Қазақ халқының сүйікті актерларының бірі Досхан Жолжақсынов Астана арнасының "Сырласу" бағдарламасында баласына ертегі айту әдеті қырғыз актерларының қастандығынан қалай аман алып қалғаны туралы айтып берді.
"Баламды ертегі тыңдауға үйреткеннен бір ажалдан тірі қалдық. Бір жылдары қырғыздың актерларымен киноға түсіп, қырғыздың актерлары көре алмай, біз жатқан киіз үйге қастандық жасаған. Әркімнің жататын киіз үйі бар, мен отбасыммен бір киіз үйдемін. Мен ертеңгі түсірілімді ақылдаспаққа басқа киіз үйде болғанмын, сөйлесеміз деп уақыт кетті.
Кейін келсем Біржаным ұйықтамай "Әке ертегі айтшы" деп жатыр. Содан ұйықтамай ертегіні айтып жатырмын. Таудың бөктері, таза ауа. Ұйқы деген әкетіп бара жатыр. Қалғып кетсем "әке ары қарай" деп қайтадан оятады.
Сөйтіп жатқанда пештен түтін бұрқырап шыға бастады. Қақалып- шашалып, бала -шағамен далаға шыға бастадық. Сырттағылар " Не болды?" дейді. Осылай пеш істемей жатыр дейміз. Елдің бәрі әр жұмыспен кеткен кезде, керегеге өрмелеп, мұржаға қолымды тықсам, жабық. Содан біреуін суырамын, екіншісін суырам. Сөйтсем сол күні ғана аяғымызға берген төрт шылғауды тығып үлгеріпті. Сол менің жатқанымды күтіп тұр ғой. Мен жатқаннан кейін, мұржаға төрт шылғауды тыққан. Балам жаңағы ұйықтап жатса, мен бірге кететін едім ұйқыға. Бәріміз ұйықтап жатсақ, иістен өліп кететін едік. Сол ертегінің арқасында тірі қалдық",- деді актер.