... депті
Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырмандары! Біздің сайттағы «... ДЕПТІ» айдары арқылы назарларыңызға қаламгерлер мен қарапайым халық арасында айтылған әзіл-шыны аралас әңгімелер, кей қалжыңқойлардың оқыстан, дер кезінде дөп басып айтқан сөздерін кезең-кезеңімен ұсынатын боламыз..
Барсам да жөнді қатын болмаспын
Қытайдағы қандастарымыздың бірі қызын өзі сүймейтін біреуге күшпен ұзатыпты. Аттандырар кезде қиғылық салған қызды қазақ салты бойынша жездесі атқа көтеріп салып жатып:
– Ал, бара ғой – депті.
Сонда қыз қомпылдап тұрып:
– Баруын барамын ғой, бірақ жөні түзу қатын бола қоймаспын – депті.
****
Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақ тіліндегі синонимдер», «Абай тілі сөздігі» мен «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірі, ғалым, өмірінің соңына дейін ҚҚР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында қызмет еткен Әсет Болғанбаев әріптесінің анасы қайтыс болғанда айтқан сөзі.
Көңіл айту
Кеңес заманында Әдебиет және өнер институты мен Тіл білімі институты бір шаңырақ көп жылдар бірге жұмыс істеді. Әдебиеттанушы-ғалым Нина Сергеевна Смирнова деген кісінің шешесі қайтыс болып, бір топ тілшілер үйіне көңіл айтуға барады. Ішіндегі үлкені Әсет Болғанбаев болса керек. Басқалары көңіл айтуды соған жүктепті. Орысша көңіл айтуды біле бермейтін Әсекең қазақша сөз бастайды ғой.
– Нина Сергеевна, смерть всем присуща. Сегодня мама умерла, завтра вы умрете, после завтра – мы, – депті. Сонда Н.С.Смирнова: «Лучше завтра ты умри», – деген екен.
****
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 6 сыныпта оқып жүргенінде бір қыста ауыл кітапханасының 150-ден аса кітабын тауысып, ертегілерді айтпағанда, «Батырлар жырын» ортаға ала, А. Пушкиннің 4 томдығын тауысқан Мұзафар Әлімбаев жазушы інісі Кәдірбек Сегізбаевты сынаққа алған сәті.
Оны Тайыр айтқан...
Бір жолы Баспасөз үйінде Мұзафар Әлімбаев бастаған бір топ кісі лифтіге отырған кезде Кәдірбек Сегізбаев сыймай қалса керек. Ол қысылып-қымтырылып кимелеп кірмек болады. Сонда Мұзағаң оған қарап:
– Кәне, осы арада ойланбай бір мысал айтшы, ала кетейік, – дейді.
Кәдірбек те саспастан:
– Жазатыны мақал, өзі сондай нахал! – деп тартып қалыпты.
Ал Мұзағаң болса:
– Оттапсың, оны Тайыр айтқан! Өзіңнен көр. Сен қалдың, біз кеттік, – деген екен.
****
Бір қазан көжемен қытайдың алдына түсеміз деп жүрсіңдер ме?
Қытайдағы қандастарымыздың бір ауылында болған жай. Бірде қытайдың жылда өзгеріп отыратын жаңа жыл мерекесі – «Шаған» қазақтың Наурыз мейрамынан бір күн бұрын келіп қалыпты. Сонда ауылдың ақсақалдары жиналып «наурызды алдын ала өткізейік, кәпірдің соңында қалмайық, алдына түсіп кетейік, бұлардан кейін тойлауға болмайды» деп уағадаласыпты. Сонда бір жігіт жиналған көпшілікке қаймықпай қарап тұрып:
– Әй, аңғал қазағым-ай, бір қазан көжемен қытайдың алдына түсеміз деп жүрсіңдер ме? – деп жиналғанды сөзімен қатырыпты.