Еңбек адамы жайлы еңбек
Жуырда «Қайнар» баспасынан белгілі жазушы Ұзақбай Доспанбетовтің «Шың мен шыңырау» романының екінші кітабы жарық көрді.
Бұл шығарма Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің ұзақ жылдарға созылған әуре-сарсаңнан соң, адал еңбегі мен елінің қамқорлығы арқасында мұратына жеткені баян етіледі. Жазушы бұл кітабында мынадай идеяны басшылыққа алады: өмір қанша өзгергенімен, әлеуметтік құрылымдар қанша алмасқанымен, мәңгі өзгермейтін, қайта жаңғырып, жаңарып, жасай беретін нәрселер бола береді екен. Олар: адамдардың арақатынасы, арман мүддесі, елге, жерге деген махаббаты, көзқарастары мен әрекеттері. Оқырман назарына ұсынылып отырған осынау шығармада да дәл осындай ескірмес тақырыптар сөз болады. Кезінде екі дүркін Социалистік Еңбек Ері атағын алған Нұрмолда Алдабергенов пен сондай Еңбек Ерінің бірі Әбдіқадыр Дайыровтың өмір жолдарын, тағдырларын өзек еткен «Шың мен шыңырау» дилогиясында жазушы Ұ.Доспанбетов сол кездегі уақыт бейнесін, әлеуметтік ортаны шыншыл қалпында суреттеуге барын салған.
Ең бастысы – автор қазір «модадан» шыға бастаған, шынайы еңбек адамдарының өзгелерге, әсіресе жастарға үлгі-өнеге болуға жарайтын ұнамды бейнелерін жасауды мақсат еткен әрі сол мақсатына жеткен деп бағалауға лайық.