Бүлдіршіндер мәнерлеп оқудан сайысты
«Баланы тәрбиеші дәл өзіндей қылып шығармай, заманына лайық етіп шығаруы керек» деген Мағжан Жұмабаевтың аталы сөзін негізгі ұстанымына айналдырған Астана қаласындағы «Әсем-ай» балабақшасының тәрбиешілері тағылымды шара ұйымдастырды.
Балабақша тәрбиешілері мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің танымын дамыту мәнерлеп оқуға да байланысты деп санайды. Осыған орай, бүлдіршіндердің бойына патриоттық сезім қалыптастырып, өнерін көпшілікке таныту мақсатында «Кел, балалар, оқылық!» деген атаумен байқау өткізді. Шараға Астана қаласының Білім беру басқармасы мұрындық болып отыр. Байқауға қаланың Сарыарқа, Алматы және Есіл аудандары балабақшаларының 5-6 жастағы бүлдіршіндері қатысып, қазақтың інжу-маржандарынан, ақындардың өлең-жырларынан үзінді оқыды.
«Байқаудың басты мақсаты – ана тіліміздің байлығын бүлдіршіндердің бойына сіңіріп, сонымен қатар отансүйгіштікке баулитын және классикалық шығармаларды насихаттау. Ең бастысы, өлеңді мәнерлеп оқуға жаны жақын балапандарымыздың талабын жігерлендіру және оларды көпшілік алдына шығару еді. Жас балдырғандардың тиянақты, жүйелі жауап беруіне, топ алдында еркін сөйлеуіне тәрбиешілер де біраз еңбек сіңірді», – дейді «Әсем-ай» балабақшасының меңгерушісі Анар Смакова.
Жас талапкерлердің бабын «Балалар шығармашылығы» журналының бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері Ә.Жақыпұлы, «Алаш айнасы» газетінің өкілі Э.Еркінбекова, Астана қаласының Білім беру басқармасының мектепке дейінгі тәрбие әдіскері Ж.Дүйсенова және қазақ тілі пәнінің әдіскері М.Қаламова құраған қазылар алқасы бағалады. Қорытынды нәтижесінде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озған кішкентай жеңімпаздар диплом, сертификаттармен марапатталды.
Жанар ДҮЙСЕНОВА, Астана қалалық білім басқармасының мектепке дейінгі бөлімінің әдіскері:
– Негізінде, екпінді дұрыс қоя білу, оқу мәнерін меңгеру, дауысты сөйлемдегі ой мазмұнына сай баяу, жігерлі оқу немесе тілек, сұрақ, көңіл күйді көтеріңкі үнде оқу бүлдіршіндердің танымын дамытады. Сөйлеу мәдениетін қалыптастырады. Мәнерлеп оқуға балалардың жасына қарай жеңіл мәтіндер алынды. Бұндай шараларды жиі өткізіп тұру керек деп ойлаймын.
Айна ЖЕКСЕБАЕВА, Қазақстан Президентінің іс басқармасының медицина орталығы «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі:
– Мәнерлеп оқу – мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің таным әрекетіне әсер етеді. Бала ойының жалпы дамуы осыған байланысты. Мәнерлеп оқу әрекеті – күрделі, жан-жақты үрдіс. Сондықтан баланың барлық әрекетін, рухани күшін қажет етеді. Десек те, баланың өздігінен оқуы ақыл-ой дағдыларын қалыптастырады.