Сәрсенбі ДӘУІТОВ, ақын, филология ғылымының докторы, профессор:
Әдеби зерттеу саласында көп тер төккен белгілі ғалым Сәрсенбі Дәуітов туралы кезінде абыз ақын Әбділда Тәжібаев өзінің «Имандылыққа үндеген» атты мақаласында: «Тарихымыздағы ақтаңдақтар алыптарымен туған жұрты қайта табыса бастаған кездерде бәрімізден бұрын қимылдаған, Мәскеудегі Ленин кітапханасына қайта-қайта барып, Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектердің бұрынғы араб әрпімен басылған кітаптарын әкелуші де осы Дәуітов болды», – деп жазған екен. Шынымен де, ғылыми ортада нағыз істің адамы ретінде танылған Сәрсенбі Дәуітовтің Алаш арыстары мұрасының жиналу барысы жөнінде айтары аз емес...
– Сәрсенбі аға, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бай мұрасын зерттеп-зерделеп, бүгінгі ұрпаққа жеткізу барысындағы еңбегіңіздің әдеби-мәдени, сондай-ақ қоғамдық маңызы зор екені анық. Осы орайдағы ғылыми жұмысыңыздың жай-жапсары жөнінде әңгімелеп өтсеңіз?
– Әдебиет және өнер институтының сол кездегі басшысы Шериаздан Елеукеновтің тапсыруымен Мұхамедрақым Жармұхамедов екеуміз 1987 жылы күтпеген жерден Мәскеуге бардық. Мақсатымыз Шәкәрім Құдайбердиевтің мұрасын іздестіру, мүмкіндігінше тауып алып қайту еді. Бірақ Ленин кітапханасының каталогынан ештеңе таппай, бірден Ленинградқа жүріп кеттік. Алайда Салтыков-Щедрин атындағы Ресей Ұлттық кітапханасынан да, басқа ресми орындардан да қолымызға түк ілікпеді. Бір қызығы, ат сабылтып іздеген асыл дүниелеріміз өзіміздің Ғылыми кітапханадан табылды.
1988 жылы 14 сәуірде Шәкәрім Құдайбердиевтің ақталуына байланысты, «Қазақ әдебиетінің» 15 сәуірдегі саны тұтастай ақынға арналды десек те болады. Газеттің екі бетіне біз дайындаған «Жуандық», «Піскен мен шикі», «Насихат», «Жаз келер», «Жастық туралы», «Бай мен қонақ», «Қайтқан шал», «Өмір», «Хош» өлеңдері жарияланды. Бұл өлеңдер ақынның Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан 1912 жылы шыққан кітабынан алынған болатын. «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары да «Қазақ әдебиетінде» біздің дайындауымызбен жарық көрді. Одан кейін «Шолпан» журналының 1922-1923 жылы шыққан сандарынан «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын жазып алып, 1988 жылы «Алматы ақшамы» газетінің бес нөміріне жариялаттық. Осындай азды-көпті жұмысымыз ескерілді білем, М.Жармұхамедов екеуміз Шәкәрім Құдайбердиевтің ақталғаннан кейін шыққан алғашқы кітабының құрастырушысы болдық. Өлеңдерді түпнұсқамен салыстырып, араб қарпіндегі дүниелерін бүгінгі жазуға түсірдік. Содан 1988 жылдың аяғында «Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары» деген атпен 30 баспаға жуық кітап Ә.Тәжібаев пен Ш.Сәтпаеваның алғысөзімен жарық көрді.
– Сонымен қатар А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ғ.Қараш еңбектерін де жинақтауға көп атсалысқан екенсіз...
– 1987 жылдың аяғында Мәскеуге барғанда арыстарымыздың бірқатар өлеңдерін Ленин кітапханасынан әкелген едік. 1988 жылы барғанымызда осы кітапхана 100 бет материалды ксерокөшірмеге түсіріп бере бастады. Алайда ол үшін таңғы 5-те аталған мекеменің алдында кезекте тұруың керек. Кітапхана күніне 100 адамның ғана өтінішін қанағаттандыра алады, ал 101 болсаң, кешігесің. «Ұйықтасаң, ұйқы аласың, ұйықтамасаң, жылқы аласың» дегеннің нағыз кері. Сол айтпақшы, таң бозынан тұрып, сол тізімге күн сайын еніп отырғанымыздың өзін қазір ризашылықпен еске алатын жайымыз бар.
Мұның сыртында ел аумағында, облыс-облыстарға барып жүріп, М.Көпеев, Ә.Найманбаевтар жайлы да талай құнды деректер таптық, баспасөз бетінде мақалалар жарияладық. Соның бәрі дер кезінде атқарылған маңызды шаруалар екендігімен де көптің көңілінен шықты, есте қалды. Ал әдебиетші ғалым үшін көз майын тауысып, тірнектеп жинаған жұмыстарының ел кәдесіне асқанынан өткен бақыт жоқ.