Елімізде 24 сағат мемлекеттік тілде сөйлейтін телеарна неге жоқ?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

 

Дәл осы сұрақ менің көкейімде биыл жазда Сарыағашқа демалуға барғанда туды. Өзбекстанмен шекаралас орналасқан осы бір қалада теледидарды қоса қалсаңыз, Қазақстан арналарынан гөрі, Өзбекстан арналарын көбірек көрсетеді. Өзіңді құдды бір Ташкентте, болмаса Самарқандта отырғандай сезінесің.

Ал біздің еліміздің «Хабар», «Қазақстан», «Еларна» арналары бір үйде көрсетсе, келесі үйден таппай әуре боласыз. «КТК», «31- арна» секілді жекеменшік арналарды тіпті де көрмейсіз. Теледидардан бұл арналарды тапқан күнде де быжырлап жөнді көрсетпейтінін қайтерсің?! Ал Uzbekiston, Toshkent деп аталатын өзбек ағайындардың бірнеше арналары анық, таза көрсеткені былай тұрсын, күні бойы өзбекше сайрағанда, құлағыңның өзбекшеге қалай үйренгенін байқамай да қаласың. Оған қоса бір таңғаларлығы, Өзбекстанның музыкалық телеарналарында өзге елдің бейнебаяндары мен әуендерін емге де таппайсыз. Тек өзбекше әндер, өзбекше мультфильмдер, өзбекше телехикаялар... Осылайша, өзбек ағайындар өз ұлтының рухани сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Сарыағаштағы туысқандарым да отандық арналардан гөрі, өзбек арналарын жиі қояды. «Неге өзбектердің арнасын жиі қоясыздар?» – дегеніме: «Өзбектердің фильмдері қызық», – деп жауап берді. Иә, еліміздің өзге өңірлеріндегі қандастарымыз теледидардан күндіз орысша, ал түнде қазақша көріп, қалайша орыстанып бара жатқанын білмей жатса, сарыағаштықтар өздерінің тілі мен психологиясының өзбекшеленіп бара жатқанын ішінара мойындайды да. Ал бұл дегеніңіз түптің-түбінде ұлттық қауіпсіздікке селкеу түсіретін құбылыс болуы да ғажап емес.

Сарыағашта тәулігіне 24 сағат өзбекше сайрайтын Өзбекстан телеарналарын көріп отырып, олардың өзбекше хабарларының үлесі біздің елдегі сияқты «қазақ тіліндегі хабарлардың жиынтығы өзге тілдегі хабарлармен салыстырғанда 50 пайыздан кем болмауы керек» дегенге саятын қасаң қағидамен жұмыс істемейтіндігін бірден аңғарасыз. Оған қоса бұл елдің телеарналарында музыкалық хабарлар болсын, әуендер шеруі болсын тек өзбек тіліндегі бейнебаяндардан құралады. Ал біз болсақ әлі күнге отандық әншілер мен шоу саласының өкілдерін эфир уақытына жарытпай, афро-америкалық немесе орыстың әншілерін жарылқаумен келеміз. Сөздері мен әуендері, бейнекөріністері қазақы психологияға кері әсер ететін, адамның ойын бұзатын, кейде тіпті қарауға да жиіркенішті мұндай бейнебаяндардың тегін және қайта-қайта Қазақстан арналарында көрсетілуі біздің отандық медианарықтың ұлттық идеологияға қызмет етпейтіндігін көрсетеді. Оған қоса «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның әлі де болса пісіп-жетілмегендігі, соған сай заңға осы мәселені реттейтін тиісті баптарды енгізу қажеттігі дау тудырмайды. Қазақ әншілерінің қазақ тіліндегі бейнебаяндарының өз көрерменіне жол тартуы үшін бірнеше мың қаржы талап ететін, ал шетелдік жартылай жалаңаштанған немесе кейбіреулері тіпті азғындықты насихаттайтын музыкалық композицияларды эфирден тегін беретін отандық телеарна басшыларына Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан, тіпті Үкімет қадағалау жасайтын уақыт әлдеқашан жетті. Бірақ біздегі жағдай «баяғы жартас – сол жартас» күйінде келе жатқандығы қынжылтады. Оған қоса елімізде әлі күнге таза спорттық арнаның жоқтығы да – елдігімізге сын. Төрткүл дүние көз тіккен Пекиндегі Олимпиада ойындары барысында сол әлемдік сайысты толыққанды көруге мүмкіндігіміздің  болмағанын қайтерсіз?! «Ал бұл жағынан да өзбек ағайындар бізді артта қалдырыпты. Олардың ұлттық «Спорт» арнасы Пекинде өткен Олимпиаданы түгелімен трансляциялап, оны тек өзбек тілінде беруінің өзі алатақиялы ағайынның ұлттық патриотизмді дамытудағы жемісті еңбегі деп бағалауға әбден болады. Әшейінде «спорт ұлтжандылыққа тәрбиелейді» дегенді жиі айтқанымыз болмаса, оны іспен дәлелдеуде орашолақтық танытатынымыз жанымды жегідей жейді. 

