Енесінің бетіне ыстық шәй шашатын келіндер неге көбейді?
«Әкесін сабағынды көргенбіз, бірақ арбаға байлап сабағанын көрмеппіз» демекші, осы уақытқа дейін енесіне қарсыласатын талай келінді көріп ек, енді міне, енесінің бетін ыстық шәймен күйдірген келін туралы да естіп жатырмыз. Кенжесін үйлендіріп, келінінің қолынан шәй ішем деп дәмеленген кейуананың қуанышы бір аптаға да жетпепті. Естеріңізде болса, күні кеше ақпарат құралдары Алматыда жас келіннің енесінің бетіне ыстық шәй шашып күйдіргенін жарыса жазған болатын. Бүгін «Алаш айнасы» осы бір келеңсіз жайға өз пікірін білдіруді жөн көрді.
Барлық ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас майдай болады дегенге ешкім сенбейді, дегенмен келіннің енесіне тіл тигізіп, қол көтеруі шектен шыққандық, әрине. Тіпті қазіргі келіндердің арасында «ене- қансорғыш кене» деген тіркес мәтелге айналып кеткен.
Қазақта «келінің кемеңгер болса, немерең данышпан болады» деген сөз бар. Ал осы кемеңгер келінді тәрбиелейтін кім? Өмір көрген ата-ана мен ата-ене емес пе? Сондықтан қазіргі кезде кемеңгер емес, келсап келіндердің көбейгеніне аға буынның да кінәсі бар.
Әр отбасындағы от анасы «келінім саған айтам, қызым сен тыңда» деп қыз баланы ертеңгі келін болуға әзірлемейтін бе еді. «Барған жеріңе судай сіңіп, балдай бат» деп, қызының өзге отауға сіңісіп кетуіне ықпал ететін аналар қайда?
Күні кеше босаға аттағанына 1 апта да болмаған Айнаш келін енесінің бетіне ыстық су шашып күйдіріп, өзінің тәрбиесіздігін көрсетіп, ана-анасын жерге қаратты. Қызын шолжаң қылып өсірудің жөні осы екені деп бетімен жіберген ата-ана жұрт алдында масқара болды. Болар іс болғанан кейін құдаларынан қызы үшін кешірім сұрап әлек.
Адам баласы баласын тәрбиелеуден бұрын ең алдымен өзін тәрбиелеу керек екенін бәріміз білсек те, бұған мән бере бермейміз. Ал бала ұясында не көрді, ұшқанында соны іледі. Бұл ер балаға да, қызға да қатысты. Баласының көзінше аналарын балағаттайтын әкелер бар. Керісінше, балаларының көзін бақырайтып қойып, әкелерін жерден алып, жерге салатын әйелдер бар. Отбасында сыйластық, жылу көрмеген ұл мен қыз өздерінің балаларына қандай тәрбие берсін? Ал ананың ақылын тыңдамаған, үлкеннен үлгі-өнеге алмаған қыз келін болып түскенде қайдан кемеңгер болсын?
Психолог мамандар ене мен келіннің арасындағы кикілжің бірінің баласын, бірінің күйеуін бір-бірінен қызғануынан болатынын айтады. Еркек байғұс екі оттың ортасында өмір сүреді. Өйткені сол екі әйелдің бірі өзіне өмір сыйласа, екіншісі оған бала сыйлайды. Ал әйелдер өздерінің өіміріндегі ең қымбат адамға жайлылық сыйлап, бақытты етудің орнына өз амбицияларынан аса алмайды. Анасының да, жұбайының да көңілін тауып, екі жақты тең ұстайтын, әрқайсысын өз орнымен сыйлайтын еркек екінің біріне бұйыра бермейді ғой.
Қазіргі кезде жастарды ата-ана емес ғаламтор тәрбиелеп жатқанын жақсы білеміз. Күніне лек-легімен шығатын «ұрып кетті, зорлап кетті, өлтіріп тастапты» деген секілді ақпараттар да жастардың психикасына кері әсерін беріп жатқаны да айқын. Ал үлкендер жағы балам мен қызым ешкімнен кем болмасын деп қолдарына қымбат телефон ұстатамыз, шамамыз келгенше оқытамыз. Бірақ біз баламызға материалдық қажеттіліктен көрі рухани азық, тәрбие керек екенін естен шығарып алғандаймыз. Осындайда белгілі бір ғалымның «Егер сіз парасатты ұрпақ тәрбиелегіңіз келсе оған ақшаны екі есе аз, ал уақытыңызды екі есе көп жұмсаңыз» деген сөзі еріксіз ойға оралады.
Қыз баланы тек ертеңгі жақсы маман ғана емес, иманды адам, аяулы жас, парасатты отанасы етіп тәрбиелеуді ұмытпайықшы. Өйткені ұл тәрбиелеп отырған адам ұлтты, ал қыз тәрбеиелеп отырған адам бүкіл адамзатты тәрбиелейді емес пе?
«Алаш айнасы»