Елге оралған қандастар білімді еселей түсті
Жуырда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде тарихи отанына оралған бір топ оралман ғалымдардың ғылыми еңбектерінің тұсаукесері болып өтті. Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай қолға алынып отыр. Оралман ғалымдардың арасында ғылымның ең күрделі салалары болып есептелетін ядролық физика, биотехнология салалары бойынша докторлық қорғаған, ел қызығатын құнды ғылыми еңбек жазғандары баршылық. Тіптен олардың біразы – Еуропа елдерінде, Жапонияда және Ресейде жоғары білім алып, сонда докторлық қорғап, елге оралған таптырмас ғалымдар мен мамандар.
Павлодар мемлекеттік университеті ректорының бастамасымен «Атамекен» сериясымен басылып шыққан бұл басылымдар ғылымның әр саласынан әр тілде жазылған монографиялар мен оқу құралдарынан тұрады. Енді Моңғолиядан, Қытайдан, Ираннан, Ресейден, Түркиядан, Өзбекстаннан келген кейбір қандастарымыздың қандай құнды еңбектері бар екеніне тоқталайық.
Германияның Берлин қаласындағы Гумбольдт университетінде докторлық диссертация қорғаған, Моңғолияның ауыл шаруашылығы университетінде проректор қызметін атқарып тұрып атажұртқа оралған, қазір С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде биотехнология орталығына жетекшілік ететін Мағаш Аятқанұлы «Жануарлардың өсіп-өнуі биологиясы» атты монографиялық құнды еңбегін жариялапты. Осы университетте жемісті қызмет істеп жүрген тегі моңғолиялық тағы бір биолог-ғалым, биология ғылымының докторы, профессор Ұлықпан Қаманұлы «Орталық Азияның қуаң топырағында кездесетін омыртқасыз жануарлардың ландшафтық және белдеулік сипаттары» атты көп жылғы ғылыми зерттеулерге негізделген еңбегін жариялап отыр. Моңғолия ғылым академиясының биотехнология институтында қызмет істеп тұрып атажұртқа оралған қазір әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымының докторы Болатхан Қажиханұлы «Фототрофты микроорганизмдер биотехнологиясы» атты монографиялық еңбегінде фототрофты микроорганизмдер, оларды қазіргі биотехнологияда пайдаланудың маңызы мен келешегі туралы баяндапты. Моңғолия ғылым академиясының Химия институтында химиялық заттарды физикалық әдістермен зерттеу зертханасын басқарып тұрып Чехия астанасы Прага қаласындағы Чех техника университетінде докторлық диссертация қорғаған физика ғылымының докторы Досан Баймолда «Рентген флуоресценциялық зерттеу әдісін көмір өндірісінде қолдану» атты ғылыми монографиялық еңбегінде ядролық физика әдістерін энергияның негізгі көзі – көмірді зерттеуге қалай қолдануға болатындығын, көмірді жақпай тұрып оның сапасына қалай баға беруге болатындығын Моңғолиядағы және Чехиядағы көмір кеніштерінде жүргізген нақты тәжірибелер мен зерттеу нәтижелері негізінде ғылыми қорытынды жасапты. Бұл еңбек бүгінде көмір байлығы мол Қазақстан үшін аса құнды еңбек болмақ. Чехияда докторлық қорғаған тағы бір моңғолиялық қазақ ғалым техника ғылымының докторы Қани Қабиұлы «Техника, технология және қоршаған орта» деген қомақты еңбегінде қолданыстағы техника мен технологиядан қоршаған тіршілік ортасына әсер етуі мүмкін тұстарды саралап, оған ғылыми түрде қорытынды жасапты. Венгрия астанасы Будапешт қаласындағы Техника университетінде докторлық қорғаған Оқас Құрманұлы жоғары оқу орындарының физика және инженер техникалық мамандықтар бойынша оқитын студенттерге арнап «Электротехниканың негіздері» атты қазақ тіліндегі оқулық кітабын жазыпты. Бұл екі ғалым екеуі де бүгінгі күні Астанадағы Еуразия университетінде дәріс береді.
Қытайдан атажұртқа оралған бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс оқитын тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы «Қазақ тарихының өзекті мәселелері» атты монографиялық зерттеу еңбегінде ортағасырлық Орталық Азия мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар және тарихи мәдениеттің қазірге дейінгі сабақтастығы жөнінде қытай жазба деректері бойынша зерттегенін осыған сай ғылыми қорытынды жасағанын баяндапты. Соңғы жылдары Қазақстандағы көне түркі жазуларына қатысты зерттеу жұмыстарын біршама деңгейге көтеріскен ғалымдар: Моңғолиядан келген түріктанушы, филология ғылымының докторы Қаржаубай Сартқожаұлының «Байырғы түрік жазуының генезисі» және Қытайдан келген оралман ғалым филология ғылымының докторы Тұрсынхан Зекенұлының «Көне түрік ескерткіштеріндегі қытай жазбалары» атты құнды еңбектері осы жолы «Атамекен» сериясы бойынша жарыққа шығып отыр. Ал Моңғолияда кезінде жоғары билік тұтқасын ұстаған, қоғам қайраткері бүгінде Алматыдағы Тарих институтында бөлім басқаратын тарих ғылымының докторы Зардықан Қинаятұлының ұлт, тарих және адам тағдырына қатысты жазған «Көзқарас» атты кітабы «Атамакен» сериясы бойынша жарыққа шығып отыр. Моңғолия қазақтарының ауыз әдебиетін алғаш зерттеп филология ғылымының докторы атанған Қабидаш Қалиасқарұлының «Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов» атты кітабы, ал Қытайдан келген оралман ақын, филология ғылымының докторы Дүкен Мәсімқанұлының «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» атты кітабы осы «Атамекен» сериясы бойынша жарыққа шығыпты. Қ.Қалиасқарұлы бүгінгі күні Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мемлекеттік университетінде дәріс оқиды, ал Д.Мәсімқанұлы бүгінде Еуразия университетінде дәріс оқиды. Ирандық қазақ ғалымы, бүгінде Алматыдағы әдебиет институтында қызмет ететін тарих ғылымының докторы Ислам Жеменейдің «Қанаттас түркі, парсы ақындары» атты кітабы және моңғолиялық тарихшы ғалым, бүгінгі күні Түркістандағы Қазақ-түрік университетінде сабақ беретін тарих ғылымының докторы, профессор Мініс Әбілтайұлының «Отан тарихының өзекті мәселелері» атты кітаптары жарыққа шығыпты. Осы ғылыми еңбектерді жазған авторлардың негізінен шетелдерде есімдері танымал болған білікті де білімді азаматтар екенін көруге болады. Мұндай ғылыми еңбектердің қазақ халқы үшін, егемендікке ұмтылған ұрпақтар үшін мәні өте зор болмақ, ал екінші жағынан, атажұртқа оралып жатқан ағайындар арасында осындай танымал есімдердің болуы бұл еліміз үшін де үлкен абырой болмақ.