Даналар туралы жаңа басылым
Өткен жылдың соңына таман Орал қаласында «Дана.kaz» деп аталатын республикалық тарихи-танымдық журналдың тұсауы кесілді. «Қазақ баспасөзінің қатарын толықтырған жаңа басылымның басты мұрат-мақсаты – ұлт тарихының, өлкенің, халқымыздың жоғын түгендеп, жастарға патриоттық тәрбие беру ісіне үлес қосу. Журнал шығару идеясы – туған жердің тарихына деген перзенттік махаббаттан, ізгі ниеттен туған бастама», – дейді басылымның бас редакторы, журналист Қазбек Құттымұратұлы.
«Дана.kaz» журналының желтоқсан айында тұсауын кесіп, оқырманға таныстырылуы тегін емес екен. Желтоқсан – әу бастан қазақ үшін қастерлі ай. Осыдан 95 жыл бұрын, дәл осы желтоқсан айында Алашорда автономиясы құрылған еді. 1986 жылы қазақ жастары желтоқсанда қылышынан қан тамған кеңестің өктемдігіне қарсы шығып, еркіндік сұрады. Дәл осы желтоқсан айында, 1991 жылы ата-бабамыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздікке қолымыз жеткені белгілі.
Басылымның алғашқы нөмірі сонау 1940 жылдары Батыс Қазақстан облысы Жалпақтал өңірінің тумасы Ғұбайдолла Әнесовтің жетекшілігімен құрылған «Қазақ халқын қорғаушылар одағына» арналған екен. Ұлы Отан соғысы басталардан сәл бұрын, кеңестік дәуірдің қылышынан қан тамған қаһарлы кезінде осындай ұйым құрылып, құрамындағы 17 мен 23 жас аралығындағы балғын 14 боздақтың құрбан болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Осы одақтың іс-әрекеті, бастамасы, құрамында болған Ғұбайдолла Әнесовтей батырларға отандық тарихта лайықты баға берілмей, республика түгіл, өз өлкемізде дұрыс насихатталмағандығы айтылады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, журналдың бас редакторы:
– «Дана.kaz» танымдық басылым болғаннан кейін, өзіміздің жергілікті жердегі, халыққа жақын, ауызекі айтылып жүрген әңгімелерді, оқиғаларды қамтуға мүмкіндік бар. Тағы бір айтарым: ел ішінде ауызша айтылып, шашырап жүрген қымбат қазына, қолжазба, жәдігер мол. Сондықтан оқырмандар, ел арасындағы шежіре жинап, өлке тарихын білетін жандар бізге хабарласып, қолындағы құнды дүниелерді журналымызға жариялауына мүмкіндігі бар. Әркімнің сандығының түбінде жатпай, халыққа жарияланғаны, насихатталғаны дұрыс деп есептеймін. «Құлпытастың кілтін ашайық» деген айдарды ашудағы мақсатымыз: бүгінде қаншама құлпытастағы жазуларды оқи алмай жүрміз. Жақсы сапалы түсірілген суретімен бізге жолдаса, редакциямызбен тығыз жұмыс істейтін діни сауатты азаматтар аударуға қол ұшын береді. Журналдың келесі нөміріндегі «Махаббат аралы» атты айдарында Хамза Есенжанов пен Софья анамыздың арасындағы жұбайлық қарым-қатынас туралы, 100 жыл бұрын шыққан «Қазақстан» газеті туралы қызықты, танымдық материалдар жарияланады.