Ғаламторда «.ҚАЗ» домені қанат қақты
Қазақтың қолданыстағы кирилл әліпбиіне негізделген «.ҚАЗ» атты жаңа домені ғаламторда іске қосылды. Қазақстанның ІТ-компаниялар қауымдастығы Көлік және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «.ҚАЗ» жоғары деңгейлі ұлттық доменін дайындау, тіркеу және іске қосу мәселелеріне қатысты барлық қажетті рәсімдерді атқарып бітті. Енді ұлт атауының басқы үш әрпінен тұратын ұлттық доменді пайдаланатын күн алыс емес. Кеше Қазақстанның ІТ-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исин бұл жайында баспасөз мәслихатында ресми мәлімдеді.
Өз ана тілімізде жұмыс істеуге толық мүмкіндік беретін «.ҚАЗ» ұлттық доменін пайдалану төңірегінде мәселенің көтерілгеніне екі жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт ішінде Қазақстанның ІТ-компаниялар қауымдастығы ғаламтордағы домендік атауларды тіркеу мен ІР-мекенжайларды ұйымдастыру жұмысын жүргізетін ICANN халықаралық корпорациясының талаптарына қатысты бірқатар шараларды атқарған. Техникалық һәм ұйымдастырушылық жұмыстардың бәрі түгесілген соң, ICANN ақыры ұлт атауының басқы үш әрпінен тұратын «.ҚАЗ» доменін пайдалануға өкілдік берген болатын. «Келісімге қатысты соңғы шешім 7 наурыз күні ICANN халықаралық ұйымынан келіп жетті. Сөйтіп, жоғары деңгейдегі ұлттық доменмен жұмыс істеуге рұқсат алып отырмыз», – дейді Қазақстанның бас ІТ-шысы Нұрлан Исин. Ендігі күні «.ҚАЗ» доменін тіркеу шарасы бірнеше кезеңмен жүзеге асатын болады. Ең алдымен, 1-30 сәуір аралығындағы бір ай ішінде мемлекеттік органдарға өздерінің ұлттық әліпбидегі домендік атауларын тіркетуге мүмкіндік беріледі. (Мәселен, Мұнай және газ министрлігі – «МГ.ҚАЗ», Білім министрлігі «Білім.ҚАЗ» деген секілді–авт.). Екінші кезеңде үш ай өздерінің сауда белгілеріне, фирмалық атауларына доменді белгілеп, тіркеу үшін ұйымдарға, кәсіпорындарға уақыт беріледі. Соңғы кезеңде, яғни 15 тамыздан бастап «.ҚАЗ» доменін тіркеу ашық жүргізіле бастайды. Кез келген азамат, кез келген заңды немесе жеке тұлға осы уақыттан бастап ұлттық әліпби әріптері пайдаланылатын сайттарды тіркеп, сонымен жұмыс істей алады. Тіркеу барысында қазіргі қолданыстағы интернет желісінің қазақстандық сегментінің домендік кеңістігін тіркеу, пайдалану және бөлу ережесі қолданылады. Мәселен, интернет мекенжайды тіркеу барысында мынадай арнайы белгілеудегі домендік атаулар қолданылады:
МЕМ.ҚАЗ – мемлекеттік ұйымдар, мемлекеттік мекеме немесе кәсіпорынды тіркеу туралы куәлікті иеленушілерге;
БІЛ.ҚАЗ – білім беру мекемелері үшін, білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия иеленушілерге;
КОМ.ҚАЗ – коммерциялық ұйымдар үшін;
ҚАУ.ҚАЗ – коммерциялық емес ұйымдар және жобалар үшін;
ҚОР.ҚАЗ – Қорғаныс министрлігі үшін;
БАЙ.ҚАЗ – байланыс кәсіпорындары үшін.
«Жалпы, ұлттық әліпби таңбаларын пайдаланып, интернет желісіндегі мекенжайды қалыптастыру ғаламторды қазақ тілінде, яғни ана тілімізде пайдалану құқығын іске асыратыны сөзсіз», – дейді ІТ-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исин. Ескере кететін жайт, соңғы мәліметтерге сүйенсек, әлемде ICANN мақұлдауын алып, ұлттық доменін төл әліпбиімен қалыптастырған 45 ел бар екен. Ал «.ҚАЗ» әлемдегі кириллица әліпбиіндегі үшінші домен болып табылады. Бұған дейін Ресей «.РФ» доменін, сербтер «.СРБ» доменін қатар қолданып келген.
«.kz»-тың орнын «.ҚАЗ» баса ала ма?
