Дәстүрлі музыка архаизм емес, оның заманауи түрленуге қақысы бар
Майра Ілиясова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
1 миллион теңге! Бұрын-соңды бас жүлдесі осыншалықты қазақ дәстүрлі ән байқауы өткізілген емес. Бұл – анық! Кейінгі кездері ұлттық музыкаға деген қызығушылықтың азайып, экранда да фольклорлық, этнографиялық кештерден гөрі эстраданың белең алғанын көзіміз көріп жүр. Биыл Алматы қаласында «Мәдениет жылы» деп жарияланғаны естеріңізде болар. Осыған орай, жоғарыдай аталған соманы жүлдеге тігіп, қалалық мәдениет басқармасы Алматы қалалық І дәстүрлі ән орындаушылар конкурсын ұйымдастыруда. Қыркүйектің 16-18 аралығында өтетін бұл байқау «Күміс көмей, жезтаңдай» деп аталады.
Осы конкурстың жай-жапсары туралы толығырақ біз байқаудың ұйымдастырушысы, осы кезге дейін өзінің «Жан анам», «Сағындырған әндер-ай», «Алтын домбыра» сынды бірнеше ірі-ірі жобаларымен қалың жұртшылық жүрегін жаулаған белгілі әнші, продюсер, қазақтың қайраткер қызы Майра Ілиясовамен әңгімелесуді жөн көрдік:
– Атауына қарасақ, дәстүрлі ән орындаушылар байқауы, яғни дәстүрлі деген сөз көз алдымызға домбыра мен қобыз секілді таза қазақы аспаптарды алып келеді. Шынында, байқау нақты қандай негізде, кімдердің арасында өткізілуде?
– Білесіз бе, біз осы дәстүр деген ұғымға келгенде бір нәрседен қателесеміз. Неден? Яғни біз дәстүрлі музыканы архаизм, осы заманға алып келуге болмайтын дүние деп қарайтын секілдіміз. Ал, шын мәнінде, дәстүрлі музыка дамып жатыр. Домбыра үнімен әрленген, байытылған көмкерілген аранжировкалар, сіздіңше, ұлттық музыканың заманауи кейіпке енуі емес пе? Тек домбыра ғана емес, қобыз, шаңқобыз, сазсырнай, жетіген үні жүр бүгін эстрадада. Бүгінде басы «Ұлытаудан» басталатын небір этнотоптар жүр, керемет күйлер мен композицияларды жанды дауыста орындайды. Бұл байқау соның барлығын қамтып, арнайы номинациялар бойынша әрқайсысына жеке-жеке баға береді. Таза домбырамен орындайтын әншілерді бөлек, халық әндерін, халық композиторларының тіпті заманауи да болса ұлттық аранжировкамен орындайтын әншілерді бөлек, сол секілді осы ретте классикалық нақышта да ән орындайтындар байқауда жеке номинация бойынша сайысқа түсірілгелі тұр.
Алматы қалалық дей тұрғанымен, бұл байқау шын мәнінде республикалық ауқымға татымаса, кем түспесі анық. Себебі барлық өнер ордалары, өнерге баулитын оқу орындарының барлығы осында орналасқан яғни, бір сөзбен айтқанда, Алматы – өнер мен мәдениеттің кіндігі. Сондықтан Алматыда алғаш рет осындай күллі өнердің, оның ішінде ұлттық бағыттағы музыканың басын қосып, байқау өткізуді ұйымдастыруға ұсыныс жасағанда, қуана қабылдадым. Осыған дейін «Алтын домбыра» сынды, тағы басқа да ауқымды жобаларды өткізген тәжірибем болғандықтан шығар деп түйдім.
– Байқаудың басты мақсаты не? Мұны сұрап жатқан себебім, қазіргі кезде байқаудан кенде емеспіз: түрлі сайыстар да, тележобалар да өтіп жатыр. Бірақ «іс бітті, қу кетті» дегендей, байқау бітеді, бас жүлдегер анықталады да, болды содан соң ол көкжиектен жоғалады. Көрермен бастапқы кезде іздейді, кейін тіпті сондай бір әнші, жеңімпаздың барын да ұмытып кетеді. Осы жағына мән бердіңіздер ме бұл байқауда?
– Бірден айтайын, байқаудың басты мақсаты жеңімпазға бір миллион теңгені ұстата салу емес. Мұндағы мұрат – биік, ол – ән-жыр, терме-толғаулар секілді ұлттық рухани құндылықтарымызды насихаттап, төл өнерімізді заманауи үлгімен ұштастыру болып табылады. Бүгінгі ұрпақтың арасында, шыны керек, өнерге өзге елдің, өзге жұрттың әнін алып келіп, оған не өзі, не өзгелер түсінбей жататындары аз емес. Бұл олардың ұлттық салт-дәстүр, ұлттық тәрбие, ұлттық өнермен жөргегінен таныс болмағандығынан да шығар. Көкірек сарайы төл дәстүріне толы адамның өзгенің «қаңсығын» таңсық көруі мүмкін емес. Біз, міне, дәл бүгінгідей саны бар сапасы жоқ әндер белең алып кеткен заманда «анау жаман» деп құр айғайға салмай, осылай өз жақсымызды дәріптеу арқылы ғана ахуалды түзей аламыз. Яғни, сана-сезімге сіңірмей, ақылға қондырмай, ештеңені түсіндіре алмасымыз анық. Халық қазынасы – халық әндері, ел арасынан шыққан саф таланттардан қалған дүниелер. Ендеше біз бүгінгі өнер мен ақпарат кеңістігін ең бірінші кезекте солармен толықтыруымыз шарт. Ал ол тек алтын қордағы мұрағатпен толықпасы анық, оны бүгінгі әншілер өз репертуарларына енгізу арқылы да байытуға тиіс. Біздің қазіргі кезде де өзімізбен өмір сүріп жатқан Еркеғали Рахмадиев, Ілия Жақанов, Кеңес Дүйсекеев сынды ағаларымызды да мен сол саф алтындай қазақ музыка өнерінің бір шоғырынан қалған көз деп білем. Біз осы ағаларымыздың әндерін де кеңінен насихаттап, заманауи үлгіде жаңғыртуға тиіспіз. Кейде маған осы кісілер есті ән жазатын композиторлардың соңы секілді көрініп кетеді, бейне одан кейін тоқтап қалатын сияқты. Бірақ менің үмітімді жалғайтын бір-екі есім – Тұрсынжан Шапай мен Арман Бексұлтан. Жалпы, қазақ әні, дәстүрлі музыка деген тұрғыда өз қаупімді, жалпы осы салаға көңілдің аз бөлініп жатқаны жайлы назымды мен «Алтын домбыраны» өткізіп жүрген кездерімнің бірінде қалалық әкімшілікке айтқаным бар. Соның жақсы нәтижесі мінекей өздеріңіз көріп отырғандай «Күміс көмей, жезтаңдай» өткізуге әзірміз. Бастапқы сіздің сауалыңызда айтылған қауіпті сейілтейін, гала-концерт Қазақстан Ұлттық телеарнасы арқылы түсіріліп, видео және СD бейне материалдар арқылы жарыққа шығады.
– Бұл көкейге қонымды екен, расында. Ал енді байқауға оралсақ, мейлі қандай номинацияда орындасын, барлығы бір ортақ нүктеде, яғни, ұлттық музыка деген тұрғыда қиысады екен. Олай болса, жалпы қатысушыларға қандай талаптар қойып отырсыздар? Репертуарлық, сахналық, т.б тұрғыдан?
– Ең бірінші, жас тұрғысынан талап, байқауға қатысушы 18-30 жас аралығында болуы шарт. Әншінің сахналық ұлттық киім ерекшелігі мен сахналық мәдениетіне аса жоғары назар аударылады. Бас жүлдесіне де анау-мынау емес, бір миллион теңгенің тігіліп отырғаны айтарлықтай қуаныш. Және мейлі бір тиын болсын, адам оны айтарлықтай тер төгіп, жан-жақты дайындалып барып, қол жеткізгенде ғана оның тәтті дәмін сезінеді. Әділқазылардың іріктеуі қыркүйектің 16-17-сіне өтеді, айта кету керек, қазылар алқасының құрамы мемлекеттік орган өкілдерінен, өнердің көрнекті қайраткерлерінен құралады, оны Алматы қаласы әкімдігі, мәдениет басқармасы бекітеді. Қыркүйектің 18-і күні кешкісін Республика сарайында осы екі күні іріктеліп шыққан мықтылар қала әкімінің алдында өз өнерлерін көрсетіп, лайықты жүлделерімен марапатталады.
Түйін: Әндеткен даусы алты қырдың астынан естілген Ақан сері, Біржан сал, Әміре, Нартай, Жүсіпбек, Ғарифолла, Дәнеш, Жәнібек сынды саңлақтарын елі әлі ұмытқан жоқ. Әлемнің қандай байлығына болсын, айырбастағысыз олардың үні алтын қорда сақтаулы. Саф өнерді сақтап қана қою аз, оны дамытып, бүгінгіге жалғастырмасақ, өз үніміз бен әніміз өзімізге өгей болып, өзгенікін жанымызға жақын тұтып кету қаупі зор. Тіпті соның аз ғана алдында тұрғанымыз ащы да болса, шындық. Ендеше «Күміс көмей, жезтаңдай» дер кезінде қолға алынып, бүгінгі ұрпақтың өз ұлттық классикалық дәстүрлі орындаушылық шеберлігін қазіргі заманауи үлгімен ұштастыруына қозғау салады деп үміттенеміз.