Дарынды дирижер
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрі дегенде жүрегімізде бір сезімнің жылт ете қалары анық. Бірде құйқа тамырыңды шымырлата, қаныңды тулатса, енді бірде жүрегіңді елжіретіп, әсем әуеннің бесігіне бөлейтін күмбірлеген күйі бала кезден құлағымызға сіңіп қалған. Бүгінде бұл оркестр өзінің өнерімен дүниежүзін таңғалдырған ұжым ретінде белгілі.
Қазақ музыка өнерінің дарабозы Ахмет Жұбановтың бастамасымен құрылған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің қатысуымен дирижер Мүсілім Әмзе таяуда ғана концерттік кешін өткізді. Концертке жеке орындаушылар – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Батыржан Мықтыбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина қатысты.
Мүсілім Әмзенің әркез оқу, іздену, үйрену үстінде жүретіні сүйсінтеді. Еліміздегі ең жоғарғы музыкалық оқу орнын үш мамандық бойынша тамамдауы Мүсілімнің білімге деген құштарлығын, еңбекқорлығын көрсетпей ме? Негізінен, бүкіл бір оркестрдің шығармашылық жетістігі жалғыз дирижердің музыкалық қабілеті мен ұйымдастырушылық шеберлігіне, қажыр-қайраты мен еңбекқорлығына тікелей байланысты. Дирижердің көңіл күйі мен көкірек көзі ғана емес, қолы мен саусағы жаңылса – оркестр ақсайды деген сөз. Кешегі өткен концерттің табысты өткені осы қағиданы тағы бір растады. Оркестр мен дирижердің, жеке орындаушылардың тұтастай бір тірі ағзаға айналғанын, әрқайсысының жүрегі бір ырғақта соғып, көзқарас, қимыл-қозғалыстары бірдей әрекет еткенін аңғардық. Бұл орайда дирижер еңбегінің орасан зор екенін айтпасқа болмас. Оркестрдің басты фигурасы дирижер десек, Мүсілім Әмзенің көзқарасы мен ишарасына бағынған музыканттар әр шығарманы ерекше таза, әсерлі де жігерлі орындап шықты. Алдыңғы қатардағы домбырашылар мен қобызшыларды айтпағанда, екінші, үшінші қатарда, тіпті көрерменге көрінбей, соңғы қатарларда отырған музыканттардың қайсысы сыбызғыны сызылтып, қайсысы сырнайды сөйлетіп, қайсысы дауылпазды дауылдатып отырғанын аңғару қиын емес еді. Қазақ классикасы мен шетелдік музыка болсын, танымал халық әндері болсын, Құрманғазы оркестріндей атақты оркестр мен елге көп таныла қоймаған дирижерге бағынбайтын музыка жоқтай көрінді. Ахмет Жұбановтың «Би» күйімен басталған концертте Раздықтың «Аңшының зары», Сүгірдің «Ыңғай төк», Тұяқберді Шәмеловтің «Ақ желеңі», Нұрғиса Тілендиевтің «Менің бабам – Қарасай», Жамағат Темірғалиевтің «Бабалар үні», Махамбеттің «Жұмыр қылышы» (жеке домбырада – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Батыржан Мықтыбаев), Әшімтайдың «Қоңырқазы», Айтқали Жайымовтың «Ереуіл атқа ер салмайы», Сыдық Мұхамеджановтың «Классикалық күйі», Базарбай Жұманиязовтың «Серпін» сынды басқа да бірқатар шығармалар әуелей қалықтады. Күйдің бірі делебеңді қоздырса, екіншісі ойлантты, үшіншісі тербетті, төртіншісі серпілтті... Осының бәрі, әрине, дирижердің «сиқырлы таяқшасының» ықпалымен жүзеге асып жатты. Оркестрдің орындауындағы Пьетро Масканьидің Cavalleria Rusticana операсынан прелюдиясы және Жорж Бизенің «Арлезианка» сюитасынан фарандоласы қазақ ұлт аспаптарында ерекше жанып кеткендей әсер алдық. Бұл шығармаларды оркестрге лайықтаған Мүсілім Әмзенің өзі екенін айта кеткеніміз жөн болар.
– Ұлт аспаптар оркестрінің колориттік, яғни ұлттық нақыштағы мүмкіндігі орасан зор. Оның шығармашылық амплитудасы өте кең, тек әрбір аспаптың табиғи үнін, мүмкіндігін дұрыс пайдалана білу керек. Музыкалық палитраны кеңейту үшін эксперименттер жасаудан қорқудың қажеті жоқ. Тек өзіңнің не жасағың келетінін, қалай жасағың келетінін анық біліп, әр аспаптың үні мен әрбір нота көкірегіңде сайрап тұруы керек, әр дыбысты жүрегіңмен тыңдай білуге тиіссің...– дейді дирижердің өзі. Иә, дирижер тек оркестрдің бірдей ойнағанын қадағалаушы емес, ол – композитордың ой-идеясын, мақсатын, әуен ырғағын жеткізуші. Бұл ретте Мүсілімді жүрегіне күй тұнған дирижер десек қателеспеспіз.
Бұл кеште барлық өнерпаз: оркестр де, дирижер де, жеке орындаушылар да жиылған қауымға қуаныш сыйлап, ұлттық музыка нәрімен сусындатты. Оркестрдің шығармашылық деңгейінің әркез өсуі – дирижердің тікелей қажыр-қайраты мен шығармашылық қуатының жемісі екені сөзсіз.
Қаперге
Мүсілім Әмзе Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданында дүниеге келген. 1995 жылы Қызылорда музыкалық колледжінің контрабас және домбыра мамандықтарын қатар бітірген. 2000 жылы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваториясы халық аспаптары факультетінің домбыра класын және оркестр факультетінің контрабас класын бітірген. 2010 жылы осы оқу орнын опералық-симфониялық дирижерлеу мамандығы бойынша аяқтаған. А.Жайымов, Е.Исаметов, Т.Әбдірашев, Б.Жаманбаев сынды білікті ұстаздардан дәріс алған. Шығармашылық жолын артистік қызметтен бастаған ол бірқатар оркестр құрамында еңбек етті. 2007 жылдан А.Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебінің симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері, 2008 жылдан ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің және Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің екінші дирижері қызметін атқарады. 2010 жылдан бері Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері. 2011 жылы П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері қызметіне шақырылды. 2008 жылы дирижер В.Папянның жетекшілігімен Ашдод симфониялық оркестрінде (Израиль) және 2009 жылы Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясында тәжірибеден өткен. Республикалық жас орындаушылар конкурсының (Алматы,1994), Қ.Ахмедияров атындағы күйшілер конкурсының (Алматы,1996) лауреаты және I Халықаралық Н.Тілендиев атындағы дирижерлер конкурсының (Астана, 2008) дипломанты.