Әлбетте, «.ҚАЗ»-дың келуі «.kz»-тың құрдымға кеткенін білдірмейді. Екеуі қатар жүре береді. Десе де, «.ҚАЗ», негізінен, қазақтілді ғаламторшыл қауымға арналатыны белгілі. Өйткені мұндай доменнің айналымдағы белсенділігі де ең алдымен қазақша оқып, қазақ тілінде жаза білетіндердің белсенділігімен байланысты болмақ. Ендеше, «.ҚАЗ» домені өз атауы айтып тұрғандай – қазақтілділер домені. Солай болса, мемлекеттік тілде іс жүргізетін мемлекеттік органдардың бүгінгі жағдайына көз жүгіртіп, ғаламторды ұлттандыруға атсалысатын азаматтардың, ұйымдардың санымен есептесек, «.ҚАЗ» доменін пайдаланушылар саны қаулайды деуге ауыз бармайды. Екіншіден, «.ҚАЗ» доменін пайдаланудың өзі белсенділікпен қоса, ниетке де байланысты. Өйткені «компьютерде қазақ қарпі жоқ, сол үшін қазақша жаза алмаймын» деген сылтауды бетке ұстаушылардың еркі өзінде. Ал сарапшылар алдағы уақытта «.ҚАЗ» доменін пайдаланушылардың саны 7 мыңға жуықтаса қуанатынын айтады. «Қазіргі таңда 70 мыңға тарта «.kz» доменіндегі сайттар бар. Осының 10-15 пайызы «.ҚАЗ» доменіне көшсе де жаман емес. Сондықтан да біз үдере серпілісті болжай алмаймыз. 10 пайыздың өзі құптарлық болар еді», – дейді Нұрлан Исин. Ал «.РФ» домені алғаш іске қосылғанда Ресейдегі кириллицаға көшкендер қатары шамамен 15-20 пайызды құраған.
«.ҚАЗ»-дан не пайда?
Әлемдік ықпалдастыққа ұмтылып, оның ішінде латын әрпінің негізінде түркілік ортақ әліпби жасау мәселесі күн тәртібінен түспей тұрғанда кириллицаға домен бергеннен ұтар бар ма? Дәл осы мәселеде ІТ-компаниялардың да, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың да пікірі екіге жарылады. Бірі кириллицаның тиімсіздігін бетке ұстап, оның орнына латынша-қазақша керек дегенді айтады. Таңбалардың түрленуінен түрлі қиындықтар туындайтынын сілтеп қорқытады. Ал Нұрлан Исин мырза бұған: «Латын әліпбиіне көшу туралы түпкілікті шешім әлі шыққан жоқ. Ондай шешімді тосып отырсақ, әлі қанша уақыт отыратынымызды бір Құдай біледі. Өйтіп құр қол отыра беруге болмайды, жұмыс істелуі, алға жылжуымыз керек. Ал латын әліпбиіне көшу, тіпті ертең енгізілсе де бұған еш кедергіні көріп отырған жоқпын. Сондықтан қорқатын түк те жоқ», – деп кесіп айтты.
«.ҚАЗ» доменіне қатысты басты мәселе ниет дегенді айтып қалдық. Шынымен солай. Өйткені ісқағаздарын ұлт тілінде айналдыру талабына шекесінен қарайтын мемлекеттік орган «.ҚАЗ»-ға көшсе, ешқандай бұлтаңға бара алмасы айқын. Бұған қоса, дәл сол мемлекеттік органдардың интернеттегі қазақ тіліне қатысты сынды жоюдың да бір тәсілі осы болмақ. Ал уақыт талабымен келсек, Қазақстанда тұрып «компьютерім қазақшаны түсінбейді» деген сылтауды айту, біріншіден, ұят, екіншіден, ниетсізге ешкім шеттен көмек бермейтіні айқын.
Ниет демекші, дәл осы «.ҚАЗ» домені туралы ақпарат ғаламтор кеңістігін шарлай жөнелгенде, елімізде тіркелген ақпарат агенттігінің де ниетін байқап қалғандаймыз. Атап айтқанда, «Интерфакс» агенттігі кешегі мәселеге қатысты «ұсынылған домен нұсқасында «құйрығы» бар «к,» әрпі пайдаланылады» деп қазақы «қ»-ның белінен басып, қазақтыққа мүлдем жолағысы келмейтіндей қоқиланады. Сөйтіп, «.ҚАЗ» доменін «.К,АЗ» деп тағы өзіне бұрып әкетті. Бұл қалай? Қазақстанда қызмет ететін ақпарат агенттігінде қазақша әріпті орнымен қолданатын, әйтпесе соған жол сілтеп көрсететін бірде-бір азаматтың болмағаны ма? Не де болса ұлттық доменге қатысты ниеті түзу емес екенін танытатындай.
Айтпақшы, Нұрлан Исин мырза «Қазірдің өзінде тексеріп көргісі келетіндер http://тест.қаз интернеттегі мекенжайына кіріп, жаңа атаудың жұмысын тексере алады» деп жар салып еді. Кірдік, «Қош келдіңіз!», «Добро пожаловать!» пен «Welcome!»-нен басқа ештеңе жоқ. Сәуірдің 1-інен бастап істеп кететін түрі бар.