Фотосуреттер тарихтан сыр шертті
Таяу күндері Алматы қаласындағы Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына жолыңыз түсе қалса, онда өткен ғасырдың белгілі тарихи тұлғаларымен, әдебиет және өнер жұлдыздарымен, қоғам қайраткерлерімен жүздескендей әсер аласыз. Дінмұхамет Қонаев, Мұхтар Әуезов, Роза Бағланова, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Шәкен Айманов және басқа да көптеген тұлғаның өмірінен және XX ғасырдағы тарихи оқиғалардан сыр шертер фотосуреттер көрген адамның көзіне оттай басылады. Жазушылар одағының фойесіне қойылған бұл суреттер белгілі фотожурналист Қайрат Ғабиденұлы Мұстафинге тиесілі. Наурыздың 28-і мен 31-і аралығында қазақ фотоөнерінің дамуына үлкен үлес қосқан Қайрат Мұстафиннің фотокөрмесі өтуде. Аталмыш көрме Қ.Мұстафиннің 80 жылдығына орай өткізіліп отыр.
Қазақ әдебиеті алыптарының бірі Ғабиден Мұстафиннің ұлы Қайрат Ғабиденұлының фотокөрмесін Алматы қаласы және Қарағанды облысы әкімдіктерінің қолдауымен Жазушылар одағы, сондай-ақ «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі бірігіп ұйымдастырып отыр. Көпшілік қауымды қазақ фотожурналистикасының негізін салушылардың бірі Қайраттай танымал фототілшінің шығармашылық мұрасымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрмеге 80-ге тарта фотосурет қойылған.
Қайрат Мұстафин Азаматтық авиацияның ұшқыштар мектебін аяқтап, борт радисі мамандығын игеріп шықса да, фотосуретке деген қызығушылығы басым түсіп, 1950 жылдары ол осы салаға біржола бет бұрады. Оның алғашқы суреттері сол 1950 жылдары қазақ басылымдарында жарық көре бастады. Өмірінің 40 жылдан астам уақытын фотоөнерге арнаған Қайрат соңына мол тарихи мұра қалдырып кетті. Қайрат Мұстафин – Қазақстан туралы көптеген фотоальбом мен кітаптарды көркемдеп өңдеуге де елеулі еңбек еткен жан. Ол зейнетке шыққаннан кейін де «Өнер» баспасында біршама жыл қызмет атқарды.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын:
– Қайрат Мұстафиннің 80 жылдығына арналған бұл өнер көрмесі бәріміз үшін аса маңызды. Қайрекеңнің суреттеріне қарап отырсаң, тарихтың бір мезеттері тіріліп көз алдыңа келгендей болады. Қайраттың Ғабиден Мұстафиндей тұлғаның баласы болуының өзі оның шығармашылық еңбегіне өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Ол бала кезінен қоғам қайраткерлерін көріп, біліп өсті. Белгілі адамдар өмірінің түрлі сәттерін суретке түсіріп, олардың бейнесін тарихта қалдырды. Тарихи сәттерді мөлдіретіп кейінгі ұрпаққа жеткізу де – өте маңызды іс, сондықтан бұл суреттердің құны уақыт өткен сайын жоғарылай бермек. Осынау көрмеге Қайрат Мұстафин түсірген суреттердің бір бөлігі ғана қойылды, бірақ «теңіздің дәмі – тамшыдан» демекші, осы суреттерінен-ақ ол кісінің құлашының кең болғаны аңғарылады.
Әшірбек КӨПІШЕВ, «Өнер» баспасының директоры:
– Қайрат аға өмірінің белді бір бөлігін «Өнер» баспасында өткізген екен. Көне архив біздің баспада сақтаулы тұр. Өткен тарихты өшіріп тастап, жаңа тарих бастауға болмайды. Мен Лондонда, Парижде, Франкфуркта, Мәскеуде өткен көрмелерде, кітап көрмелерінде болғанымда ескі суреттердің аса құнды бағаланатынын көрдім. Германияда өткен бір көрмеде Адольф Гитлердің туған кезінен өлгенге дейінгі суреттерін қойыпты. Яғни адамзатқа соғыс ашып, жарты әлемді қанға бөктірген адамның өзін тарихтың бір кезеңі ретінде көрсеткен. Сондықтан біз тарихымызды сөйлететін суреттерден тайсақтамауымыз керек. Бізде Қайрат ағаға дейінгі, оның тұстастары және одан кейінгі фотографтар бар. Олардың әрқайсысы – бір-бір дара тұлға. Солардың фотоальбомдарын шығару туралы министрлікке ұсыныстар жасап, электрондық техника дамығанға дейінгі негативтерді, фотоөнер туындылары мен тұлғаларын жинақтауға тиіспіз.
Жанар ҒАБИДЕНҚЫЗЫ, Қазақстанның Еңбек сіңірген дәрігері, профессор:
– Қайратты мен тек өзімнің ағам ретінде ғана емес, жалпы, өте ерекше адам ретінде бағалаймын. Әкем бізге мейлі етікші, мейлі шаштараз бол, әйтеуір, кәсіппен айналысыңдар деп үйретті. Ал Қайрат шығармашылық адамы еді. Азаматтық авиацияны тастай салып, осы фотоөнерді таңдауының өзі – оның өнерге деген құштарлығынан. Қайрат – романтик, лирик емес, ол реалист. Оның түсірген суреттерінде тарихтың шындығы, тұлғалардың мінезі айқын тұрады. Әкем әр фотоға суреттің түсірілген күнін, ондағы адамдардың атын жазып қоюшы еді. Үйдегі альбомдардың барлығында әкемнің қолтаңбасы бар. Оларды парақтап отырып, еріксіз көзіме жас аламын. Ал Қайраттың суреттерін көргенде бүкіл Қазақстан алақаныңда тұрғандай сезінесің. Мұндай адамдарды, тарихты жас ұрпақ білуі керек.
Қайрат Ғабиденұлы фотокөрмесінің ашылу салтанатына халық өте көп жиналды. Олардың арасында Қайрат ағаның көзін көрген достары Қасым Сапарғалиұлы Бегалин, Владимир Савченко секілді фотожурналистер де болды. Олар Қайрат Мұстафин түсірген суреттердің жинақтарын ала келіпті. Сондай-ақ көрмеге Қайрат Мұстафиннің жары Зура, туысқандары және немерелері де қатысты. Бүгінде өнер адамдарының кештері, суретшілердің көрмелері жиі өтіп жатады. Соңғы уақытта фотокөрмелер өткізу де жиілей бастады. Фотосурет бұрындары қазаққа бөтен өнер болып, кенжелеу дамыса да, бізде осы саланы мықты меңгерген азаматтарымыз жетерлік. Кешегі Рысқали Дүйсенғалиев, Сайлау Пернебаев, Алашыбай Есмағамбетов, Рахымбай Ханалы секілді қазақтың мықты фотожурналистері қаншама тарихи сәттерді суретке түсіріп, бүгін өздерінің есімдері де тарихқа айналды. Кейде газетке көлдей мақала жариялағаннан үлкен бір сурет тастаған әлдеқайда артық. Қазіргі таңда өткен тарихқа деген көзқарасымыз өзгере бастаған шақта тарихи фотосуреттердің маңызы ұлан-ғайыр, күн өткен сайын құны да өсе бермек. Біз өз тарапымыздан Асылхан Әбдірайымұлы басшылық ететін «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің игі істеріне табыс тілейміз. Ал аталмыш фотокөрме 5-15 сәуір аралығында Қайрат Мұстафиннің туған жері – Қарағанды қаласындағы облыстық Бейнелеу өнері мұражайында жалғасын таппақ.