Бүгінде қалтасында қаржысы бар ағайындар түрлі агенттіктер арқылы кабельдік арналарға қосыла алады. Ал сол кабельдік қызмет ұсынатын арналардың 80 пайызын ресейлік арналар құрайды. Ал қалған 20 пайызының өзі шетелдік арналар болғанымен, олардың өзі орыс тіліне аударылып көрсетіледі. Оның ішінде кейбір арналардың эротикалық мазмұндағы хабарлары мен фильмдері жиі беріледі. Ал мұның біздің ұрпақтың тәрбиесіне тигізіп жатқан кері әсері өте көп екендігі дау тудырмаса керек.

«РенТВ», «ОРТ-1», «РТР-планета», «ТВЦ», «Культура»,  «Спорт-планета», «НТВ», «Вести», «ТНТ», RU-tv, «ОРТ-Евразия» секілді ресейлік арналармен қоса, Euronews, Mtv, World fashion, Eurosport, Animal planet, Discovery world т.б. жаңалықтар мен спортты, жануарлар әлемі мен жаһандық сән индустриясын насихаттайтын шетелдік телеарналардың өзі тәулік бойына орыс тілінде сайрайды. Оған біздің «НТК», «КТК», Hit-tv, «Астана», «31-арна» секілді отандық арналардың да қазақшасынан гөрі орысшасы басым. Тіпті «жығылғанға жұдырық» дегендей, кейбір коммерциялық телеарналардың ресейлік хабарларды аудармасыз трансляциялайтынын қайтерсің?!

«Айтпасаң, сөздің атасы өледі» демекші, біздің еліміздің ақпараттық кеңістігі тәулігіне 24 сағат қазақша сөйлейтін  жөні түзу бір арнаға зәру. Бұл мәселе үлкен деңгейде бірнеше мәрте көтерілсе де, әлі күнге шешімін табар емес. Ал бүгінгі ұрпақты теледидар тәрбиелеп жатқанын ескерсек, онда қандастарымызды орысшаланып бара жатыр деп кінәлаудың өзі артық. Неге десеңіз, теледидардағы отандық және шетелдік арналардың 90 пайызы орысша сайрағанда, қазақша сөйлеп жүрген адамның өзі тілінің қалай орысшаға бейімделіп бара жатқанын байқамай да қалуы мүмкін. Міне, идеологияның пәрменді құралы саналатын отандық электронды ақпарат құралдарының бүгінгі сиқы осындай. Бұл жағдайды да мемлекеттік тұрғыдан реттейтін уақыт жеткен сияқты. Әйтпесе, осылай жүре берсек, ертеңгі күні ұлттық сана-сезім туралы әңгіме қозғаудың өзі мұң болуы ғажап емес.

Смағұл ЕЛУБАЙ, публицист-жазушы: 
– Әрбір тәуелсіз елдің ақпараттық кеңістігі де тәуелсіз болуы керек. Өкінішке қарай, тәуелсіздігіміздің 17 жылында ақпараттық қауіпсіздігімізді қымтай алған жоқпыз. Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының тек 10-15 пайызы ғана мемлекеттік тілде сөйлейді. Осыған билік «орыстілді БАҚ-тан көбірек ақпарат аламыз ғой, онда тұрған не бар» деп мән бермей келеді. Сын сәттер, мысалы, Грузиядағы соғыс бәрімізге ой салды. Осы күрделі мәселе турасында Ресейдің, Батыстың, Қазақстанның саяси көзқарасы өз алдына бөлек. Ал біздің елдің ақпараттық кеңістігін 80 пайыз орыстілді басылым құрайтындықтан, тәуелсіз мемлекет ретіндегі ұстанымымыз ресейлік көзқарастың тасасында қалып отыр. Аз ғана қазақтілді БАҚ-тың үні естілмейді. Елдің ақпараттық қауіпсіздігі өте мүшкіл халде, осал жағдайда екені көрінді. Ішіміздегі орыстілді БАҚ санамызға өзгенің көзқарасын тықпалайды. Мәселен, Түркияда 52 арна түгелдей түрік тілінде сөйлеп тұр. Ал бізде 24 сағат мемлекеттік тілде сөйлейтін бір телеарна да жоқ. Бұған мән бермеу биліктің үлкен қателігі деп ойлаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста