Елім-айлап өткен өмір...

 

 

Алаш жұрты күні кеше ғана арда туған абыз ақсақал Жағда Бабалықұлынан көз жазып қалып еді... Қалың елдің қабырғасын қайыстырып кеткен осы ауыр қайғының салмағы жеңілдемей тұрып, енді, міне, Германияның Мюнхен қаласынан суыт хабар келді. Кеше «Алашым» деп өткен қазақтың тағы бір арыстай азаматы дүние салды. Атамекенінен алыста жүрсе де, ұлтының арман-мұраттары жолында маңдай терін төгіп жүріп қызмет еткен қайраткер тұлға, қабырғалы қаламгер Хасен Оралтай 77 жасында туған топырақтан жырақта көз жұмды.

Өмірдерек
Белгілі қазақ қаламгері Хасен Оралтай 1933 жылы Алтайда Еренқабырға тауының етегінде дүниеге келген. Бала жастан ел ісіне араласып, ерте атқа қонған Хасен Оралтай 1946 жылы әкесі Қалибек Хакім бастаған көшпен Гоминдан өкіметінен қашып, Гималай асады. 1951-54 жылдары  Үндістанның Кашмир өлкесінде тұрған олар 1954 жылы Түркияға келеді. Саяси таңдауын жасаған Хасен Оралтай 1968 жылдан 1995 жылға дейін «Азаттық» радиосында жұмыс істейді. Халықаралық радиода қызметте жүріп, Кеңестер Одағында жүзеге асырылып жатқан ұлттар саясатының солақай тұстарын әшкерелейтін көптеген бағдарламалар жасаған.

Ол – Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» сыйлығының және Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын самұрық» сыйлығының иегері. Сұрыпталған 450 томнан тұратын құнды кітаптары мен қолжазбаларын автор өз қолымен Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасының қорына тапсырған.

Мұсылман баласы үшін киелі сан болып есептелетін қос жетіні еңсеріп, келместің кемесіне мініп кете барған бекзат болмысты тұлғаның артында ұшан-теңіз мұра қалды. Өр Алтайда кіндік қаны тамып, кейін тағдыр тәлкегімен аумалы-төкпелі замандарда әкесі Қалибек Хакіммен Гималай асып, Үндістанға барып, ақыры Түркия жерінде тұрақ тапты. Туысқан елдің Салихлы деген қаласынан қоныс тапқан қайсар азамат кейіннен мұнда ұлттық қозғалыстар жұмысына араласа бастайды. Түркияда әйгілі Мұстафа Шоқайдың бір шоғыр шәкірттерімен танысып, Қарыс Қанатбай басшылық жасайтын Түркістан ұлттық комитетімен жақын қарым-қатынас орната бастайды. Намысшыл азаматтармен пікірлес бола жүріп, ұлттық бағыт ұстанған «Түркі елі» журналының шығуына атсалысады. Бірқатар терең мазмұнды мақалалар жазып, «Түрікшіл ақын Мағжан Жұмабайұлы», «Шығыс Түркістан түріктері азаттық жолында», «Алаш» – қазақ түріктерінің ұлттық ұраны», «Түрікше-қазақша сөздік» сынды бірнеше кітаптарын жарыққа шығарды. Бұдан соң неміс елінде жүріп те қыруар шаруаларды еңсерді. Осылайша, ол жырақта жүрсе де, елде жүріп елге қызмет еткендерден артық болмаса, кем жұмыс істеген жоқ. Осының бәрі Хасен Оралтайдың туған жерге деген сарқылмас сағынышынан, азаттықты аңсаған рухының күш-жігерінің арқасы деуге болады.

Туған жерден аластатылған қандастармен бірге «тар жол, тайғақ кешуде» жүріп, қаймана қазақтың зар-мұңын бөлісіп, замана запыранын бірге ішті. Қазақтың көгінен Азаттық туы желбірейтін күнді аңсады. Сол үшін тынбай күресті де. Ес білгелі құдіретті қаламды қару етіп келген жазушы Хасен Оралтайға тағдырдың өзі аяушылық танытпаса да, керісінше, сәт сайын шыңдалып қайрала берді. «Құдай сүйген пендесін азапқа салады» деген сөз, әсілі, осындай тағдырлы тұлғаларға қатысты айтылатын болса керек. Кеңес өкіметінен жәбір көрген қазақтарға бас болып, көш бастап, қиын күнде қандасының қасынан табыла білген қайран әкесі – Қалибек Хакім өз заманында қажылыққа жетіскеннен жеті рет барып келді дейсіз бе? Мұның барлығы да, біріншіден, Алла алдындағы құлшылық-парыз болса, екіншіден, елдің амандығына тілеулес болудан туындаған қам-қарекет еді.

Қаламы мұқалып көрмеген қаламгердің шоқтығы биік туындыларының бірі «Елім-айлап өткен өмір...» деп аталады. Бұл ғұмырнамалық көлемді еңбекте Хасен Оралтай өзінің өткен өмірі мен күрес жолын шынайы әңгімелей отырып, қазақтың басына төнген қасіретті жылдардың бейнесін көз алдыңа әкеліп береді. Сөзімен де, ісімен де елге қызмет еткен Хасен ақсақалды білетіндер «сүйегі асылдан еді» десіп жататын. Жарықтық еліміз Тәуелсіздік алғанда көзіне жас алыпты... Хасен Оралтайдың сан қырлы қоғамдық, қайраткерлік қызметінің бірі – «Азаттық» радиосында 30 жылға жуық еңбек етуінде. Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын осында жүріп естіп, қуанған ол арнайы хабар дайындап, алыстағы ағайынға сауын айтып, «Азаттық» эфирінен қуанышты хабарды алғашқылардың бірі болып жалпақ жұртқа жария еткен. Мұның алдында қаһарлы Желтоқсан көтерілісінің жай-жапсарына үңіліп, саяси қысымдардан сескенбестен жан-жақты хабарлар ұйымдастырып, азаттықты аңсаған үнін әуе толқыны арқылы жеткізіп еді. Кейіннен туған жерде бірнеше рет болып, марқайып қайтты. Елдің өскенін, өркендегенін көрді. Ел де ол кісіні құрметтеді. Алайда Хасен ақсақал атамекенде тұрақтап қала алмады.

Ол кісі өндіріп жазды, көп еңбектенді. Мұндағы замандастары мен қаламдастары да ол жайында аз жазған жоқ. Кезінде Алтайдың арғы жағынан асып келген ақын інісі Ауыт Мұқибекұлы Хасен Оралтай жайында:
Жаны оның жаратылған таза құстан,
Жоқ тағы «азаттық» деп аз алысқан.
Жат жұртта қалмаса екен Хасен ағам,
Есіңе алшы соны, Қазақстан!..
– деп толғанған еді. Ақыры ақын жыры ақиқатқа айналып отыр. «Хасен ағам жат жұртта қалды...» Марқұмның денесі әкесі жатқан Түркияның Салихлы қаласы маңына жерленетін болыпты. Ол өзінің «Елім-айлап өткен өмір...» кітабында былай деп ағынан жарылған екен: «Дүниенiң нешелеген атақты қалаларының маңдайалды бесжұлдызды қонақүйлерiнде жатқаннан гөрi, суық қыста, ашық далада ұйқыдан талып, тек бiр мызғып алу арман болып келе жатқанда, қойдың арасына кiрiп алып ұйықтағаным есiмнен кетпейдi...» Әттең, дала еркіндігін аңсап өскен дара тұлғаға туған жерден бір уыс топырақ бұйырмай кетіп қалды. Мүмкін, бауырлас түрік еліне марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айта баратын қазақтың атқамінерлері Хасен Оралтайдың қабірінің басына туған топырақтан бір шөкімдей болса да ала барар....

Нәбижан МҰХАМЕДХАНҰЛЫ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Хасен Оралтай шетте жүрген отаншыл қазақтардың ішіндегі бірі де бірегейі еді. Оның әкесі Қалибек Хакім де ұлты үшін қызмет еткен тұлға болған. Хасен ақсақал қай жерде жүрсе де, жүрегі қазағым деп соғатын өз ұлтының нағыз патриоты бола білді. Қайраткерлік іс-әрекеттердің алғы шебінде топ бастап жүріп, ол кісі күрескерлік рухтың нағыз үлгісін көрсетіп кетті. Ол кісі кезінде Мұстафа Шоқай сынды Кеңес империясының саясатына ашықтан-ашық қарсы шығып, Алаш идеясын жақтаушы тұлға ретінде көрінді. Хасен Оралтай ағамыздың өмірі, өзі жазып кеткендей, шын мәнінде «елім- айлап» өтті. Ақырып теңдік сұраған ол кісілердің ұрпағы, құдайға шүкір, ел Тәуелсіздігіне куә болды. Осыған ерекше қуанышты болып жүретін. Олай дейтін себебім, Хасен аға өзі тұрған үйінің төрі мен жұмыс орнында көк байрағымыз ілулі тұратын. Осындай тұлғамыздың өмірден өтіп кеткені өкінішті-ақ. Бірақ Хасен Оралтай өмірге таза келіп, таза кетті. Ал артында қалған мұрасын игеру – кейінгі ұрпақтың қолында.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста