Елінің еңлікгүлі еді...
Қазақ көрермендеріне «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның анасы Милат, «Тақиялы періштедегі» комендант Жамал, «Ұлдың оралуындағы» Рәбиға, «Тоғысқан тағдырлар» телесериалындағы Нұрбибі әже сияқты басқа да көптеген рөлімен таныс Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері Бикен Римованың қызметі, негізінен, ұлттық сахна өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрымен байланысты болды. Өмірінің соңына дейін сахна төрінен түспеген айтулы өнер шебері актрисалықпен ғана шектеліп қалмай, «Еңлікгүлім», «Өнердегі өнегелі өмірлер» атты кітаптар жазып, драматургия саласына да қалам тартты. Ол жазған «Абай-Әйгерім», «Қос мұңлық» пьесалары еліміздің көрнекті театрлары репертуарынан берік орын алды.
...Өзіне ғана тән майда қоңыр үні, жер қозғалса да қозғала қоймайтын сабырлы да салмақты мінезі Бикен апайды өзгелерден әрдайым даралап тұратын. Жастайынан қиындықты көп көрген актрисаның өмірге көзқарасы, адамдармен, айналасымен қарым-қатынасы бөлекше-тұғын. Жеті жасында әкесі қайтыс болып, араға он жыл салып анасынан айырылған жасөспірім қызды өмір ерте есейтеді. Алғашқы рөлі Еңліктен бастап ол қазақ театрының тарихында қалған көптеген жарқын бейнені сомдайды. Шахмет Хұсайыновтай драматург жазушыға адал жар болып, өнегелі ұрпақ өрбітеді. Өмірлік серігімен табысқан бір сәтін суреттей отырып, актриса ол жайлы өз естелігінде: «...Сол күні мен Шақаңның сұрауымен Еңліктің қоштасу әнін айттым. Ата-анамды сағынып айттым. Тағдырымды бір өзіне тапсырғанымды айттым. Орнымнан тұрып, кетуге ыңғайлана бергенімде маңдайымнан сипап, көзіме тура қарап тұрып: «Бикенжан, сен кетпе, қал біздікінде!», – деді. Және бойжеткенге айтылатын сөздердей емес, соншалықты бір мейірбандылықпен, таза сеніммен айтты. Бикенжан деп мені тек қана анам айтушы еді. Әке-шешем өлгелі бір адам менің маңдайымнан сипап, Бикенжан деп көрмеген-ді. Жылап жатып, Шақаңның үйіндегі кабинетінде ұйықтап қалған екем. Таң ата ояна кетсем, Шақаң қарсы алдымда, креслода маған қарап отыр. «Таң атқанша отырдың ба?» дедім. «Иә, таң атқанша отырдым!» деді күлімдеп. «Неге?» деппін ұялғанымнан. «Күнтай, мен сенің ұйқыңды күзетіп отырдым ғой», – деді. Сол сәттегі «Күнтай» деген жылы сөзінен, жүзіндегі күндей күлімдеп тұрған мейірбандылықтан айналып қана кетсем болмас па?! Міне, сол күннен бастап, Шақаң екеуміз өмір жолын да, өнер жолын да бір кештік...» – деп жазғаны бар. Ал актрисаның ұлы, тілші-ғалым Көбей Құсайынов анасының адами артықшылықтарын тілге тиек ете отырып: «Қиындықты көп көргенінен болар, баланы көп еркелете бермейтін. Перзенттеріне деген терең махаббаты жүрегінің төрінде сақтаулы екенін мейірімді жанарынан-ақ сезетінбіз», – дейді. Ол кісінің үй шаруасын, жолдасы мен бала-шағасының күтімін, өзінің театр мен кинодағы жұмысын бір-бірімен шебер үйлестіріп, бәріне үлгеретін қасиеті маңайындағыларды еріксіз тәнті ететін. Бикен апайдың ісмерлігі де керемет болатын. Қол қусырып отырғанды ұнатпайтын ол өзіне көйлек тігіп, болмаса балаларына киім тоқып, әп-сәтте үлкен шаруа бітіріп тастайтын. Домбыра тартып, ән де айтатын, отырыстарда әріптестеріне пародия жасап, маңайын күлкіге көміп тастайтын да кездері бар-тын.
