Есілге еркелеген ақын

Есілге еркелеген ақын

Осы бір оқиғаны жазуға оқталғалы ұзақ уақыт болды. Бірақ сәті түспей-ақ қойып еді... Енді, міне, арада 40 жыл өткен соң барып қолыма қалам алдым. Бұл шағын естеліктің басты кейіпкері – ақын аға. Ақын болғанда аты аңызға айналған, қазақ поэзиясының қақ төрінен ойып тұрып орын алған, жыр жолдары сан мыңдаған жүректерде жатталған Мұ­қаға­ли Мақатаевтың Сол­түс­тік Қазақстан облысына кел­ген сапа­рынан бір сәт қана...
1973 жылдың тамыз айы. Бұл облыс­тық «Ле­нин туы» газетінің редакциясында болған жағдай еді. Бірде газет редакторы Уәп Рақым­жанов мырза жорналшы жігіт­терді жедел бөлмесіне жинады. Кіріп кел­сек, төрде кесек денелі, шашын шалқа­сы­нан қайырған, кең маңдайы жарқырап, жауы­рыны қақпақтай жігіт ағасы отыр. Мен бірден тани кеттім. Өйткені КазГУ-дің фи­ло­логия факультетін бітіріп келгеніме бірер ғана жыл болған. Алматының барша сту­дент­тері қуалап жүріп қызықтайтын – өзіміз білетін ақын Мұқаң. Танымаған әріптес ағаларым «бұл кім?» десіп, бір-біріне қа­расты. Сол сәтті пайдаланған ұжым бас­шысы:
– Жігіттер, таныс болыңдар, Жазушылар ода­ғының тапсырмасымен алматылық ақын бауырымыз Мұқағали Мақатаев біздің елге іссапармен келіп қалыпты, – деп Уәп Әшімұлы сөз бастады.
 – Қош келдің, – десті қарт қаламгерлер Абай Қазиев пен Мұқаметқали Нұрғожин есімді ескінің көздері. Жас жазушы Бақыт Мұстафин мен ақын жігіт Болат Қожахмет­ов, ақкөңіл Амандық Әбжанов ұшып тұ­рып, қол берісті.
 Көпшілікке ілтипат білдіріп, сәлем бер­ген Мұқағали өзінің келген іссапар жос­па­рын қысқа ғана қайырып айтты. Содан соң редактор орынбасары Сұлтан Темірхановқа бұ­рылып:
 – Сұлтан, сен Мұқағалидың жүріп-тұ­руын ұйым­дастырып, мәселесі болса ше­шер­сің... Иә, айтқандай-ақ, Мұқа, сиясы кеп­пеген шығарма­ңыз болса, біз бірінші бо­лып тұсауын кеселік, –деп ақынға назар аудар­ды. Қонаққа Уәкеңнің бұл сөзі ұнап кетті білем, салған жерден «бар, бар»деген үні естілді. Сол-ақ екен, орнынан ұшып тұр­ған Мұқағали көзіне түскен қара ша­шын кейін сілкіп тастады да:
– Міне, «Аққулар ұйқтағанда». Поэма,–деді.
 – Бақыт, сен алып, нөмірге жіберерсің, – деп бастық әдебиет бөлімінің меңгерушісі Мұста­фин­ге тапсырма берді. Жаңылмасам, ақынның осы тамаша шығармасы ең бірінші болып біздің газет бетінен жарық көрді.
 Жігіттер редактордың бөлмесінен қау­қы­л­дасып, көңілді тарқасты.
 Сәлден соң мені Сұлтан аға шақырды.
 – Мұқа, мына жігіт сізге серік болады. Бұйым­тайыңыз болса, айтарсыз... бүгінше қарт Қы­зылжарды қызықтап, ертеңгісін аудан­ға бет бұ­рар­сыз, – деп алдағы күннің жос­парын ноу­бай­лады.
 Мұқаң мен жаққа көзінің қиығын ғана тастап, сәл қобалжып қалды. Жүзінде бір абыр­жу бар сияқты. Тегі мені баласынып, көңілі тол­май тұр-ау, сірә... Шындығы керек, тым жаспын, әлі еш нәрсеге төселе қоймаған кезім... Мұқаң­дай жігіт төресіне серік болу қайда?!
 Үн-түнсіз екінші қабаттан төмен түсіп, есік алдына шықтық. Мұқаң сол қолымен білегімнен қатты қысып ұстап алған. Қолы өте қарулы екен, жаныма батып барады. Айтуға дәрмен жоқ.
 – Бала, атың кім? Ақынның бірінші сөзі осы болды.
 – Шашубай.
Ол жалт бұрылып, маған қарады. Жанары жарқ етті. Мен сәл тіксініп қалдым.
 – Бұл жақта қайдан жүрген Шашубай­сың? Фамилияң?
 – Малдыбаев.
 – Ох, сен не, ақын Ғалекеңнің баласы емес­сің бе?
 – Иә, – деп, мен басымды изедім. Сәл кіді­ріп қалған Мұқаң мені өзіне тартып, ағалық ақ жү­рек­пен бауырына басты.
 – Ә, қызталақ Сұлтан! Маған бір шбиді серік қылдың деп жаңа ғана біраз жерге апарып тастап едім, кімді қосшы етеріңді білген екенсің ғой... Әй, Сұлтан, Сұлтан! Саған мың да бір рақ­мет... Ақсақал ақын, әйгілі «Қырым қызы» поэ­масының авторы Ғалым Малдыбаевтың бала­сын қосып бергеніңе... сен неткен гений едің... әй, бәрекелді, бауырым. Жүр кеттік, түс алды­ма, – деп Мұқаң мені көшеге қарай жетек­тей жө­нелді.
 – Ал,бала, мені Есілге апар. Осы жасқа кел­генше Есілдің суына бетімді бір жуып көр­меп­пін... Сол бір кемшіліктің орнын тол­тырайын, бәлем... баста Есілге...
 Мұқаң осы бір сөздерді ерекше тебі­реніспен айтты. Ақынның қоңырқай жүзін­де іңкәрлік сезімнің сәулесі ойнағандай бол­ды.
 Қарт Қызылжардың қақ ортасын жа­рып өтетін бас көшелердің біріне түсіп алып, ақын аға екеуміз Арқаның ерке өзені Есілге қарай бет түзедік.
 Жағалауға жақындаған кезде Мұқаң жүрісін жылдамдатып, менен оқ бойы озып кетті. Сол екпінімен Есілдің құм қай­рақ жағалауына жетті-дағы, жалма-жан аяқкиімін шешіп, суға түсті. Есілдің мөлдір суы ақынның аяғын шылап, сылқ-сылқ күліп ағып жатқандай көрінді.
 Жағалауға жайғастық. Шағындап дас­тар­қан жайдым. Бірақ сусын ішетін ыдысты ұмытып кетіппін. Сосын жағада шашылып жатқан темір қалбырлардың бірін алып, құммен ысқылап тазартып әкелдім. Тамыздың күні тас төбеде тұр. Шуағы тәп-тәуір, майда құм ысып қалыпты. Мұқаң көңілді. Жаны жай тауып, ың-шыңсыз табиғат аясында жайбарақат отыр.
Аз-кем сырласқан соң, бір сәтке ақын үнсіз қалды. Менің құлағым – Мұқаңда, көзім – аузында. Байқағаным, ақын тол­қып отыр. Таяқ тастам жерде сыңғырлап өзен ағып жатыр. Кенет ол бетін су жаққа бұр­ды да, даурығып сөйлей жөнелді.
 – О, тоба! Арқаның асылы, еркесі Есіл, сен мені кешір! Пақырыңнан бір білместік кетті! Се­нің мөлдір суыңа жүзімді жуып, қолымды шаю­дың орнына, қара басқанда, аяғымды жуғаным не қылғаным! Бұл ба­рып тұрған көргенсіздік! Бейбастақ басым! Кешір мені, киелім, кешір!
Мен ақынның жай-күйін енді ғана түсін­гендей болдым. Неткен нәзіктік, нет­кен сезімтал­дық! Ақын жанының айрық­шы­лығы да осындай қасиеттерімен ерек­ше болады екен ғой... оны кім білген? Мұ­қаң орнынан тұрып, өзенге барды. Са­ла­лы саусақтарымен Есілдің мөлдір суын көсіп-көсіп жіберді де, қос ала­қанына су толтырды. Сосын бетін жуып, шашын сала­лады. Ақ жейденің омырауын ағытып тас­тап, салқын суды кеудесіне шашты. Аузын шай­д­ы. Сосын жағалауда жайылған ша­ғын дас­тар­қанда тұр­ған, әлгінде ғана ша­рап ішіп отырған қал­быр­ға су толтырып алып, мейірлене сімірді.
 – Айызым енді ғана қанды ғой... Жа­рық­тық Есілім-ай, суың балдай екен, шір­кін! Сені ақын біткен бекер жырламапты! Қасиетіңнен айнал­дым, ару өзен!
Мұқағали бетін қайта-қайта жуып, Есіл­ге еркелеп ұзақ тұрды. Мен сол бір сәт­те алпам­садай ақынның кішкентай бала сияқ­ты қуанып, қасиетті қазақ жерінің та­мыры іспеттес Есілге еркелегеніне таңға­лып, қарап отырдым. Ғажап көрініс, қайта­лан­бас құбылыс! Адам баласы мен та­би­ғатт­ың арасындағы шын махаббат жарас­тығын енді ғана сезінгендей болдым. Жүрегім толқып, аз уақыт қобалжып қал­дым... Ақын аға ерекше тебіреніп, шатта­нып тұрды. Мүмкін, кө­кі­регіне жыр жол­да­ры құйылып, тың шумақтар тізілді ме екен, кім білсін... Әйтеуір, мен үшін осы бір кө­рініс естен кетпес оқиға болғаны рас, күні бүгінгідей көз алдымда. Сондықтан да шы­ғар, тап сол сәттегі тау тұлғалы Мұқаң­ның қай­сар келбеті тайға таңба басқандай жадымда сақта­лып қалыпты...
 Ерке Есіл бәз баяғы қалпында бүгін де ағып жатыр... Тек, әттең, оған еркелейтін дәл сол ақын жоқ. Өкінішті-ақ...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста