Ер Жәнібекке – еңселі ескерткіш
Шығыс Қазақстанда тағы да бір рухани той өтті. Өңірде әйгілі батыр, атақты қолбасшы Ер Жәнібектің ескерткіші орнатылып, кесенесі ашылды. Жаужүрек батырдың 300 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар легі осындай айшықты оқиғамен басталып кетті.
Жарма ауданының орталығы Қалбатау ауылында қос бөрімен қолдасқан Ер Жәнібектің қола ескерткішінің биіктігі – 6 жарым метр. Мүсіннің қасында 44 метр биіктіктегі стелла тұр. Ал дәл сол жерден 30 метр жердей қашықтықта шағын мұнара салыныпты. Қытайда соғылған батыр мүсінінің авторы сәулетші Шаймұрат Өтепбаев екен. Тарихи тұлғаның мүсінін көтеру толықтай дерлік демеушілердің арқасында жүзеге асқан.
Ер Жәнібек кесенесінің ашылуына алыстан ат арытып келген қонақтар көп болды. Салтанатты шараға Қытайдан батырдың жетінші ұрпағы да келіпті.
Облыс басшылығы осы бір игі шараның ұлт келбетін айқындаудағы маңызына мән беріп, алдағы уақытта Алаштың айбынын арттырар арқалы істің қарқындай беретінін аңдатты.
Ескерткіштің ашылуына арнайы келген жазушы Әзілхан Нұршайықов аудан халқын айтулы күнмен құттықтай келіп, осы ауданға батырдың есімін беру туралы өз ұсынысын білдірді.
Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– Осы құндылықтардың барлығын тек Тәуелсіздігіміздің арқасында қайтарып алып жатырмыз, осыны ұмытпағанымыз жөн. Тек Тәуелсіздіктің арқасында ғана батыр бабаларымызды танып-біліп құрметтеп жатырмыз. Біз олардың бірде-бірін ұмыт қалдырмауымыз керек. Бүгінгі іс-шара, бүгінгі қадам осы бағытта жасалған. Сондықтан осы іске демеушілік танытқан жігіттерге көп алғыс.
Сағадат МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, батырдың жетінші ұрпағы:
– Мен халқымның батырын құрметтеп жатқанына ризамын. Қуанышымда шек жоқ. Тіпті осы ізгі шарадан соң туған еліме көшіп келсем бе деген ойым да бар.
P.S. Батыр тойының бәйгесіне жеті автокөлік тігілді. 25 шақырымдық аламанға тігілген «Джип» күршімдік Ерік Сексенбаевқа бұйырды. Ал түйе палуан мақаншылық Шалқар Жоламановқа тең келер ешкім болмады. Білекті азамат ауылына «Шкода» көлігін мініп қайтты.