Дирижерлер байқауы жалғасын тапты
Кеше Алматыда Нұрғиса Тілендиев атындағы ІІ республикалық дирижерлер байқауы басталды.
Алғашқы республикалық байқау 2004 жылы өткен болатын. Әртүрлі себептермен үзіліп қалған аталмыш байқау араға сегіз жыл салып, биыл қайтадан өз жалғасын тапты. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Музыка өнері басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, биыл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 16 үміткер қатысып отыр. Олардың көбі – оркестрлермен жұмыс істеп жүрген мамандар. Дирижерлер байқауына ҚР Еңбек сіңірген әртісі Айтқали Жайымов бастаған қазылар алқасы төрелік етеді.
Байқауға қатысып отырған 18 бен 40 жас аралығындағы үміткерлер Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық және филармонияның симфониялық оркестрлерімен жұмыс істейді. Олар Н.Тілендиевтің шығармаларын, батыс классиктерінің әртүрлі жанрдағы туындыларын орындайтын болады.
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өтіп жатқан бұл шара 5 мамырға дейін созылады.