Ғарышты қолға ұстатқан көрме
Кеше Алматы қаласы тарихының мұражайында «Ғарыш әлеміне - 50 жыл» деп аталатын көрме ашылды.
Бұл ерекше көрме адамзат баласының алғаш ғарышты игере бастағанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған.
Ғарышты игеру тарихына айрықша мән берген көрмеде Ғарыштық зерттеулер және технологиялар ұлттық орталығы, ҚР Тағамтану институты, № 48 «Ғарыш» лицейінің және №23 мектептің 9-сынып оқушысы Әлібек Балахметовтің жеке жинақ қорларынан алынған және Алматы қаласы тарихының мұражайы қорындағы бірегей жәдігерлер қойылған.
Онда, негізінен, Байқоңыр ғарыш айлағы жұмысынан хабар беретін фотосуреттер мен зымыран тасығыштардың құрылғы бөліктері, ғарышкерлер тұтынатын тағам түрлері, ғылыми кітаптар, сондай-ақ ғарыш кеңістігінің игерілуіне 50 жыл толуына арнап шығарылған тиын түрлері және басқа да жәдігерлер жұрт назарына ұсынылуда.
Көрменің алғашқы күні арнайы жиын өтіп, келушілерге ғарыш тақырыбын қамтыған деректі фильм көрсетілді. Арнайы көрменің ашылу салтанатында Ғарыштық зерттеулер және технологиялар ұлттық орталығының мамандары ғарыш саласындағы Қазақстан жетістіктеріне тоқталып, осы бағытта атқарылып жатқан жоба-жоспарларымен бөлісті. Әсірелеп айтсақ, «ғарышты қолға ұстатқызған көрме» осы айдың ортасына дейін жалғасады.
Қаперге
Ең алғаш Байқоңырдан 1961 жылы 12 сәуірде тұңғыш рет Ю.Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанған. Одан кейін ғарыш кеңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалар орындалды. «Восток», «Восход», «Союз», «Мир» т.б. жасанды жер серіктері ұшырылды.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1991 жылы 2 қазанда тұңғыш рет қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілді. Сонымен қатар Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша тағы бір қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышта 1994 және 1998 жылдары екі рет болды.