Ғалымға ұрпақ тағзымы
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде философия ғылымының докторы, профессор, киелі Кереку жерінің тумасы, ел мақтанышы Шүлембаев Қатыршат Шапағатұлының 75 жылдығына орай, «Ғылым, философия, дін: қазіргі білімдегі өзара әрекеттестігі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға Павлодар облысының әкімі Е.Арын, ғалымның замандастары, шәкірттері және туған-туыстары арнайы келіп қатысты. Шараның шымылдығы аталмыш оқу орнында Қатыршат Шапағатұлының есімі берілген аудиторияның ашылу салтанатымен басталды. Аудиторияның лентасын ПМУ ректоры Серік Өмірбаев пен Қатыршат Шапағатұлының қарындасы Рымкеш Шапағатқызы кесті. Онда ғалымның жарық көрген еңбектерінен жасақталған кітапхана қоры, өмір жолы және жалпы пәлсападан хабар беретін құндылықтар қойылған.
Пленарлық отырыста сөз алған облыс басшысы әңгімесін Қатыршат Шапағатұлы жайындағы естеліктерден бастады. «Қатыршат ағаны мен бала кезімнен танимын. Ол кісі менің әкеммен қызметтес болды. Ал ағаның тұңғышы марқұм Дана екеуміз бірге оқыдық. Кейіннен жеңгеміз Манура апамызбен бірге жұмыс істедік. Қатыршат Шапағатұлы текті жерден шыққан адам еді...» – деп еске ала отырып сөзін сабақтаған облыс басшысы барша қатысушыларға алғысын білдірді.
Ал ғалымның шәкірті, профессор Дәурен Құсайынов ұстазын асқан толғаныспен еске ала отырып, «Қатыршат Шапағатұлы – ұстаз, қазақтың ағартушылық философиясын жалғастырушы» тақырыбындағы баяндамасын ел назарына ұсынды.