Естай Әлікеевтің рухты жырлары тудырған ой
Туған өлкенің қасиетті топырағынан нәр алып, маңғаз тауларынан рухтанып, қанаттанып, текті қырандай түлеп, өнердің туын биікке ұстап жүрген санаулы ғана азаматтар бар. Солардың бірі өнердің туын туған өлкеден ұстап шығып, қазақ сахарасында тіптен биіктетіп жүрген ағамыз, әнші, ақын, жыршы – Естай Әлікеев.
Естай деген есім – есті, текті деген сөз болып естіледі маған. Өзінің жан дүниесі таза, ізгі азамат болғасын, маңайына өнерге құштар жандар топтасып ұлық өнерді ұлықтап, жас таланттар үлкен өнерге қанат қағып биіктеп жатады. Өйткені Естай ағамызда адам бойындағы асыл қаcиеттерді ертерек көре білетін ерекше қабілет бар.
«Ер жігіттің ішінде ат басындай шер өсер» – демекші өмірді тек қана қоңыр түспен көретін Естай Әлікеев ағамыздың «Шер» жыр жинағын оқып отырып ақынның болмыс бітімін және жан айқайын танисыз. Жеңіспен жеңіліс жыр жолдарыңда ширыға үндесіп, ғажайып сағыныш жан дүниенізді толғандырып, көңіліңізбен арқау болған аймақта жүресіз.
Жайлауды айтшы, жайлауды,
Кермеде бие байлаулы.
Қазанда етін бұрқырап,
Самаурының қайнаулы...
Жайлауды айтшы жайлауды,
Біледі қазақ тойлауды.
Көкпар тартып қыз қуған,
Қазақтан үйрен ойнауды,
Қазақтан үйрен ойлауды.
Жанына жәннат іздесен,
Қазақтай сүйгін жайлауды,
Қазақтай сүйгін жайлауды... – деген ақын өлеңі тамырынан жырақтап кеткен жандарға жерұйықтың қайда екенін көрсетіп тұр.
Ақын жаны қарапайым жанға қарағанда күрделірек. Елдің кішкентай жеңісін үлкен жеңіске балайтын ақын жүрегі сүзгі сияқты. Ақынның "Армысың ауылдастарым" деген өлеңіне тоқталасам.
Армысыңдар, ауылдастарым,
Ауылдастарым, бірге туған бауырластарым.
Ширек ғасыр білесіңдер сірә,
Сендерден неге алысытадым.
Неге алыстадым қауымдастарым.
Өйткені маған қырын қарап,
Арманыма құлақ аспадың.
Құзғынға бәлкім теңедіңдер,
Мен емес пе едің қарлығаштарын.
Іргене ұя салайын деп ем,
Өздерің есік ашпадың.
Ей, менің ауылдастарым,
Батырын болып қалайын деп ем,
Жігерімді жасқадың.
Ақының болып жырлайын деп ем,
Жырымды жыртып тастадың.
Арланың болып жортсам деп ем,
Орды қаза бастадың.
Қыраның болып қалқысам деп ем,
Торға қамап тастадың.
Әй, менің ауылдастары,
Әй, менің бауырластарым...
- деп Естай жырау тереңнен тартып толғайды. Себебі ақындығымен батылдығы, шырқыраған жан дүниесі осылай айтқызады. "Жұрт ұқпаса ұқпасын ұғынбасын, біздегі тіршілік ертеңгі ұрпақ үшін" деген Ахмет Байтұрсынұлының айшықты ойын өмірінің мақсатына айналдырған Есағамның бойынан арлы азаматқа тән ерлік те, өрлік те, бекзаттық пен мәрттік те табылады. Сондықтан шығар, маған Естай Әлікеевтің өмір сүру принципі кешегі Алаш азаматтарының бағыт-бағдарымен үндесіп жатқандай әсер етеді.
Ел-жұрттың өнерге көрсеткен құрметі мен қошеметі өнер адамының жанын желпіндіріп одан сайын қанаттандырып, рухтандыра түсері сөзсіз. Сондықтан шынайы өнерге, өнер адамына құрмет көрсете білейік. Біз жасаған кішкентай құрмет, үлкен еңбек тудыратынын ұмытпайық.
Мұхтар Қасенұлы Байбатшанов,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі