Саз балшықтан – папирусқа, одан – пергаментке, содан соң қағазға көшкен сөз өнері енді бүгін электронды эволюцияға ұласқан. Жастық астына жастанып жатып үйренген оқырман үшін «терезенің ар жағындағы кітап» тіпті ақылға сыймайтын дүние секілді. Алайда ағып жатқан өзенді тоқтатып қоюға да құдіреті жетпейтін пенде ұршықтай иірілген уақыт ұйығынан қалай сытылып шыға алсын?! Ендеше, электронды кітап, интернет-дүкен, желідегі оқырман дәуіріне «қош келдіңіз» деу керек.
Ақпараттың электронды түрде сақталуының бірнеше артықшылығы бар: біріншіден, орынды өте аз алады, сақтау мен қолдану қолайлы. Айталық, 1500 томдық кітапхана бір ғана СД-дің ішіне сыяды. Сондай-ақ бір нәрсені іздесеңіз, сол 1500 том ішінен бір-ақ минутта тауып аласыз. Компьютерлік желі ең алдымен шығарманы таратуды тездетеді. Жазушы өз шығармасын ешбір баспаның табалдырығын, өзінің жүйкесін тоздырмай-ақ, сол жазылған заматта оқырманға таратып үлгереді.
Бүгінде тек e-book, яғни электронды кітап қана емес, тұтас кітапхана, тіпті оқу залы, пікірталас клубтарына дейін бар. Және де интернеттің ең бір жақсы жері – шекарамен шектелмейтіндігі. Бүгінгі ұрпақ молынан пайдаланып отырған осынау игіліктерге қарап, кейде «қап, талай ғұламалардың заманында неге осылар болмады екен» деп күйінесің. Мына қызықты қараңыз, ең алғаш компьютерде сақталған файлдар КСРО заманында тыйым салынған авторлардың кітабы болыпты. Сонда қағаз түрінде қолға түссең, темір тордың ар жағынан бір-ақ шығаратын сол кітаптарға деген қызығушылық адамзат ойын алға жетелеуге қалай ықпал жасаған десеңші!.. Сол кездегі әдеби құбылыстың куәгерлері интернет деген әлі ешкімнің түсіне кірмейтін тұста Стругацкий, Пастернак, Платонов, Набоко, Соженицын еңбектері ЭВМ-нің магнитті таспаларына түсіріліп, туған күндердегі ең қымбат сыйлық болып тартылыпты.
Тарихқа үңілсек, 1997 жылы ең алғаш лазерлік дискідегі электронды кітапхана жарыққа шыққанда, жүздеген автор мен мыңдаған оқырманның арасында дау туғанға ұқсайды. Себебі оның шыққандығынан сондағы авторлардың тек үштен бір бөлігіндейінің ғана хабары болған. Арадан он жылдан аса уақыт өткенде мына бүтін әлемде әдебиет пен интернет біте қайнасып, бірін-бірі алға жылжытып отырған жайы бар. Автордың бағына орай, интернет деген жаршының жақсы жұмыс істеп жатқаны жасырын емес. Алдымен желіде пайда болып, кейін сатуға түскен кітаптар осыған дәлел бола алады. Және қағаздағы кітап желідегі кітаптан әлдеқайда қымбатқа түсетінін айту керек. Осы ретте бір дерек, ресейлік бір азамат өзінің бір айлық жалақысына шамамен 50 кітап сатып ала алса, америкалық өз жалақысына 200 кітап ала алады екен. Желіде жарияланатын шығармалар өз алдына, қандай да бір әлемдік сұраныс тудырған жаңа автордың туындысы интернет-дүкендердің сөрелерінде сатылады. Бірақ әлі күнге біздің қоғам үшін интернет-дүкен деген – игерілмеген әлем. Мәселен, айталық, бүгін әлдебір АҚШ жазушысының шығармасы шықты, біздің елге жеткен жоқ, алайда интернеттегі дүкенде оның жарнамасы ілулі тұр. Үйден шықпай-ақ, әлгі кітапқа тапсырыс беріп, үш күннен кейін ол сіздің жазу үстеліңізден табылуы әбден мүмкін. Ол үшін сол кітапты жарнамалаған бетке барып, сондағы көрсетілген адреске өз банк шотыңыздан ақша аударсаңыз, жетіп жатыр. Ал кезінде автордың өз кітабын шекара сыртына шығаруы қаншама мұң болған. Оның салмағын өлшеп, тергеп-тексеріп, қаншама ақша төлетіп, ақыры шыдамы жетпеген жазушы ол ойынан бас тартуға мәжбүр болған. Ал қазір кітаптың өзі келетіні өз алдына, монитор арқылы әлем кітапханасын аралай аласыз. Бүгінде ТМД елдеріндегі оқылымды деген виртуалды кітапханалардың ең алдында – бір күнде 12 мың оқырман кіретін www.lib.ru сайты, екінші – 6 мың оқырманы бар www.exler.ru сайты, одан кейінгі орындарда www.bestlibrary.org.ru, www.stihi.ru, www.morkovka.kot.ru секілді сайттар тұр.
Интернет – шығармашылық жолын жаңа бастаған жас қаламгер үшін жақсы мүмкіндік. Сиясы әлі кеппеген дүниесін оқырманның талқысына тастаған автор көп күтпестен оның бағасын алып үлгереді. Орыстың атақты жазушысы Борис Стругацкийдің өзі: «Болашақ, әрине, электронды кітаптікі. Көп жағынан қағаз кітапқа қарағанда қолайлы: біріншіден, өте аз орын алады да, көп ақпарат сыяды. Қыл аяғы оның дыбысы да шығады ғой. Кітап осыншалықты дамиды деген ой тіпті Гутенбергтің түсіне де кірмеген шығар», – деген.
Алты ғасыр бұрын өмір сүрген ақсақал Гутенбергті қоя тұралық, осы ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан біз электронды кітап дегенді толық түсіне алмай отырмыз. Қазақ тіліндегі интернет сайттары санаулы ғана болып тұрғанда, электронды кітапхананың ауылы бізден алыстау екені айтпай-ақ түсінікті. Бірақ сонда да бізге заман көшінен қалмай, жүріп отыру қажет. Әдеби шығармаларымызды интернет кеңістігіне шығаруды бастап қолға алдық. Бірақ осы тұста айта кету керек, қаншама жақсы жазушы, ақындарымыз қазіргі техника тілін білмегендіктен, бұл әлемнен алыс жүр. Одан қалса, бақилық болған талай ұлыларымыз бар, қолында мүмкіндігі бар жастар сол қағаз бетінде қалған жауһарларды электронды техникаға түсіріп, интернет кеңістігі арқылы әлем оқырманына жол салса... «Өлгеннің тіріліп, өшкеннің жанғаны» сол болар еді-ау.
Электронды кітаптың елесі ғана жүр...
Последние статьи автора