Осы сұраққа жауап беру үшін қаншама история салдым. Тікелей эфирге қосылып, бір қолым талғанда екінші қолымды штатив қылдым. Елдегі бүкіл БАҚ жарыса жазды. Бірақ, көп досым жекеге шығып, “Ереке Димаштың концерті қалай өтті?” деп сұрап жатты. Соған қарағанда, ел толық ақпарат алмаған не сол кештің дәл ортасында болған адамның ой-пікірі қызық. Ендеше, тыңдаңыздар. Концерт сұмдық жоғары дәрежеде өтті. Ең әуелі Barclays center туралы айтсақ, Димаш Мадонна, Бейонсе, Рианна, Пол Маккартни сынды әлемнің мега жұлдыздары өнер көрсеткен сахнада ән шырқады. Залда ине шаншар орын жоқ. Димаштың ғаламат талантының бір көрінісі мыңдаған тыңдарман бір адам сияқты отырды. Ол қалай? Димаш “күлсе күледі, жыласа жылайды”. Бүкіл залды игеріп алды. Құдды сол күні жиналған бүкіл қауымды Димаш басқа бір әлемге алып кеткендей болды. Күйбең тіршілікті бір сәтке ұмытып, ғаламға Құдай(жі)берген асқан талант иесімен саф, таза өнер әлеміне саяхат жасады. Бір жарым жастағы балам да қайта-қайта қол шапалақтап, ән мен әншінің құдіретіне құрмет көрсетіп отырды. Бұл кешке жалғыз Нью-Йорктегі емес, бүкіл Американың әр тарабынан қазақтар жиналды. Елден де арнайы келген жандарды көз көрді. Оны қазақша киімі, сөзі мен қазақы иістен аңғардым. Сосын, қазақша ән салғанда бірінші дүр ете қалатын да осы қандастарымыз еді. Дударайды шырқағанда екі көзге жас келді. Әлем астанасына айналған Нью-Йорк төрінде қара домбыраның күмбірі естілген бізден мүлдем ес кетті. Видеосын көрдіңіздер ғой желіден... Бұл сәтте жанымыздағы бірде орысша, бірде ағылшынша сөйлесіп отырған екі әйел “бұл қандай инструмент?!” деп таңдана сұрағанда “Бұл қазақтың дәстүрлі аспабы домбыра” деп жауап бердім. Кеудемде қуаныш сезімі ойнады. Домбыра әсерінен енді ес жия бергенде Димаш өлең оқыды: Сан ғасырлар тарихынан кешегі, Туған елдің шежіресі еседі, Менің елім Қазақстан, Отаным, Болашағы бізбен бірге өседі. Бұл бір “контрольный” соққы болды. “Енді елге бармаймын” деп жүрген талай қандастың жүрегіне мейірім сепкені анық. Соңғы ән шырқалғаннан кейін де көп ешкім сыртқа асықпады. Енді қашан келер екен деп қимай кетіп бара жатқандай... Өз басым асыға сыртқа ұмтылдым. Сырттан келген қонақтар мен қандастардың пікірін білгім келді. Бір канадалық апа қатты таңғалдырды. Димаштың “ярый” фанаты екен. Димаштың концертіне келуге ақшасы болмағандықтан кредит алыпты, Карл! Кредит! Олар біз тойға кредит алдық десек дәл осылай таңғалатын шығар ә:) Ол кісі Димашты Жаратқан адамдарға жүрегіне сәуле шашу үшін жібергеніне сенеді. Мен де сене бастадым… Ванкуверлік dears-тің сұқбатын пікірдегі сілтеме арқылы оқи аласыздар.
Ербол Молдажанов
Фейсбуктегі парақшасынан