"Ешкім тез байып кетпейді": Миллиондап табыс табатын отандық актриса туралы білесіз бе (фото)
Отандық танымал актриса Гүлшарат Жұбаева бүгінде бірнеше кәсіпті дөңгелетіп отырған табысты әйелге айналды. Гүлшараттың той-бизнес пен сән саласында, сондай-ақ, тігіншілік пен оқыту орталығындағы ісі өрге басып келеді. Өмірлік жолдасымен бірге бизнесті нөлден бастап, қазіргі таңда біраз адамды жұмыспен қамтыған, жылына миллиондап табыс тауып отырған актриса бір кездері үй қызметшісі атанған күндерін де еске алды. KAZ.NUR.KZ Гүлшарат Жұбаевадан табысты болудың құпияларын сұраған болатын.
«Тұрмыс құрып, балалы болған әр әйел үйде тыныш отыра алмайды. Барлығы да қосымша табыс тауып, үй тірлігіне, күйеуіне көмектесуді ойлайды. Ең болмаса, күнделікті қаражатым қалтамда болса деген ой болатыны рас әйелдерде.
Мен де бизнеске осындай ниетпен келдім. Бүгінде өзім басқаратын «Шабыт шоу» event орталығында 32 биші, 4 әнші және 8 көлік жүргізуші бар. Бұл - менің алғашқы жобаларымның бірі.
Кейін тігіншілікті қолға ала бастадым. Тұрмысқа шыққан соң, біраз уақыт пәтерде тұрдық. Жаңадан үйленгендердің пәтерде тұруы таңсық нәрсе емес.
Сол бір бөлмелі жалдамалы үйде де тігінге тапсырыс қабылдайтынмын. Өзімнің тобымдағы биші қыздардың киімін тіктім. Балабақшалар мен кейбір мекемелерден, әртістерден тігінге тапсырыс келе бастады.
Пәтерде жүрсем де қарап отыра алмадым. Кейін жолдасым үй салған соң, оны сәндеуге, әдемілеуге кірістім. Әр әйел адамның жаны сүйетін жұмыс бұл.
Осы кезде перделер мен үйдегі басқа да интерьерлерді сатып алуды ойлағам. Бірақ желіден, интернеттен қарап, перделерді өзім де тіге алатыныма көзім жетті. Осылайша, тігін цехын, қазақша перделер мен қыз жасауын бір жолға қойдым.
Қазақы интерьерге бет бұратын кезде осы саланы үш жылдай зерттедім. Ою-өрнектерге ерекше мән бердім. Бизнесің әрі қарай сәтті болуы үшін көп жағдайда идея керек.
Мысалы, мен тіге бастаған қазақы үлгідегі перделер халық арасында өтімді. Тіпті, шетелдерден де тапсырыстар түсе бастады. Бұл өзін ақтаған жоба деп айтар едім.
Қазір үйді қазақы ою-өрнекпен әдемілеу трендте. Тапсырыс көбейген соң, бір өзімнің үлгермейтінімді біліп, тігіншілерді жұмысқа ала бастадым. Осылайша, ісіміз жалғасып келеді», - дейді Гүлшарат.
Гүлшарат Жұбаева бизнесін тағы да кеңейтіп, тігіншілерге арналған оқу курсын ашқан. Сондай-ақ, оның сән салоны да қалада жұмыс істеп тұр.
Десе де, Гүлшарат пен оның отбасы үшін бәрі бірден оңайға соқпаған. Ол бірнеше жобаны қолға алып, қайтадан жауып тастапты да. Яғни, бизнес әлемінде бірнеше рет сүрінгені рас.
«Әншілер қай әннің хит болатынын дөп басып айта алмайды ғой. Сол секілді, бизнесте де қай жобаның тиімді болатынын болжау қиын.
Мәселен, менің де мансабымда сәтсіздіктер жетіп артылады. Бірнеше рет тамақпен айналысып көргем, қолымнан келмеді. Фитнес орталықты да қолға алғам, нәтижесі көңіл көншіткен жоқ.
Той салонын ашамын деп те біраз жүгірдім. Халыққа қолжетімді бағамен тауар ұсынып, одан табыс көру үшін де үлкен ептілік қажет. Дегенмен, бұл сәтсіздіктердің барлығы мен үшін үлкен тәжірибе болды. Бұл қателіктерден әлі күнге дейін сабақ алып келемін.
Соңғы төрт жылда халық табысының айтарлықтай төмендегені байқалады. Бұл бизнесте жүрген жандарға қатты сезілуде. Егер жалақы көтерілсе, халық та жан-жағына қарап, әдемі заттарға көз тіге бастайды», - дейді ол.
Бизнес ханшайымның айтуынша, кәсіпкерге халыққа не қажет екенін анықтай алатын түйсік аса қажет.
«Бірден айтайын, ешкім тез арада табыс тауып, жылдам байып кетпейді. Күнделікті еңбектен бөлек, алда күтіп тұратын қиындықтар, сәтсіздіктер болуы заңды нәрсе.
Бизнесіңіз бірден алға басып кетпейді. Кейде халықтан сұраныс болмайды, кейде жай ғана сіздің сауда нүктеңіз елеусіз немесе қолайсыз орында тұруы мүмкін. Осының бәрін кәсіпкер есептеуі қажет. Түйсік керек.
Мәселен, мен алып-сатуға қарағанда, қызмет көрсету саласын жаныма жақын көремін. Өйткені, алып сатуда қалдық көп. Ал қызмет көрсету саласында сен нақты тапсырыстармен жұмыс істейсің. Яғни, кедергілер аздау», - дейді кәсіпкер.
Гүлшарат Жұбаева бірнеше бағыттағы бизнесі арқылы жылына қанша табыс табатынын да жасырмай айтты.
«Жылдық табысымды нақты есептеген емеспін. Айына 2-3 млн теңге тұрақты түседі десек, жылына шамамен 20-30 млн теңгенің айналасында табыс бар деген сөз.
Бірақ мен тапқан табысымды бизнесімді одан әрі үлкейтуге жұмсағанды ұнатамын. Мысалы, қымбат көлік алып, шетелге қыдырып келгеннен гөрі, қаржыны тағы бір кәсіпке құйған дұрыс», - дейді ол.
Елге танымал кәсіпкердің айтуынша, бизнес бастау үшін жоғары жақта «аға», «көкелердің» болуы міндетті емес. Бәрі де ниетке байланысты.
«Жолдасым екеуміз бизнес бастағанда біздің басы артық ақшамыз болған жоқ. Пәтер жалдап жүрдік, сәбилі болдық.
Десе де, бізде үлкен жігер, ниет бар еді. Мәселен, қазір бірнеше бизнестің басын ұстап отырған менің үй қызметшісі болғаныма сенбейтіндер бар.
Ол рас, Құлсарыда үй қызметшісі болып жұмыс істедім. Кейін бәрін өзіміз бастап, аяққа тұрдық. Нөлден бастадық.
Оқу орталығын ашып, тігін саласына арналған журналды қолға алған соң ғана мемлекет тарапынан берілетін қолдауға жүгіне бастадық. Ақша да, басқа да проблема емес. Адам өзін шектемеуі керек», - дейді ол сөз соңында.