Еуропаны елең еткізді
Қармақшы ауданының балғын әншісі Айжан Қыдырбек «RІMІNІ FEST-2010» фестивалінде бас жүлдеге қол жеткізді. Қазақы ауылдың қаршадай қызы осылайша Еуропа жұртшылығын тәнті етті.
Айжан аудан орталығы – Жосалы кентіндегі №250 мектеп-лицейдің алтыншы сыныбында оқиды. Ол алты жасынан бері өнер сахнасында жүр. Алғаш рет балғын әнші аудандық өнер байқауында топ жарған еді. Одан кейін «Ақ көгершін» фестивалінде екінші орынға қол жеткізді. Оның жетістігі тек осымен шектелмейді. Өнер саласының мамандары былтыр өткен «Менің Отаным» патриоттық әндер байқауы мен биылғы «Балауса» фестивалінде де бас жүлдеге Айжанды лайық деп санады. Балғын кезінен талайды мойындатқан талантты қызды қанатының астына алып, тәлім үйреткендер қатарында «Әнші балапан» байқауы жобасының жетекшісі Роза Жанчурина бар.
Италия жеріндегі ән байқауына біздің елімізден үш өнерпаз аттанды. Олардың арасында А.Қыдырбектің жұлдызы жанып, көрермен қошеметіне ие болды. Кәрі құрлықтағы курортты аймақ саналатын Римини қаласында өткен фестивальге әлемнің бірнеше елінен 9-25 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Ән әлемінің қыр-сырын таразыға тарта білетін мамандар қазақстандық әншінің өнерін бас бармақпен бағалады.
Айжан Қыдырбек, жас әнші:
– Мен халықаралық өнер бәйгесінде «Свети моя земля» және «Домбыра» әндерін орындадым. Сондай-ақ талғампаз тыңдармандар алдында «Сарани кетломомен» әнін де әуелете шырқадым. Бұл шығарма итальяндардың халық әні болып табылады. Байқау екі аптаға созылды. Менің талантымды кішкентай кезімнен танып, өнер әлеміне жол сілтеген Қанат Төребеков ағама алғыстан басқа айтарым жоқ. Барлық тілеулес жандарға ризашылығымды білдіргім келеді.
А.Қыдырбектің ата-анасы қарапайым жандар. Әкесі – Қыдырбек Қалашбаев жеке шаруа қожалығында еңбек етеді. Алайда Сыр сүлейлерінің термелерін шебер орындай біледі. Анасы – Хадиша Елеунұрова мектепте математика пәнінің мұғалімі. Өнегелі отбасы өздерінің шығыстың шайыры – Тұрмағанбеттің қарындасы – Мағужаннан өрбіген ұрпақ екенін әрдайым мақтанышпен айтады.