49 жасында жесір қалған анасының «Қиыншылық кездессе, мұңайма, бәрін шыдамдылықпен көтер. Бірінші – денсаулық, екінші – еңбектің арқасында бәрін жеңіп шығасың» деген ақылы Көбей Шахметұлының жадында мәңгіге қалып қойды. «1975 жылы інім Хасан қайтыс болды. Бұл жайт та анама ауыр тиді. Бірақ анам осының бәрін қажырлы еңбегі арқылы жеңді», – дейді ол.
Өмірден өтер-өткенше сахнадан қол үзбеген актриса ең соңғы ойнағаны – «Естайдың Қорланындағы» Қорлан рөлі. Ол кісінің әрі досы, әрі әріптесі Хабиба Елебекова сол спектакль қойылатын кезде: «Түнімен ауырып ұйықтай алмадым. Театрға хабарласайын, менің орныма екінші кезектегі басқа актер ойнасын», – депті. Бірақ тумысынан жігерлі, өжет мінезді Бикен апай: «Мұның жарамайды, жүр, театрға барайық. Менің де аяғым ауырады, ентігіп қаламын. Бірақ шыдайық. Екеуміз жақсылап ойнайық, өлсек, сахнада өлейік. Әртіске сол – нағыз өлім», – деп құрбысын сахнаға шығуға көндірген екен.
Бикен Римова Болат Атабаевтың көптеген спектаклінде басты рөлдерді ойнады, «Абай десем...» пьесасын режиссермен бірігіп жазып шықты. Осындай жұмыстар барысында да, былайғы өмірде де тығыз араласқан Болат Атабаев ол кісі туралы: «Сахнадағы жүріс-тұрысынан, киім киісінен, сөз саптауынан, дауыс ырғағынан, қимыл-әрекеттерінен қазақылығы ерекше көрініп тұратын», – дейді. Сондай-ақ: «Кей адамдармен о дүниеде де кездескің келеді. Бикен апай – мен үшін сондай адам. Сағынамын. Түсімде көремін...» – деген шынайы сезімін де жасырмайды...
Әріптестер айтқан сыр
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
«Ол менің «Би-ағам», Бикешім еді»
...Екеуміз сондай дос, сырлас едік. Ол бойжетіп, еңбек істейтін халге жеткенше қаншама өткелден өтті. Жалғыз анасы осы Алматы емханасында қайтыс болғанда «өзім жудым, өзім апарып жерледім» деп жылағаны қабырғамды қайыстырған. Мұндай қасіретті кез келген өткере бермейді. Екеуміз ел аралап жүргенде ылғи бірге боламыз. Түскен жеріміз таза болмаса, мен кішкене жиіркеншектеу мінезіммен жан-жағыма қарап, «ойпырмай» деп ренжіп қалсам, ол үн-түн жоқ шығып кететін де, тазалайтын адамды тауып алып, жуғызып: «Хаба, үйіңіз таза, кіріңіз», – деп күліп тұратын. Ол менің «Би-ағам», Бикешім еді.
Қасым ЖӘКІБАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі:
«Басқа болса, шыққан шығынға ренжір еді...»
...Шақаңның бірде маған айтқаны бар. Жазушылар Индонезияға барып келгенде ол апайға: «Бикен, балаларға бірдеңелер алып келдім, бірақ біраз ақша кетті. Сондықтан саған ештеңе ала алмадым, ренжіме», – депті.
– Не болды сонша? Шүкір, балаларға алсаң жетеді де.
– Осылай дейтініңді білгенмін... Индонезияда алтын ванна бар екен, қымбат болса да, барғандардың ішінен жалғыз өзім соған түстім. Өйткені енді қайтып келе алмаспын деген едім.
– Шынымен, сенен басқа ешкім түскен жоқ па?
– Түскен жоқ.
Сонда Бикен апай:
– Әй, жігітсің ғой! Әйтпесе мен саған жолдас боламын ба? – деген екен.
Міне, кеңдік! Басқа болса, шыққан шығынға ренжір еді-ау!
(Естеліктер «Бикен Римова» атты кітаптан ықшамдалып алынды)