Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Қасымхан Бегманов этнограф ғалым Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбаттан тұратын «Этнографпен әңгіме» және «Салты мықтының – халқы мықты» атты жаңа кітаптарының тұсаукесерін өткізді. Қасымхан Бегмановтың айтуынша, туындылар қазақ халқының салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына арналған таптырмас мұра.
ҚР Ұлттық кітапханасында өткен тұсаукесерге ғалымдар, қоғам қайраткерлері жиналды. Этнограф ғалым Жағда Бабалықұлының мұрасын жан-жақты сөз еткен олар Қасымхан ақынның сыр-сұхбат түрінде шығарған еңбегіне тәнті болды. Жағда Бабалықұлының қасында жүріп, көзі тірісінде қазақтың фольклорын жазып алған Қасымхан ақынның айтуынша, республикалық «Дәстүр» баспасынан шыққан «Этнографпен әңгіме» кітабында аса көрнекті этнограф ғалым Жағда ағамыздың өміріне қатысты және халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тарихы, мәдениеті, көне сөздері, ұлттық киімі, тағамы, саятшылық дәстүрі тағы басқа деректер қамтылған. «Салты мықтының – халқы мықты» кітабы «Өлке» баспасынан шыққан, автор тарапынан бірнеше бөлімдер мен тарауларға бөлініп, оқырманға ықшамдалып ұсынылған. Қос кітап та халқымыздың ата-салтын насихаттайды.
Асылы ОСМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
– Жағда Бабалықұлы дарынды тұлға еді. Ол сөйлегенде де ұлттық рухта сөйлейтін. Көненің көзі ретінде қазақ фольклорын терең білді. Тағдырдың ол кісіге берген сыйы мол деп есептеймін. Бойына сіңіріп, барын халқына жұмсады. Қасымханның бүгінгі еңбегі келешегіміз үшін аса қажет. Себебі ол – тарих, ол – дәстүр.
Қасымхан БЕГМАНОВ, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, туындылардың авторы:
– Мен Жағда Бабалықұлын қаланың ортасында отырған үлкен қазына деп ойладым. Себебі қасымда отыр, архивке бармайсың, басқа мемлекеттерге аттанбайсың. Ол кісімен 2-3 жылдың көлемінде тығыз жұмыс жасадық. Аптаның әр күнінде 3-4 сағаттан фольклор туралы әңгімелесіп, сосын кітапқа ұласып кетті.
Этнографиялық әңгімелер жарық көрді
Последние статьи автора