып қарастырылған.
Бұрынғы әндердегі қалыптасқан үрдіс сүйген қыздың атымен ән шығару бүгінге де келіп жетті. Дегенмен қазіргінің әндері ілгерідегідей ауқымды халықтық деңгейге жеткен жоқ. Елдің аузында айтылмақ түгіл, айтылған жерінде ұмытылып қалып қояды. Ал сал-серілердің ғашықтық әндері тек ғашықтық сезімін білдірумен ғана шектелмей, сол заманның әлеуметтік жағдайын, қыз баланы еркінен тыс қаламаған адамға беруі, онымен санаспауы сынды шындықтарды әшкерелейді. Әншінің мұң-зары әлеуметтің мұңымен үндес.
P.S.
Шариғат ұғымында әнді харам деушілер бар. Дегенмен пайғамбарымыз Мұхаммедтен бір шынжыр бойымен үзілмей жалғасқан көзі ашық, көкірегі ояу шежірелік шәкірттері, нағыз исламтанушылар бұл ойды жоққа шығарады. Дәстүрлі ән мен күйдің ғашықтық тақырыптағы шығармаларының өзі адамды ашыналық арсыз ойға жетелеп азғырмайды. Керісінше, бұрынғы дәуір шындығын көз алдыңа әкеліп, күрсінтеді, толғандырады. Адамзатты махаббатпен жаратқан мейірімі шексіз Алланың адам баласын жұп қылып жаратуында, қыз бен жігіттің арасында таза, тұнық сүйіспеншілік сезімнің тууында білген адамға хикмет бар. Тек сол ақ, адал сезімді бір сәттік қалжыңға, ойынға айналдырмаса игі еді. Сонда ғана классикалық деңгейге көтерілген «Айттым сәлем, Қаламқас», «Мақпал», «Ардақ», «Ләйлім», «Қорлан» сынды туындылар бұл заманда да туа жатар...